Жәрдемақы төлеу жалғасуда

ҚР Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың тапсырмасы бойынша 1 сәуірден бастап елдегі тұрмысы төмен отбасыларының әр баласына 21 мың теңге көлемінде атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) тағайындалған болатын. Жаңа форматтағы жәрдемақының игілігін аймақ тұрғындары да көруде.

 

Аталмыш атаулы көмекті алуға құжат тапсырушылар қатары Павлодар қаласында күн санап өсуде. Қалалық жұмыспен қамту орталығының мәліметінше, қазіргі уақытта шаһар бойынша 2 279 отбасына жәрдемақы тағайындалған.


- 1 сәуірден бері жаңа форматтағы жәрдемақыға құжат тапсырушылар саны көбеюде. Бүгінде орталыққа осы мәселемен күн сайын 200-ден астам адам келеді. Біз барлығының жағдайын қарап, атаулы әлеуметтік көмек төлеу туралы ережеге сәйкес келетін тұрғындардың құжаттарын қабылдаймыз, жаңа заңның шарттарын түсіндіреміз. Жалпы, соңғы 3 айдың ішінде қала бойынша атаулы көмектен дәмелі 7 мыңға жуық адам жұмыспен қамту орталығы мамандарының кеңесіне жүгінді. Бірақ, олардың жартысынан көбінің отбасындағы кіріс көлемі жан басына шаққандағы күнкөріс минимумының 70 пайызынан (20 789 теңге) асып кететіндіктен жәрдемақы тағайындалған жоқ. Кейбір адамдардың құжаты дұрыс болмады. Ал қалған 2 279 отбасы мемлекет тарапынан қаржылай көмек алуда. Сондай-ақ, бұл санаттағы адамдардың саны күннен-күнге өсіп келе жатқанын айта кеткен жөн. Себебі, шаһарда әлі де жәрдемақы алу үшін құжат рәсімдеушілер қатары азаймай тұр, - дейді Павлодар қалалық жұмыспен қамту орталығының атаулы әлеуметтік көмек бойынша ассистенті Әлия Тілектес. Оның айтуынша, ендігі кезекте атаулы әлеуметтік көмекке қарап отырған жұмыссыз тұрғындарды еңбекпен қамту мәселесіне баса назар аударылуда. Сондай жандардың бірі –
Әсемгүл Күлікбаева.


- Мен - 4 баланың анасымын. Осы жылдың 1 сәуірінен бері атаулы әлеуметтік көмек алып келемін. Бұған дейін студент балаларымның шәкіртақысы отбасылық кіріске қосып есептелетіндіктен, жәрдемақыдан қағылған едім. Ал қазір тұрмысымыз жақсарып қалды. Қуантарлығы, маған Ақсу қаласынан 3 бөлмелі жалдамалы пәтер де берді. Енді мені жұмысқа орналастыру үшін осында шақыртуда. Мемлекеттің мұндай қамқорлығына шексіз ризамын, - дейді ол.
Осылайша, Павлодар қаласында көпбалалы және тұрмысы төмен отбасыларына қолдау көрсетуге бағытталған іс-шаралар жүйелі түрде жалғасын табуда.


Нұржайна ШОДЫР