Елорда - елдіктің асқары

Ел астанасы – Нұр-Сұлтан қаласының күнін павлодарлықтар ерекше атап өтті. Қалалық саябақта спорттық, шығармашылық шаралар ұйымдастырылып, түрлі бағытты қамтыған көрме жұртшылыққа ерекше әсер қалдырды. Бұдан соң мерекелік шаралар легі орталық жағажайда жалғасып, «Ертіс Promenade» сахнасындағы концертті тамашалауға 40 мыңнан астам адам жиналды.

 

«Нұр-Сұлтан» қаласының туған күні - күллі Қазақ еліне ортақ мереке. Сондықтан еліміздің әр тұрғыны атаулы күнді асыға күтіп, дүркіреп өтуіне үлес қосып, ерекше көңілмен қарсы алады. 6 шілде күні облыс орталығының тұрғындары мен қала қонақтары мерекелік шараларға асыға ағылды. Алдымен жұртшылық қалалық демалыс және мәдениет саябағында өткен шараларды тамашалады. Әсем әуенге құлақ құрышын қандырып, өнер ұжымдарының мың бұрала билеген билеріне куә болды. Бұл күні концерттен бөлек, тың көрмелер мен сайыс- тар ұйымдастырылды. Мәселен, «Спорт, ойын-сауық» аймағында ұлттық ойындардан спорттық сайыс- тар ұйымдастырылды. Балаларға арналған сан түрлі қызықтарға толы бүлдіршіндер алаңы да жұмыс істеді. Ал «Шеберлер» аймағында жұртшылық назарына өңіріміздің әр ауыл-аймағынан келген шеберлердің бірегей туындылары – сыйлықтар мен кәдесыйлар, киізден және жібектен жасалған бұйымдар, зергерлік әшекейлер, қыш ыдыстар, бейнелеу өнері шығармалары көпшілік назарына ұсынылды. Қонақтар үшін бірегей әрі ерекше заттардан ұйымдастырылған көрме-жәрмеңкеде жанға жайлы естелік мүсіндер мен тұрмысқа қажетті заттарды сатып алу мүмкіндігі де болды. Сондай-ақ, мұнда ашылған «Арбат.MusicFEST» жастар алаңы да елдің назарын ерекше аударды.

 

Кешкілік жұртшылық орталық жағажайдағы «Ертіс Promenade» сахнасында өткен думанды іс-шараларға куә болды. Мерекені тойлауға келген қалың бұқараны облыс әкімі Болат Бақауов құттықтады.

 

- Айбынды елордамыз жарық жұлдыздай жарқырап, әр күні жылға татитын, әр жылы ғасырға тең дамудың даңғыл жолына түсті. Қысқа мерзім ішінде Нұр-Сұлтан қаласы инфрақұрылымы дамыған заманауи мегаполиске айналды. Ел астанасының арқасында мемле-кетіміз өзін әлемдік деңгейде дамыған республика ретінде жариялады. Қазақстанның саяси, экономикалық және әлеуметтік жетістіктері тікелей осы қаламен байланысты. Еліміздің жүрегі – елорда күні құтты болсын! – деді Б.Бақауов.

 

Мереке аясында жастар арасындағы «тренд» шаралар да назардан тыс қалған жоқ. Кейбірі хип-хоп, брейк, k-pop және басқа да көше билері бойынша бақ сынаса, енді бірі StreetWorkout, яғни көше гимнастикасын жасауда кіл мықтыны анықтады. Түрлі бағытты қамтыған би жарысында қаланың үздік ұжымдары, бишілері сахнаның шаңын шығарды. Төменгі жағажайда көше гимнастикасы бойынша өткен қалалық турнир де балалардың бос уақыты құр өтпейтінін көрсетті. Жасөспірімдер мен жастар жаттығулардың түр-түрін көрсетті.

 

Ал сағат 19.00-де тұрғындар Павлодар қалалық вокалды-аспаптық ансамбльдердің «Ән бұлағы» концерттік бағдарламасын, сағат 20.30.-дан бастап жергілікті және отандық эстрада өкілдерінің қатысуымен ұйымдастырылған «Нұр-Сұлтан - жас Елорда!» концертін тамашалады. Жергілікті
21 өнерпаз Нұр-Сұлтан қаласына арнап жазылған 21 әннен шашу шашты. Бұдан бөлек, павлодарлықтар үшін ағайынды Жүгінісовтер, Артур мен Райым, сондай-ақ, ресейлік «Пицца» тобы өнер көрсетті. Мерекелік шаралар легі би кешіне ұласты.

 

Мереке АМАНТАЙ