Ерекше балаларға беріледі

Жақында жергілікті көпбалалы аналар мүмкіндігі шектеулі балаларды оңалту үшін қосымша орталық ашу қажеттігін айтқан болатын. Бұл мәселе жергілікті билік-тің назарына ілігіп, облыс орталығындағы ғимаратты жөндеу жұмыстары басталып кетті.

Жаңа орталық үшін тірек-қозғалыс аппараты бұзылған балаларға арналған облыстық орталыққа жапсарлас салынған бұрынғы балабақшаның ғимараты лайық деп анықталды. Сөйтіп, оны қайта қалпына келтіру, мүмкіндігі шектеулі балаларға ыңғайлы етіп жасау жұмыстары жүргізілуде. Мұнда ерекше балғындар емдеу-дене шынықтыру кешеніне кіретін барлық ем-домды қабылдай алады.


- Әуелде бұл ғимаратта балабақша ашу жоспарланған. Егер көпбалалы аналар қарсы болмаса, бұл мекемені мүмкіндігі шектеулі балаларды сауықтыруға берсек деп едік. Ғимарат 80 орынға арналған. Оңалту мерзімі үш айға дейін жалғасады, содан соң балалар демалыс алады. Демек, бір жыл аралығында аталмыш орталықта 300-ге жуық баланы қабылдауға мүмкіндік болады, - дейді облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Қайрат Нұрмағамбетов.


Тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларды оңалту бойынша арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы директорының міндетін атқарушы Роза Қадырбекованың айтуынша, қазіргі уақытта орталық 62 балаға қызмет көрсетеді. Жылына шамамен 180 балғынға ем-дом жасалады.
Ғимараттағы жөндеу жұмыстарын тексерген облыс әкімі Болат Бақауов жөндеуді осы айдың соңына дейін аяқтауды тапсырды.


Өз тілшіміз.