Қос қуаныш

Өткен аптада ақсулықтар қос мереке – қала күні мен металлургтер күнін атап өтті. Шағын шаһардың дамуына үлес қосқан бір топ азамат марапатталып, мәдени-спорттық шаралар ұйымдастырылды.

 

Қала күнін мерекелеу Орталық алаңда құрылған киіз үйлер қалашығынан басталды. Мұнда түрлі көрме ұсынылып, ақсулықтар мен шаһар меймандары спорттық сайыстарда кіл мықтыны анықтады. Ал жергілікті әнші, биші, күйшілер өнерлерін ортаға салды.


Кейін С.Дөнентаев атындағы мәдениет сарайында қаланың дамуына сүбелі үлес қосқан еңбек ардагерлері мен металлургия саласының майталмандарына құрмет көрсетіліп, бірқатар марапат табысталды.


- Бүгінгі күнгі жетістіктер – сіздердің талай жылғы табанды еңбектеріңіздің нәтижесі. Ендігі ретте шаһарымыздың одан әрі дамуы – кейінгі буынға жүктелген зор жауапкершілік. Ұлы көштің ізін басып келе жатқан ұрпақ сіздер салған сара жолды жалғайды деп сенемін. Баршамызға қос мереке құтты болсын! – деді Ақсу қаласының әкімі Б.Ыбыраев.


Ал салтанатты шара мәдениет және демалыс саябағында жалғасты. Шаһар басшысы өңірдің өркендеуі үшін еңбек еткен азаматтарға «Ақсу қаласының Құрметті азаматы» атағын табыстады. ҚР Еңбек сіңірген әртісі Нұрлан Абдуллин, белгілі әнші Айдана Меденова және ресейлік эстрада өкілі Ханна өнер көрсетті.


Бұл ретте қала күніне орай Ақсуда алғаш рет дуатлоннан жарыс ұйымдастырылғанын атап өту керек. Оған шаһардың 58 жылдығына орай 58 адам қатысты. 7 жастағы баладан 70-тегі қарияға дейін


3 шақырым жүгіріп, 12 шақырымды велосипедпен өтті. Мәре сызығына жеткендердің барлығына қатысушы медалі табысталды. Ал озық атанған ақсулықтарға арнайы сый-сыяпат жасалды.


Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА