- Айнұр Аташбекқызы, Елбасы 2025 жылға дейін қазақ жазуын латын әліпбиіне кезең-кезеңмен көшіру қажет деген міндет жүктегені белгілі. Қазір қандай деңгейде тұрмыз?

- Латын графикасына көшу реформасы Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласынан басталғаны белгілі. Осы бағдарлама негізінде ҚР Премьер-Министрінің өкімімен жаңа әліпбиге 2025 жылға дейін кезең-кезеңмен көшірудің іс жоспары бекітілді. Бұл жоспардың өзі үш кезеңнен тұрады. Яғни, біріншісі – 2018-2020 жылдары, екіншісі – 2020-2023 жылдары және соңғысы – 2023-2025 жылдар аралығында атқарылатын іс-шаралар. Алғашқы кезеңде көрсетілген іс-шаралардың бірі – латын әліпбиін және оның емле ережелерін оқытатын мамандар даярлау. Қазіргі таңда ҚР Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл - қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы республикалық көлемде әр облыстың тіл мамандарына жаңа емлені оқытуға арналған курстар өткізуде. Курстың өзі екі бағытта ұйымдастырылып жатыр. Оның бірі – 72 сағатқа негізделген оқыту курсын Нұр-Сұлтан қаласында, яғни өзіміздің орталықта өткізіп жатырмыз. Екіншісі еліміздің барлық облыс орталықтарында көшпелі дәріс-семинар ретінде жүргізілуде. Мысалы, осы жолы Павлодарда өткіздік. Облыс орталығында әрбір ауданнан жиналған 150 адамға латын әліпбиіне көшудің алғышарттарымен, қазақ тілінің емле-ережелерінің жаңалықтарымен таныстырдық. Сондай-ақ, жаңадан құрылған ІТ жобаларының жұмысын көрсеттік.

- Жоғарыда аталған курстарда респуб-лика бойынша қанша адамды оқыту көзделген?

- Біз әрбір облыстардың тілдерді дамыту жөніндегі басқармаларымен тығыз байланыста жұмыс істейміз. Себебі курсқа барлық өңірдің тіл мамандарын қамтуымыз керек. Наурыз айында басталған оқуымыз қарашаға дейін жалғаспақ. Жыл бойы 72 сағаттық курс бойынша 15 топ оқытатын боламыз. Әр топқа әр облыстан жиналған 28 тыңдаушы қабылдаймыз. Сонда жыл соңына дейін 72 сағаттық курс бойынша ересектерді оқыта алатын 360 тренер оқытып шығуымыз қажет. Содан кейін олар өздері тұратын аудан және ауыл тұрғындарына латын әліпбиі курстарын жүргізеді. Тағы бір айта кетерлігі, бұл оқыту курстары 2025 жылға дейін жалғасады.

- Жоғарыда латын графикасын насихаттап, түсіндіруге бағытталған ІТ жобалары іске қосылып жатыр дедіңіз...

- Иә, қазіргі дамыған ақпараттық технологияның мүмкіндігін пайдалануымыз керек. Сондықтан қандай да бір жобаны ІТ технологиялар арқылы іске асыруға мүмкіндік бар. Осы мақсатта біздің Орталықтың Мөлдір Бақытқызы, Сұлтанбек Қабылов, Нұржан Қапалбеков сынды жас білікті ІТ программистері жаңа әліпбиді меңгертуге арналған жобалар әзірлеуде. Қазіргі күні бес түрлі жоба дайын тұр. Олардың екеуі ересектерге, үшеуі балаларға арналған мобильді қосымшалар. Бұл да - үлкен жетістік. Программистер мен лингвистердің бірлескен жұмысының нәтижесі. Аталған мобильді қосымшаларды кез келген адамның қолдануына болады. Аталған жобалар «qazlatyn.kz» ұлттық порталында және «tilalemi.kz» сайттарында орналастырылған. Яғни, жаңа әліпби мен емле ережелерді сөйлем құрау, шеттілдік сөздерді қазақ тілінің дыбыстық ережесіне сәйкес жазу сынды тапсырмаларды орындау арқылы үйренеді. Соның бірі – «Сөз әлемі» деп аталатын қосымша. Бұл әсіресе орыс тілді аудиторияға өте қажет. Тапсырмалардың бәрі жеңілден оңайға қарай үш деңгейде құрастырылған. Егер бірінші деңгейін дұрыс орындасаңыз екінші деңгейге өтесіз, одан кейін үшінші кезеңге. Үш деңгейді бірдей орындай отырып, қазақ тілінің жаңа емлесін үйренесіз. Сондай-ақ, балаларға арналған «Зерек бала», «Жасырын сөз», «Сөзді тап» деген мобильді қосымшалар бар.

- Жақында ғалымдар латын әліпбиіне негізделген қазақ тілінің төл емле ережелерін әзірлеп, жариялағанын білеміз. Мұның кирилл негізіндегі қазақ жазуынан қандай айырмашылығы бар?

- Бұрынғы кирилл графикасында қазақ тілінің дыбыстық жүйесіне сәйкес келмейтін сегіз әріп болды. Олар – ц, щ, ю, я, э, ё, ь, ъ. Бұлар қазақ емле ережесін оқытуда айтарлықтай қиындық тудырып жүрді. Профессор Нұргелді Уәли: «Бұл таңбалар әуелде шетелдік сөздерді орыс тілінің орфографиясымен жазуға арналған» деген еді. Расында солай. Содан қазақ тілінің емле ережесі басқа тілдің ережесіне кіріптар болды. Яғни, біздің басты кемшілігіміз – шет тілінен енген сөздерді орыс тілінің орфографиясына сай жазып келгеніміз. Ал мына жаңа емле ұлттық тілдің ерекшеліктері мен заңдылықтарына сәйкес әзірленді. Бұрынғы олқылықтың орны толды деуге болады. Енді орыс тіліне деген тәуелділіктен құтыламыз. Жаңа емлені Алматы қаласындағы А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының орфограф-фонетист мамандары әзірледі. Сондай-ақ, Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл - қазына» орталығының орфография және әдістеме бөлімі қызметкерлері де көп еңбек сіңірді. Бұл ереже 9 тараудан және 108 параграфтан тұрады. Міне, бұл – ұлттық бағытта жасалған алғашқы қазақ тілінің тәуелсіз емле ережелері деуге болады. Енді ешқандай тілдің орфографиялық ережесіне кіріптар болмаймыз.

- Жаңа емле ережелері бойынша қазақ тілінің сөздік қорындағы шет тілінен енген кірме сөздер айтарлықтай өзгеріске ұшырайды екен. Тіпті, біздің кейбір төл сөздеріміз де өзгеріп кетеді. Осыған бірнеше мысал келтірсеңіз...

- Латын әліпбиіне негізделген қазақ жазуының емлесі екі блоктан тұрады. Біріншісі – төл сөздерге, екіншісі шет тілінен енген сөздерге қатысты. Мысалы, төл сөзге қатысты «қоян» сөзіндегі я әрпі ıa әрпі тіркесімен жазылады. Мысалы, «qoıan» деген секілді. Ал енді шеттілдік сөздерге тоқталайық. Біз жоғарыда қолданысы- мыздағы кирилл әліпбиінде қазақ тілінің дыбыстық ерекшелігіне сәйкес келмейтін сегіз әріп (щ, ц, ю, я, е, э, ь, ъ) барын айттық. Бұл дыбыстар енді жаңа әліпбидің құрамында жоқ. Олардың орындарына өз үндестігімізге сәйкес келетін басқа баламасын жазатын боламыз. Мысалы, «Э» әрпінің орнына «Е» әрпі, «Ц» әрпінің орнын «S» жазылады. Ал орыс тілінен енген жіңішкелік белгісі «ь» бар «альбом» деген сөзді жаңа әліпбимен «álbom» деп жазылады. Яғни, жіңішкелік белгі қай буында тұрса, сол буындағы жуан дауысты дыбыс жіңішкереді. Осылайша шет тілінен енген сөздерді жаңа графикалық тұрпатқа түсірдік. Бұл өзгерістер уақыт өте келе халық санасына сіңеді деген ойдамыз және мұны түсіну, игеру ауыр болмайды. Себебі, бұл жаңа емле өзіміздің ұлттық ерекшелігімізге сай әзірленуде. Латын графикасына көшудің басты жетістігі - осы.

- Жалпы, қазақ сөздігінде шет тілінен енген қанша сөз барын анықтау мүмкін бе?

- Біздің сөздік қорымызда шет тілінен енген сөздер өте көп. Жылына 200-ден астам сөз кіреді деген болжам бар. Шетелден келіп жатқан техникалардың немесе өнімдердің атауымен қоса сіңісіп жатыр. Сөйтіп, тіл тұтынушының санасына қалыптасып, қолданысқа ие болады. Бұл ретте орыс тілінің орфограф мамандарынан үлгі алуға болады. Өйткені, олар шет тілінен енген сөздерді тұпнұсқа тұрпатында емес, өздерінің дыбыстық ерекшелігіне сәйкес игеріп алады. Ал біз қаншама сөздерді орыс тілінің орфографиясымен жазып келеміз. Бұл - біздің Тәуелсіздігімізге, тілдік бостандығымызға сын. Сондықтан төл дыбыстық ерекшелігімізді сақтап қалудың бірден-бір жолы – кірме сөздерді ұлттық сипатта жазу.

- Енді мұны еліміздегі өзге ұлт өкілдері немесе орыс тілді азаматтар қалай қабылдар екен?

- Орынды сұрақ. Бұл мәселеде біраз қиындықтар болып жатыр және бұл - заңдылық. Яғни, еліміздегі орыстілді азаматтар шеттілдік сөздерді игеріп жазуға және айтуға сын көзбен қарайды. Бірақ, түптің түбінде олар мойындайды, мойындауға мәжбүр болады. Ол үшін алдымен олардың санасын өзгертуіміз керек. Ұлттық құндылықтарымызды қалыптастыруға, дамытуға бағытталған насихат жұмыстарын көп жүргізу керек. Басқа бір мүддені көксеп жүрген отандастарымыздың ойын Кеңестік идеологияның шырмауынан шығаруымыз қажет. Қазіргі таңдағы «Рухани жаңғыру», «Мәңгілік ел» сынды бағдарламалардың түпкі мақсаты да – осы.

- Елбасының тапсырмасы бойынша латын әліпбиі 2020 жылдан бастап бірінші сыныпқа енгізілуі керек. Осыған қаншалықты дайынбыз?

- 2020-2021 оқу жылында қазақ мектеп-терінде бірінші сыныпқа қабылданған балалар сабақты латын әліпбиі негізінде оқи бастайды. Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық Білім академиясының мамандары бастауыш сыныптарға арналған оқу бағдарламасын әзірледі. Енді осы бағдарламаның негізінде 1-сыныпқа арналған оқулық жарыққа шығады.

- Біз қазір жаңа әліпбидің баспа түріндегі нұсқасын ғана білеміз. Ал, оның каллиграфиясы, яғни, жазбаша түрі әлі әзірленген жоқ па?

- Дұрыс айтасыз, Елбасының Жарлы-ғымен бекітілген латын графикасының баспа түрі ғана жарияланды. Жаңа емлені меңгерушілер қазіргі таңда тек баспа түрімен жазып жүр. Себебі, жаңа әліпбидің каллиграфиялық нұсқасы әлі дайын емес. Міне, осы мәселе жақында Нұр-Сұлтан қаласындағы Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық Білім академиясында талқыланды. Осы кездесуде бастауыш сынып мұғалімдерінің, психологтардың және тілтанушы мамандардың ұсыныстары тыңдалды. Соның нәтижесінде сонау түркі халықтары мен ағылшындардың және немістердің жазу тәжірибелері ескеріле отырып, қазақ жазуының каллиграфиялық нұсқасының жобасы әзірленді. Мамандар әріпті әріпке байланыстырып жазу, үзбей жазу талаптарын және басқа да принциптерді негізге ала отырып даярлады. Қазіргі таңда бұл жобаға сараптама жасалу үстінде. Жақында жарияға шығады деген сенімдеміз.

- Әңгімеңізге рақмет! Қолға алған істеріңізге сәттілік тілеймін!

 

Сұхбаттасқан – Тілеуберді САХАБА.

saryarka-samaly.kz