Шара еліміздің 1 шілде - Ұлттық домбыра күніне орай ұйымдастырылды. Музей меңгерушісі Ерлан Рахымовтың сөзінше, қорда ұлттық аспаптардың бірнеше түрі сақталған. Әсіресе, ондағы домбыралардың тарихы әрқилы. Елімізге белгілі ақындар мен әншілер ұстаған домбыралар және ұлт аспаптарының қыр-сырын терең меңгерген шеберлердің туындылары тұр. Солардың қатарынан әйгілі жерлесіміз, ақын, импровизатор Құдайберген Әлсейітовтің, әншілер - Темірболат Арғынбаев, Байғабыл Жылқыбаевтардың домбыраларын көруге болады. Сонымен қатар, қазақ қобызының атасы атанған қазақ музыкалық аспаптарының хас шебері Қамар Қасымовтың, Шәкен Рақышевтың және Мәуия Әбікеевтің қолынан шыққан туындылар өткеннен сыр шертеді. Бұдан бөлек, Қылышбек Құрмантегі, Нұрлан Апушев, Нұрлан Рақышев сынды кейінгі шеберлердің туындылары көрме төрінен орын алған.

- Біздің қорда сақталған аспаптардың арасындағы ең ерекшесі – Құдайберген Әлсейітовтің тұмар домбырасы. Үш бұрышты аспап қоржынға салып алып жүруге ыңғайланып жасалған. Яғни, жиналмалы домбыра. Музейге қызы әкеліп тапсырды. Мұндай домбыра Байғабыл Жылқыбаевта да болған. Бірақ, ол бізге жетпеді. Сонымен қатар, бүгінгі өнерпаздар көп ұстай бермейтін қалақ домбыра да бізде сақталған. Оның сыртқы пішіні қалаққа ұқсас болған соң осылай аталып кеткен. Бұл домбырамен кезінде біздің Арқаның сал-серілері ән салған, - дейді Ерлан Рахымов.

Шара барысында Жанғабыл Сәбиев, Тұлыбек Армиянов сынды дәстүрлі әншілер әуелетіп ән салса, жас домбырашы Фаиз Назмутдинов құйқылжыта күй тартып, кештің сәнін келтірді.

 

Тілеуберді САХАБА

saryarka-samaly.kz