Алғабасқа ауызсу арман

Бүгінде облысымыздың көптеген елді мекендерінде орталықтандырылған су құбырының құрылысы жүріп жатқаны белгілі. Мұндай жағымды жаңалық өткен жылы Ақсу қаласына қарасты Алғабас ауылының тұрғындарын да қуантқан еді. Алайда, былтыр басталған құрылыс жұмыстарының аяқталар уақыты әлі алыс секілді. Кейбір көшелердегі құбыр тарту үшін қазылған орлар ашық күйінде жатыр. Сонымен қатар, бұл ауылдың кіреберісі мен ішкі жолдың жағдайы да сын көтермейді.


Жалпы, Алғабас ауылдық округінің құрамына сегіз елді мекен кіреді. Округ орталығы Алғабаста 280-ге жуық отбасы тұрады. Ауыл тұрғындарын алаңдатқан ең басты мәселе – су құбырының уақытында аяқталмауы. Ақсу қалалық құрылыс бөлімінің бас маманы Рахат Бекбергеновтің сөзінше, құрылыс жұмысы өткен жылдың шілде айында басталған. Келісімшарт бойынша, осы жылдың шілдесіне дейін тапсырылуы тиіс еді. Бірақ, жұмыс өте сылбыр жүргендіктен, жоспарланған уақытта аяқталмай қалды. Қазіргі күні сумен жабдықтаудың магистральдік желісі толығымен салынып, 129 құдық орнатылды. Енді жеке тұрғын үйлердің ауласына енгізу жұмыстары жүргізілуде.


- Су құбыры құрылысының уәделі уақытта аяқталмауына бірнеше фактор себеп болды. Біріншісі – ауа райының қолайсыздығы. Өздеріңіз білесіздер, былтыр қыс ерте түскендіктен мердігерлер мұнда үш ай уақыт қана жұмыс істеді. Екіншісі – жұмыс күшінің жетіспеушілігі. Дегенмен, мәселе қала әкімінің бақылауына алынды. Осы жылдың соңына дейін аяқтау туралы ауыл әкіміне тапсырма берілді, - дейді Рахат Бекбергенов.


Ауыл тұрғындарының сөзінше, мердігер компанияның жауапты өкілдері 2019 жылдың шілдесіне дейін жұмыстарды аяқтап, әр үйге су құбырын тартып береміз деген уәде берген. Міне, шілденің бірінші жартысы аяқталды. Ауылдағы үйлердің жартысына су құбыры әлі жетпеген. Осылай сағызша созыла беретін болса қыс түсіп, жұмыстар келесі жылға қалуы әбден мүмкін деп алаңдайды тұрғындар. Ауылдағы ағайынның басын ауыртқан екінші мәселе – жол. Ауыл іші ойдым-ойдым. Әсіресе, жаңбырлы күндері аяқ алып жүре алмай қаласыз. Ал кіреберіс жолдың ой-шұңқырлары көлік жүргізбейді. Ауыл ішіндегі бір көшеден басқасында асфальт деген атымен жоқ. Бұдан бөлек көшелер жарық шамдармен толық қамтамасыз етілмеген. Міне, осы секілді жайсыздықтарға наразы болған тұрғындар мәселемізді жиын сайын жырлап, жағымыз талды деп отыр.


- Былтыр су құбыры құрылысын бастаған кезде осы жылдың шілдесінде аяқтайтын болған. Міне, тамыз таяды. Ауылдағы үйлердің жартысына әлі кіргізген жоқ. Келісімшарт бойынша, аулаға дейін тегін, үйге дейін ақылы тартатын болған. Оған да келістік. Тұрғындар ақшасын төлеуден қашпайды ғой. Бірақ, жұмыс өте баяу жүріп жатыр. Ал жол мәселесін көтергенімізге көп болды. «Күнде ертең, күнде ертеңмен» уақыт өтіп жатыр. Әсіресе, қалаға қатынап жұмыс істейтіндерге қиын. Тұрғындардың көбі өздерінің жеке көліктерімен жүреді. Үйден шығып, үлкен трассаға жеткенше шұрық-тесік жолдан әбден мезі боласың. Оның үстіне судың мәселесі келіп қосылды. Қазір жер кеуіп, кішкене көзіміздің ашылғанын көріп отырсыздар. Әйтпесе, көктемде қар ерігенде, сосын жаздың жаңбырлы күндерінде ми батпақ болып кетеді, — дейді ауыл тұрғыны Қамар Қабылдина.


Ал ауыл әкімі Мирхат Валитов жолдың да, судың да мәселесі осы жылдан қалмай шешіледі деп отыр. Алдағы тамыз айына дейін су құбырын әрбір үйдің ауласына дейін тартып үлгеретін боламыз деп сөз берді. Қазіргі күні тендерді ұтып алған қарағандылық «Агропромстрой» ЖШС құбырларды аулаларға кіргізуде. Әкімнің сөзінше, мұнда жалпы ұзындығы 8,8 шақырым құбыр төселуі тиіс. Қазір осы жұмыстың 85 пайызы аяқталған.


- Су құбырын тарту жұмысы өткен жылы басталған. «Ақбұлақ» мемлекеттік бағдарламасы бойынша республикалық бюджеттен 403 миллион теңге бөлінді. Қаражат игерілуде. Ал ауылішілік жолдың мәселесіне де осы жылы нүкте қоямыз деп отырмыз. Біздің есебіміз бойынша, суға бөлінген ақшадан
35 миллион теңге үнемделеді. Соған жол салмақшымыз. Яғни, ауыл ішіндегі алты көшеге жалпы ұзндығы 3,5 шақырым асфальт төселеді. Ал кіреберіс жолдың мәселесі менің құзырымда емес. Бірақ, бұл мақсатқа облыстық бюджеттен 10 миллион теңге бөлінді. Күзге дейін жөндеп бітіреміз, - дейді Мирхат Фархатұлы.


Жақында Ақсу қаласының әкімі Балғабай Ибраев Алғабастағы су құбырының жай-жапсарымен танысып қайтты. Іссапар барысында ол ауыл әкімі Мирхат Валитовқа ауылдағы әрбір үйдің жағдайымен жеке-жеке танысуды және жұмысты тездетіп аяқтауды тапсырған. Сонымен қатар, көшені асфальттау секілді және өзге де маңызды мәселелерді жергілікті халықтың өзімен ақылдасып шешу қажеттігін тілге тиек еткен еді.


Осы материалды жазу барысында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Айзада Құрмановамен хабарласып, жалпы облыс тұрғындарының таза ауызсумен қамтылуы туралы ақпарат алдық. Халық қалаулысы өз сөзінде 2019 жылдың басындағы жағдай бойынша ауыл тұрғындарының 29,7 пайызы орталықтандырылған сумен жабдықталғанын айтты.


- Жалпы, ауыл халқын ауызсумен қамтамасыз ету жобалары басталғаннан кейін жергілікті билік оны үнемі бақылауда ұстауы керек. Сонымен қатар, «Nur Otan» партиясының жанынан және қалалық, облыстық мәслихат депутаттарынан арнайы топ құрылып, жұмысты қадағалауы қажет. Мысалы, жақында ғана Май ауданына жұмыс сапарымен бардық. Онда 15 ауылға орталықтандырылған су құбыры тартылып жатыр. Барлық жұмыс жергілікті мәслихат депутаттарының назарында екенін байқадық. Міне, сонда ғана мердігерлер тиянақты қарайды, - дейді Айзада Амангелдіқызы.


Қала іргесінде тұрып, өркениет көшіне ілесе алмай отырған елді мекеннің гүлденуі тіршілік нәріне тәуелді екені шындық. Алғабас ауылының тұрғындары үшін ауызсу арман болып қалмаса екен дейміз. Қала басшылығы мен жауапты мердігер су тарту жұмыстарын айтқан мерзімінде аяқтайды деп сенеміз.

 

Тілеуберді САХАБА, Алғабас ауылы, Ақсу қаласы.