Демалушылар тарапынан зор сұранысқа ие аймақ – Жасыбай көлі. Былтыр мұнда инфрақұрылым жұмыстары жүргізіліп, жағалау маңы көріктендірілді. Сондықтан болар, туристік маусымның алғашқы күні-ақ келушілердің қарасы қалың. Жалпы, Баянауылдағы табиғи орындарда күніне шамамен 5 мың адам демалуға келеді.

Ауданға арнайы барған аймақ басшысы Болат Бақауов «Сұлтан», «Баянтау» және «Золотые пески» демалыс орындарында келушілерге жасалған жағдайларды саралады. Алғашқы екеуінің бүгінгі жұмыс барысы мен алға белгілеген жоспарлары оң бағаланса, таяуда пайдалануға берілуі тиіс «Золотые пески» базасының жағдайы көңіл көншіте қоймады. Бөлмелер мен дәліздердің тарлығы туристерге қолайсыздық тудыруы әбден мүмкін. Демалыс орнының өкілдері кәсіпті енді бастап жатқанын алға тартып, олқылықтың орнын толтыруға уәде берді.

Ал судағы спорт түрлерін ұнататын тұрғындар үшін Сабындыкөл жағалауы таптырмас демалыс орны болмақ. Себебі мұнда судағы шаңғы және виндсерфинг сияқты экстремалды спорт түрлерімен айналысуға болады. Бұл ретте арнайы мамандар оқу жұмыстарын жүргізіп, қауіпсіздіктің алдын алу шараларын жүргізеді. Құралдардың жарамдылығын алғаш-қылардың бірі болып облыстық туризмді және спортты дамыту басқармасының басшысы Марат Айдашев сынап көрді.

Бірақ, Торайғыр көлінің жағала-уындағы жағдай аса мәз емес. Табиғаты ерекше әсем бұл жердегі инфрақұрылым сын көтермейді. Жергілікті кәсіпкер, ҚР еңбегі сіңген жаттықтырушысы Ерлік Жарболов туристер санын арттыру үшін алдымен жол мәселесін шешу керек дейді.

- Бұл аумақта сақ қорғандары, Сұлтанмахмұт Торайғыровтың кесенесі бар. Осындай тарихи орындарды тамашалап, көлдің жағалауында демалу үшін аптасына 50-ге жуық адам келеді. Өкінішке қарай, оларға қолайлы жағдай жасау мүмкін болмай тұр. Су мен кәріз жүйесі бірнеше демалыс үйіне ғана тартылды. Жұмыстарды жалғас-тыру үшін құрылыс материалдарын жеткізу керек. Ал жүк көліктері көлдің маңына келер емес. Себебі жол жоқ, - деді Е.Жарболов.

Туристер жиі баратын Қоңыр әулие үңгіріне апарар жолдың жағдайы да нашар. Жаңбыр жауса, жағдай тіпті қиындайды. Аймақ басшысы осы жайтты сынға алып, жолдың мәселесін тез арада шешуді тапсырды. Оған қоса, Қоңырәулиеге апаратын жолға бағыттайтын белгінің әбден тозығы жеткен. Әсіресе, іңірде туристер бұл көрсеткішті байқамай, бағытынан жаңылуы мүмкін.

Сапар барысында Болат Жұмабекұлы Мырзашоқы тауына да барды. Осы жылдың басында мұнда тау-шаңғы базасы іске қосылып, Баянауыл туристерді қысы-жазы қабылдайтын аймаққа айналған еді. Қазіргі уақытта су бұрғылаушы жұмысшылардан басқа ешкім жоқ. Осы жазда таудың етегінен су көзін тауып, жол салу жоспарланып отыр. Инфрақұрылым тартылса, қараша айында-ақ базаның екінші маусымын іске қосуға болады.

- Кейбіреулер Баянауылдағы туристік маусым екі-үш айдың дересі деп қана ойлайды. Олай емес. Мұнда жыл-он екі ай бойы демалушылар келуі керек. Ал ол үшін жол, су, басқа да мәселелер оң шешімін табуы тиіс. Өкінішке қарай, қазіргі уақытта мұның барлығы жоғары деңгейде деуге келмейді. Демек, жергілікті әкімдік пен «Баянауыл» ұлттық табиғи паркін ауқымды іс күтіп тұр, - деп қорытындылады Б.Бақауов.

 

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА

Баянауыл ауданы.

saryarka-samaly.kz