Әлдилеген толқынымен Ертістің...

Сарыарқаның кең даласында, Ертіс өзенінің бойында орналасқан Павлодар қаласы ел тарихында ерекше орынға ие. Табиғаты әсем жақұт қалада талай талант пен қоғам қайраткері дүниеге келіп, білім алды. Облыс орталығындағы ірі өндіріс орындары мен шағын, орта кәсіпкерліктер отандық экономиканың қарыштап дамуына сүбелі үлес қосуда. Күннен күнге көркейіп келе жатқан шаһарда жаңа көпқабатты баспаналар, әлеуметтік нысандар бой көтеруде. Ал бұл қаланың басты байлығы – 300 мыңнан астам тұрғыны. Павлодар өз дамуында әлі талай биік белестерге шығатынына сенім мол.

 

Әр ауданда - думан

 

Өткен аптада облыс орталығының тұрғындары қала күнін кең көлемде атап өтті. Биылғы мерекенің басты ерекшелігі – әр шағын ауданда мәдени-спорттық шаралардың ұйымдастырылуы. Мәселен, сенбі күні Дачный шағын ауданының тұрғындары бас қосты. Алдағы уақытта бұл аумақта Достық шағын ауданы құрылмақ. Қазіргі күні инженерлік-коммуникациялық желілер тартылды. Енді көпқабатты баспаналардың іргетасы қаланады.


- Көп ұзамай біздің ауданда жаңа үйлер мен балабақша, мектептер салынып, Дачный Достыққа айналады. Бұл Павлодар қаласының даму үстінде, тұрғындар санының көбейіп келе жатқанын көрсетсе керек. Осы жылы шаһардың туған күні әр шағын ауданда мерекеленуде. Біз де думанды тойдан шет қалмайық деп отбасымызбен, көрші-қолаңмен бірге уақытты көңілді өткізіп жатырмыз. Немерелерім спорттық сайыс-тарға қатысып, түрлі тәтті мен балмұздаққа таласып мәз. Биылғы қала күні - шын мәнінде халықтық мереке, - дейді Дачный ауданының тұрғыны Дәулет Иманқұлов.


Аталмыш аудан тұрғындарын қалалық мәслихат депутаты Айнар Оспанов құттықтады. Халық қалаулысы балғындарға кітап, шахмат, доп және ойын жиынтықтарын сыйға тартты.


Сонымен қатар, бұл күні Кенжекөл ауылында «MEGA» сауда кешені ашылды. Мұнда ауыл тұрғындары азық-түлік, тұрмыстық қажеттіліктер мен оқу құралдарын арзанға ала алады. Шаштараз, тігін салоны, аяқ киім жөндеу орны да қызмет көрсетуге әзір. Сауда орнының басшысы Нұржан Мақажановтың айтуынша, алдағы уақытта құрылыс материалдарын сату павильоны, техникалық қызмет көрсету мен дөңгелек жөндеу орны жұмысын бастайды. Осылайша, бірқатар қызмет түрі бір кешенде шоғырланбақ.


Облыс орталығында өткен кезекті ауылшаруашылық жәрмеңкесі де қала күніне орайластырылды. Павлодар, Екібастұз, Ақсу қалалары мен Тереңкөл, Аққулы, Успен, Ақтоғай аудандарының шаруалары өз өнімдерін төмен бағаға ұсынды. Мәселен, Ақсудан келген «Кабылдинов» жеке кәсіпкерлігі сары майдың келісін 2000-2500 теңгеден, қоспа мен құрттың келісін 1500 теңгеден сатты.


- Ауыл шаруашылық жәрмеңкесіне 20 бас жылқы, 20 бас сиыр және 15 бас қойдың еті жеткізілді. Жылқы етінің келісі 1500 теңгеден, сиыр еті 1400 теңгеден, қой еті 1300 теңгеден сатылуда. «Шарбақты-Құс» пен «Павлодар-Құс» кәсіпорындары 10 жұмыртқаны 180 теңгеге бағалап отыр. Бұл бағалар аталмыш өнімдердің нарықтағы бағасынан айтарлықтай арзан. Сонымен қатар, өңдеу орындары, облыс орталығының жылыжайлары жәрмеңкеден қалыс қалған жоқ. Қала тұрғындары мен қонақтары ет, сүт өнімдерін, бал мен көкөністің түр-түрін қолжетімді бағаға ала алады, - дейді Павлодар қалалық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылық бөлімі басшысының орынбасары Арман Асипов.


Еңбек еленді


Қала күніне орай ұйымдастырылған шаралар легі орталық жағалаудағы «Ертіс Promenade» сахнасында жалғасын тапты. Мерекелік кешке 30 мыңға жуық тұрғын жиналып, Ертіс өзенінің жағасында ине шаншар орын болмады. Облыс әкімінің орынбасары Асхат Оралов павлодарлық-тарды мерекемен құттықтады.
- Павлодар қаласы – тарихы терең, көрнекті адамдар дүниеге келген құтты мекен. Өмір сүруге, оқуға, жұмыс істеп, өзін-өзі дамытуға қолайлы қалалардың бірі деп білемін. Елбасы, ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай, Павлодар мәдениеті жоғары адамдармен ерекше-ленеді. Олай болса, басты байлығымыз – қала тұрғындары аман болып, шаһар шырайы арта берсін! – деді А.Оралов.


Ресейдің Омбы және Новосібір қалалары-ның ресми делегациясы да павлодарлықтарды құттықтауға арнайы келіпті.


- Павлодарға келген сайын қаланың өзгеріп, дами түскенін байқаймыз. Бұл – жасыл, таза, сәулеті көз тартар шаһар. Баспаналар мен спорт, мәдениет нысандарының көбеюі әлеуметтік-экономикалық жағдайдың жақсы екенін аңғартады. Павлодар мен Омбы арасында ертеден қалыптасқан байланыс, тәжірибе алмасу бар. Бұл әріптестігіміз алдағы уақытта да жалғасын табады деп сенемін, - деген ойын білдірді омбылық Амангелді Меңдібаев.


Салтанатты жиын барысында облыс әкімінің орынбасары Асхат Оралов №1 Павлодар қалалық ауруханасының


дәрігері Рашит Дүйсенбаевқа, «Павлодар облысы мен Павлодар қаласының Ауған соғысы ардагерлері мен мүгедектері» қоғамдық қорының төрағасы Байғабыл Майкотовқа және еңбек ардагері Мария Фесиковаға «Облыс алдында сіңірген еңбегі үшін» белгісін берді. Ал Павлодар қаласының әкімі Қайрат Нүкенов қалаға еңбегі сіңген Серік Әлиғожинов, Бағдат Балқыбаев, Амангелді Хамзин және Зинаида Пархоменко сынды азаматтарға «Павлодар қаласының Құрметті азаматы» атағы табыс-талды.


Қала тұрғындары мен қонақтарын отандық эстрада өкілдері – Қайрат Баекенов пен «Формат» тобы және шетелдік топ – «Morandi» құттықтап, әннен шашу шашты. Алматыдан келген өнерпаздар ерекше лазерлік шоу ұсынды. Ертіс өзенінің бетінде Павлодар қаласының көрнекті орындарының суреттері пайда болып, жиналған жұртшылықты таң қалдырды.

 

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА