Ертістің ырысы – Елордада

Павлодарлықтар елорда тұрғындарын кезекті рет арзан азық-түлікке қарық қылмақ. Ел астанасының күніне орай Нұр-Сұлтан қаласында ауқымды ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі ұйымдастырылмақ. Арзан өнімдер жәрмеңкесі 6-7 шілде күндері өтеді.

 

Павлодарлық кәсіпкерлер мен ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілердің жәрмеңкесі елордадағы «Хан Шатыр» орталығының жанындағы алаңда өтпек. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы мамандарының сөзіне сүйенсек, оған өңіріміздегі барлық аудан-қалалардан 70-тен астам ауыл шаруашылығы кәсіпорны қатысады. Оның ішінде 60 тоннадан астам ет және ет өнімдері, 20 тонна сүт, сондай-ақ жалпы көлемі 80 тонна ұн, жарма, нан-тоқаш өнімдері, бал, күнбағыс майы жеткізіледі.


Жәрмеңкеде елімізге брендтік атауы жақсы танымал «Рубиком», «КЭММИ», «Галицкое», «Крендель» секілді компаниялардың өкілдері өз өнімдерін ұсынады. «Ақжар Өндіріс» ЖШС бір тонна қымыз және бір тонна консервіленген ет жеткізбек.


Атап өтелік, Нұр-Сұлтан қаласының күнінде облыс орталығында да мерекелік ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтеді. Онда 20 тоннадан астам өнімдер сатылады деп жоспарлануда. Тауарлар жергілікті нарықтағыдан 10-15%-ға арзан бағамен босатылады. Үш сүт тасығышпен сүт әкелінеді. Қала кәсіпорындарынан басқа, жәрмеңкеге Май және Павлодар аудандарының кәсіпорындары да қатысады деп күтілуде.

 

Өз тілшіміз.