Жақында С.Торайғыров атын-дағы ПМУ ректоры Мейрам Бегентаев, аталмыш университет жанындағы Е.Бекмаханов атындағы өлке тарихы және этнографиясы ғылыми практикалық орталығының директоры Амантай Құдабаев, Ә.Марғұлан атындағы біріккен археологиялық ғылыми-зерттеу орталығының директоры Виктор Мерц сынды ғалымдар Май ауданының Ақшиман елді мекеніне арнайы барып, тарихи нысанды қай тұрғыда зерттеу керектігі жөнінде кеңес өткізді.

Экспедициялық жиынға аудан әкімі Марат Ақтаев та қатысып, осы бағытта қолға алынған жобаға қолдау көрсететінін жеткізді. Облыс орталығынан шыққан делегация алдымен Ақшиман ауылындағы Қайса ата кесенесінің басына аялдап, марқұмның аруағына Құран бағыштады. Одан кейін аңызға айналған Гауһар биігіне, Қызқұлаған шыңына, Әулие үңгірге және көне заманнан қалған ескі обаларға барды. Енді Май ауданына қарасты Ақшиман ауылының оңтүстік жағын алып жатқан «Қалмаққырылған» тауының бұлай аталу тарихын қысқаша баяндасақ...

18-ғасырдың 40-шы жылдары қалмақ қолы Баянауылды қоныс-танған қазақтарға Ертіс жағынан шабуылдап, жерін басып алмақшы болады. Бірінші болып Жасыбай батыр бастаған қазақ қолы жауға соққы береді. Ауыр шығынға ұшыраған жоңғарлар Сабындыкөлде ес жиып алып, қайта қарсыласады. Сол жолғы ұрыстарда Жасыбай батыр жоңғар мергенінің оғынан мерт болады. Десе де, қатары селдіреп қалған жау жазық далаға қарай қашып, Серектасқа (қазіргі «Қалмаққырылған») келіп бекінеді. Жасыбай батырдың кегін алмақ болған Олжабай қалың қолмен қуып келіп, осы жерде қалмақтарды түгелдей қырған екен. Содан ел аузында бұл алапат шайқас алаңы «Қалмаққырылған» деп аталып кеткен. Ақшиман елінде ақиқатқа негізделіп айтылған аңыз-әңгімелер өте көп. Мұндай дүниелер ғалымдардың зерттеуі мен тарихи кітаптарға енгізілмесе де, ауыздан-ауызға тарап, халықтың санасына сіңіп қалған және ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келеді. Мәселен, «Қалмаққырылған» тауларының бір шоқысы «Гауһар биігі» деп аталады екен. Гауһар (шын есімі – Майсара) – Малайсары батырдың туған қарындасы және Қабанбай батырдың жары. Ел аузында тараған әңгімелерге сүйенсек, Гауһар қыздың көзі өткір болған. Жаугершілік заманда биік шоқының төбесіне шығып, маңайды қарауылдап отырған. Егер бөтен адамның бейнесі байқалса, бірден ағасы Малайсары батырға хабарлайды екен. Міне, «Гауһар биігі» деген атау содан қалыпты. Бұдан бөлек, «Қыз құлаған» деп аталатын тағы бір шың бар. Бұл атау бертінде осы өңірде орын алған бір оқиғаға негізделіп қойылған. Әсия есімді қызды ата-анасы қалың малына қызығып, жасы егделеген бір байға беруді ұйғарады. Байғұс қыз сүйген адамымен тұрмыс құрып, өз теңімен өмір сүргісі келгенімен, оған ешкім құлақ аспайды. Теңдік іздеген ару бұл зорлықты көтере алмай, соңында шыңнан құлап, ғайып болған екен.

- Осы күнге дейін Қалмаққы-рылған тауына байланысты бірде-бір ғылыми тұжырым жасалмапты. Біздің бүгінгі айтып жүргеніміздің барлығы - ел аузындағы яғни, ата-бабалардан жеткен әңгімелер. Сондықтан, бұл жерге қатысты нақты ғылыми дәлелдер керек. Мысалы, соғыс нақты қай жерде болған, оған қанша жауынгер қатысқан. Ол кездегі қазақ батырлары қандай киім киіп, қандай қару ұстаған? Сонымен қоса, сол тұстағы адамдардың мәдениеті, салт-дәстүрі және діні қандай болған деген секілді сауалдар баршылық. Осының барлығына археологтар жауап бере алады. Яғни, қазба жұмыстары нәтижесінде табылған жәдігерлер арқылы тануға болады.

Міне, біздің сарапшылар осы бағытта жұмыс жүргізеді. Әйтпесе, барлық деректер ел аузындағы әңгіме жүзінде қалып қоятын түрі бар, - дейді Мейрам Бегентаев.

Е.Бекмаханов атындағы өлке тарихы және этнографиясы ғылыми-практикалық орталығының директоры Амантай Құдабаевтың сөзінше, «Қалмаққырылған» деген атауының өзі дұрыс емес. Себебі, бұл атау қалмақтар өзінен-өзі қырылып қалды деген мағынаға саяды. Дұрысы – «Қалмақ қырған» болуы керек. Мұхамеджан Тынышбаевтың, Әлихан Бөкейхановтың және Мәшһүр Жүсіп еңбектерінде солай, «Қалмақ қырған» деп жазылған. Ал оның толық атауы – «Қазақтардың қалмақтарды қырған жері» деген сөз болса керек.

- Қазақ халқының ел болып қалыптасуы жолында орын алған тарихи оқиғалар баршылық. Солардың бірі – он сегізінші ғасырдағы қазақ-жоңғар шайқасы болған «Қалмаққырылған» таулары. Біздің орталық биыл жергілікті ғалымдармен бірлесіп, осы жерге кешенді зерттеу жүргізуді қолға алды. Сол кездегі тарихи оқиғадан қалған белгілердің жиынтығы ретінде «Қалмақ қырған» деп аталатын тарихи кітап шығаруды қолға алдық, - дейді Амантай Жетпісұлы.

Құрастырылып жатқан жаңа кітап, мазмұны жағынан төрт бөлімге бөлінген. Бірінші бөлім – археологиялық зерттеулердің нәти-жесінде табылған жәдігерлерге байланысты ғылыми анықтамалар. Екіншісіне жалпы қазақ-жоңғар шайқасы туралы мақалалар топтас-тырылады. Мысалы, «Жоңғар хандығы деген не?», «Қазақ хандығы қалай әрекет еткен?», «Қазақ-жоңғар саяси-әлеуметтік қатынастары қалай болды?»

«Шайқас неден басталды?» деген секілді сұрақтарға жауап береміз. Бұл ретте, белгілі ғалымдар – Әлкей Марғұланның, Мұхамеджан Тынышбевтың, Бичуриннің, Златкиннің ғылыми еңбектерін ақтарып отырып, сол кездегі тарихи ахуалға шолу жасаймыз. Бұдан бөлек, Едіге Уәлихановтың «Қазақ-қалмақ соғысының саяси мәні» деген еңбегін пайдаланамыз. Жалпы, қазақтар мен қалмақтар бір-бірімен өмір бойы соғысып өткен жоқ.

Жақсы дипломатиялық қарым-қатынас орнатқан кездері де болды. Бір-бірімен қыз алысып, қыз берісті. Міне, осы жағдайлардың барлығына кеңінен тоқталатын боламыз, - деді Амантай Жетпісұлы. Кітаптың үшінші бөлім осы соғыста ерлік көрсеткен қазақ батырларына арналады. Бар ғұмырын ел қорғауға арнаған дала баһадүрлерінің өміріне байланысты тарихи фактілер топтас-тырылады. Ал төртінші бөлімге осы «Қалмақ қырылған» тауларына байланысты ел ішіндегі әңгімелер мен жер атауларының түпкі мәні туралы мәліметтер беріледі.

Осы жолғы экспедицияның нәтижесінде Ә.Марғұлан атындағы біріккен археологиялық ғылыми зерттеу орталығының директоры Виктор Мерц бастағын жергілікті ғалымдар тобы шайқас алаңдары болуы мүмкін деген болжамды жерлерде археологиялық қазба жұмыстарын бастайтын болды.

Сонымен қатар, Ақшиман ауылына қарай баратын автожол бойына үлкен стелла тұрғызып, Әулие үңгір маңайына ескерткіш тас орнататын болып келісілді. Мұнда «Қалмаққырылған» шайқасының тарихы туралы қысқаша анықтама жазылатын болады.

 

Тілеуберді САХАБА

Ақшиман ауылы, Май ауданы.

saryarka-samaly.kz