Марафонға асығыңыз!

Бұқаралық спортты дамыту, салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында 18 тамыз күні Павлодарда «Ertis Half Marathon» спорттық шарасы ұйымдастырылады. Оған қатысуға ниетті барлық адам тегін түрде тіркелуге құқылы. Марафон ақысыз түрде өтеді.

 

Павлодар облыстық туризмді және спортты дамыту басқармасының басшысы Марат Айдашевтің сөзінше, әртүрлі қашықтықта топ жарған жеңімпаздар мен жүлдегерлер белгілі спортшылардың қолынан медаль мен естелік сыйлықтар ала алады. Сондай-ақ, шараға қатысқан барлық спортшыларға да естелік медальдар табыс етілмек.


- Жүгіру кез келген адамның қолынан келеді. Бастысы, ниет болса болғаны. Барлық павлодарлықтарды бұқаралық сипаттағы спорттық шараға қатысуға шақырамын, - дейді М.Айдашев.


Ал халықтық марафонды ұйымдастырушы «Running Pavlodar» қозғалысының үйлестірушісі Сапаргелді Әбдірашев шараға кем дегенде 300 спортшы қатысатынын айтады. Қазірдің өзінде марафонға қатысуға ниетті 50 адамнан өтініш келіп түскен. Жарысқа қатысу үшін ғаламтор арқылы арнайы көрсетілген сілтемеге өтіп, тіркеле аласыз. Немесе облыс орталығындағы Кривенко көшесі, 25 мекенжайы бойынша қалалық спорт бөліміне өтінім беру қажет.


Шара 2 күн бойы өтеді деп жоспарланған. Тамыз айының 17-сі күні белгілі спортшылардың қатысуымен шеберлік сағаттары ұйымдастырылады. Ал тамыздың 18-і күні спортшылар халықтық марафонға қатысады. Сайыс бірнеше қашықтықта өтеді деп күтілуде. Ерлер мен әйелдер 21 шақырымға жүгіреді. Сондай-ақ дәл осындай қашықтықта құрамында 5 спортшы өнер көрсететін «Экиден» эстафетасы ұйымдастырылады. Бұдан соң жекелей сында ерлер 5, әйелдер 3 шақырымда бақ сынайды. Ерлер арасындағы сын КСРО рекордшысы, белгілі желаяқ жерлесіміз Александр Кузнецов атымен аталса, әйелдер арасындағы жарыс 1998 жылғы Олимпиада ойындарының қола жүлдегері, 1996 жылғы Қысқы Азия ойындарының екі дүркін чемпионы, конькимен жүгіруші Людмила Прокашеваның құрметіне ұйымдастырылады. Сонымен қатар, марафоншылар 1,6 шақырымдық жалпылай марафонға да қатыса алады. Бұл күні балалардың да салауатты өмір салтын ұстануын ұйымдастырушылар естен шығарған жоқ. 10-14 жастағы жасөспірімдер 1 шақырымдық қашықтықты еңсеруге жолға шығады. Сондай-ақ VIP-жүгіріс (100 метр) ұйымдастырылады. Ұйымдастырушылар екі жүгіріс маршрутын әзірлеу үстінде. Біріншісі - Лермонтов, Ак.Шөкин көшелері мен Нұрсұлтан Назарбаев даңғылы бойымен өтпек. Ал екіншісі - Астана көшесі мен жаңа жағалау бойындағы «Қазқонақ» табиғи ескерткішіне дейін созылатын болады.


Құрметті павлодарлықтар мен қала қонақтары! Сіздер де салауатты өмір салтын ұстануға атсалысып, 17-18 тамыз күндері спорттық додадан табылыңыздар!

 

Алпысбай ХОНЖ