Арыстан келді асығып...

Арыс қаласында болған төтенше жағдайдан соң Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов ондағы 300 баланы өңірімізге демалуға шақырған еді. Олардың 130-ы бұған дейін Баянауылдағы «Жасдәурен» лагерінде демалыстарын өткізіп жатқанын айтқанбыз. Өткен сәрсенбі күні Арыс қаласынан демалушылардың екінші легі келді.

 

Павлодарлықтар теміржол вокзалынан 171 оқушы мен 9 тәрбиешіні құшақ жая қарсы алды. Алыстан келген демалушыларға облыс әкімінің орынбасары Асхат Оралов ыстық лебізін білдірді.


- Ертіс–Баян өңіріне қош келдіңіздер. Біздің аймақ - тарихта алтын әріппен есімдері жазылған небір тума таланттарды өмірге әкелген қасиетті мекен. Бұған дейін Баянауылға келген 130 баланың демалысы ойдағыдай өтіп жатқанын атап өткен абзал. Сіздер де демалыс барысында табиғат аясында тыныстап, аймағымыздың көрікті жерлерін аралайсыздар. Экскурсиялық саяхаттар ұйымдастырамыз. Біз сіздердің алаңсыз демалуларыңызға барынша жағдай жасайтын боламыз, -
деді А.Оралов.


Ертіс-Баян жеріне табандары тиген балалар дән риза. Алыс жолдан шаршағандарын ұмытып, көңілдері серпіліп қалды.


- Мен 12 жастамын. Павлодарға бірінші рет келуім. 6 жасар інім Нұрдәулет екеуіміз анамызбен бірге келдік. Бұған дейін осында демалып жатқан достарымызбен телефон арқылы хабарласқан едік. Олар өздеріне осы жақтың ерекше ұнағанын, Баянауылдың табиғаты керемет екендігін айтты. Біздің де қызығушылығымыз оянып, Павлодарға жеткенше асықтық, - деді Арыс қаласының тұрғыны Нұрбақыт Тортай.


Арыстан келген балалардың 100-і Ақсу қаласындағы «Қазхром» АҚ-ға қарасты «Ферросплавщик» демалыс орталығында, 71-і Шарбақты ауданындағы «Шағала» балаларды сауықтыру лагерінде 15 күн бойы демалатын болады. Облыстық білім беру басқарма-сының басшысы Дінислам Болатханұлы егер де балалар өздері ниетті болса демалыс уақытын созуға мүмкіндік бар екенін айтты.


Айтып келмеген апатты жағдайда отандастарына қамқор-лықпен қарап, қиын сәттерде қол ұшын берген павлодарлықтарға Арыс қаласындағы Ә.Жангелдин атындағы мектептің бастауыш сынып мұғалімі Салтанат Орынбасарова ризашылығын білдірді.

 

Алпысбай ХОНЖ