Жаңасын меңгермесе...

Алдымен аймақ басшысы аудан орталығындағы аграрлық-техникалық колледж студенттерімен жүздесті. Айта кету керек, бұл оқу орны былтыр жергілікті ірі шаруашылықтардың бірі – «Оразбаев» шаруа қожалығына сенімді басқаруға берілген болатын. Бүгінде мұнда білім алатын 135 студент оқумен қатар шаруашылықта тәжірибеден өтеді. Бұл тәжірибе уақыты аймақ басшысының тапсырмасымен көктемгі егіс пен күзгі жиын-терім кезімен сәйкестендіріліпті. Колледж басшылығы мұндай қадам білім алушыларға тәжірибе жинау үшін айтарлықтай тиімді екенін атап өтті.

Дегенмен, жұмыс барысымен танысқан облыс әкімі оқу жүйесі әлі де ескі күйінде екенін сынға алды. Мәселен, ауыл шаруашылығы техникаларын бұзып-жинауды үйрету бұрынғыша жүргізіледі. Б.Бақауов арнайы компьютерлік бағдарламамен түсіндірудің дәуірі жеткенін, нарықтың сұранысына икемделу қажеттігін ескертті.

- Колледжді сенімді басқаруға бердік. Өйткені, әр колледжді шаруашылықтарда бар ең озық техникамен қамти алмаймыз. Енді жаңа мамандықтар атласын әзірлеу керек. Нарықта қай мамандыққа сұраныс басым екенін де ескеру қажет. Мәселен, дәнекерлеушілер оқытылса, олар аргонды дәнекер-леудің қыр-сырын біліп шығуы тиіс. Әйтпесе, бәсекеге қабілетті болулары екіталай, - деді облыс әкімі.

Жастармен кездесу аудандық мәдениет үйінде жалғасын тапты. Мұнда жастар жоба-жоспарларымен бөлісті. Ауданда 3 мыңға жуық жас бар. Оларға кәсіпкерлікке баулуға бағытталған «Жас шебер» бағдарламасымен кәсіп ашуға кеңес берілді. Ертіс ауданына биыл 505 мың теңгелік 40 грант қарастырылып отыр. Бүгінде 60 азаматтан өтініш түсіпті. Мария есімді жас грант алып, ауылында наубайхана ашуға ниетін білдірді. Б.Бақауов бизнеске бет бұрғанда нарықты жақсылап зерделеу қажеттігін есіне салды. Себебі, ертеңгі күні бәсекелестері өнімнің бағасын төмендетіп жіберсе, жас кәсіпкердің тақырға отырып қалу қаупі бар. Сондықтан тауы шағылып қалмау үшін бизнес жоспарды, айналаны жақсылап зерттеу керектігі айтылды. Ал тағы бір азаматтың кәсібі бойынша бүгінде ауданда ешбір бәсекелесі жоқ. Ол зираттарға күтім жасау қызметін ұсынып отыр. Жас азаматтың айтуынша, алысқа көшіп кеткен туыс-туғандары ауданда қалған зираттарды ретке келтіріп отыруға жиі тапсырыс береді екен. Бұл салада тәжірибесі бар азамат грантқа қажетті жабдықтар сатып алуға ниетті. У.Хасанов ұялы телефондар жөндейтін шеберхана ашуға бел буып отыр. Жастарға берілетін қайтарымсыз қаржыға құралдар алсам, аудан тұрғындарының телефонын жөндету үшін қалаға қатынауына жол бермес едім, дейді ол. Облыс әкімі қызмет көрсету саласында шекара жоқтығын, сондықтан осы бағытта жастарға іздену керектігін атап өтті.

Кездесуде мемлекеттен грант алып, кәсібін дөңгелетіп отырған жарқын мысалдар да келтірілді. Мәселен, Р.Смаилов былтыр қайтарымсыз қаржы алып, қоян өсіруді бастаған. Бүгінде ісі алға басыпты, алғашқы өнімін алдағы күзде тапсырып, табысқа кенелмек.

Еңбекпен келген нан - тәтті

Аймақ басшысы Болат Бақауов Ертіс ауданындағы көпбалалы аналармен де кездесті. Нақтысы, жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік жәрдемақы алатын аналардың өтініш-тілектерін тыңдады. Бүгінде ауданда 102 көпбалалы отбасы аталмыш көмекке қол жеткізген. Бұл мақсатқа 24,9 млн. теңге бөлініпті. Былтырмен салыстырғанда мұндай жәрдем алатындар қатары 2,7 есеге өскен. 11 отбасының кіріс көлемі тиісті деңгейден асып, оларға атаулы әлеуметтік көмек беруден бас тартылған. Бұл ретте, облыс әкімі әр отбасының жағдайымен жеке танысу қажеттігін ескертті. Жалпы, биыл көпбалалы отбасыларға көмек ретінде көмір сатып алуға берілетін ақы 12 мың теңгеден 25 мың теңгеге көтеріліпті. 21 отбасыға цифрлы арналарды қабылдай алатын арнайы құрылғылар орнатылған. 553 оқушы тегін тамақтандырылуда.

Облыс әкімі бүгінде Президент, Үкімет және жергілікті билік көпбалалы аналарға барынша қолдау көрсетуге ниетті екенін атап өтті. Осы ретте, аналарға мемлекеттен жеңілдікті несие алып, кәсіп ашудың жолдары түсіндірілді. Әр қаржылық институт мемлекеттік қолдаудың тетіктерін баяндады. Мемлекеттен қайтарымсыз негізде көпбалалы аналарға 505 мың теңге қарастырылып жатқаны айтылды. Оған қол жеткізу үшін отбасылардың атында несие болмау керек көрінеді. Сондықтан, осы жағын реттеп алу керек, деді облыс әкімі.

Аймақ басшысы аналарға құндылықтарды қайта пайымдау керектігін, кейбір қажеттіліктерді кейінге қалдыруға болатынын еске салды. Түрлі бағдарламалар қолға алынғанын, бастысы, оларды пайдалана білу қажет, деді облыс басшысы. Жалпы, еңбекпен келген нанның тәтті болатыны ескертілді.

Алқапты аралады

Б.Бақауов Ертіс ауданының шаруа-ларының жағдайымен де танысты. Алқаптарын аралап, көктемгі егістің қалай жүзеге асқанын біліп қайтты. Мұнда «Оразбаев», «Талапкер» шаруа қожалықтары мен Абай атындағы ЖШС-нің егістіктерін қарап шықты. Шаруалар ауа райы аса кедергі келтірмегенін, көктемгі егіс уақытылы аяқталғанын айтты. Көбі жаңа технологиялар қолдануға көшкен. Техникаларын да көптеп жаңартуда. Жанар-жағармаймен қамтуда да еш қиындық болмағанын атап өтті. Голубовка ауылында Абай атындағы ЖШС басшысы Н.Миллер былтыр іске қосқан ет өңдеу кәсіпорнын көрсетті. Жаңа өндіріс орны бүгінде түрлі шұжық, жартылай фабрикат шығаруда.

Сонымен қатар, Панфилов-Бестөбе ауылдарын жалғайтын жол құрылысымен де танысты. «Аза» фирмасы мұнда 21 шақырымдық жолды жаңадан төсеуде. Әр шақырымына 120 млн. теңге жұмсалуда. Облыс әкімі жөндеу ресайклингпен жүргізілгенде әлде-қайда көп қаржы үнемдеген болар едік, деді. Осындай қателік салдарынан жоба қымбатқа түсіп отыр. Ресайклинг тәсілі қолданылса, бір шақырымға небары 30 млн. теңге қажет болар еді.

Көңіл көншітпеді

Сапар соңы аудан әкімінің есебімен түйінделді. Аудан басшысы Серік Батырғожинов биыл атқарылған жұмыстарын баяндады. Алайда, аймақ басшысы оң көрсеткіштерді ғана тізген аудан әкімінің жұмысын сынға алды. Облыс әкімі үш жылда кері кеткен көрсеткіштерді мысалға келтірді. Мәселен, Ертіс ауданы даму жағынан ағымдағы жылдың алғашқы тоқсанында 12-орында.

Жартыжылдықта жақсаратын түрі жоқ, деді Б.Бақауов. Бизнес жүргізу жеңілдігі жағынан елімізде 196-шы орында. Үш жылда 3 689 адам көшіп кеткен. Жалпы, аудан экономикасына инвестиция 2016 жылмен салыстырғанда 126 пайызға өскен, бірақ оның басым бөлігі – бюджеттік қаржы. Сүт өндірісі 44 пайызға кеміген. Бес айда инвестицияның нақты көлем индексі 1,6 пайызға өскенімен, өзге аудандармен салыстырғанда көлемі Аққулы ауданынан ғана алда. Бөлшек сауда айналымы 11,1 пайызға азайған. Шағын және орта бизнесте еңбек ететін адамдар саны былтырмен салыстырғанда 244 адамға кем. Бұл салада өндірілген өнім көлемі 14 пайызға төмендепті.

- 2017 жылы сапарым кезінде БЖК-2020 бағдарламасы бойынша сатып алынған үйлерді жөндеп, үлестіруді тапсырған болатынмын. Үшінші жыл кетті, олардың бірі де орындалмаған. Ленин, Ағашорын және Голубовка ауылдарында 9 үй қаңырап тұр. Елімізде көпбалалы отбасыларға үй жетіспей жатқанда, Ертіс ауданында 10 көпбалалы отбасы кезекте тұрғанда бұл іс еш шеңберге сыймайды, - деді облыс әкімі.

Сондай-ақ, аймақ басшысы МТС құруды тапсырғанын, оның да орта жолда құрдымға кеткенін сынады. «Дипломмен - ауылға» бағдарламасымен үш жылда 118 маман келіп, мемлекеттік қолдау көрген. Бірақ кейін олардың 25-і кетіп қалған. Баспаналы болуға 0,1 пайыздық несие алған 20 маман қарызын төлеуді кешіктіруде. Үш жылда өндірісте небары 23 жаңа жұмыс орны ашылған. Облыс әкімі әлі де орындалмағандарын тізе беруге болатынын, шаршаған жағдайда аудан басшысына өтініш жазуға жол ашық екенін кесіп айтты. Өйткені, бүгінде әрнәрсені сылтауратып, мәселелерді үйіп қоюдың дәуірі өткен, деді.

 

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ

Ертіс ауданы.

saryarka-samaly.kz