Өңірімізде Бақыт ағаны білмейтін адам кемде-кем шығар, әсіресе көңілі ашық, көкірегі ояу, үлкен, сақа адамдар арасында. Ардагер журналист, бертін денсаулығы сыр бере бастағанша, жазса жазудан, топ алдына шығып сөйлесе сөзден алдына жан салмайтын. Адамгершілігі мол, инабатты, кішіпейіл еді, кеуде керіп, ірілік көрсету ол кісіге жат болатын.

Мен Бақыт ағаны 1966 жылы «Қызыл ту» /қазіргі «Сарыарқа самалы»/ газеті үлкен мәжіліс өткізгенде, штаттан тыс авторларының бірі ретінде қатысқанымда тұңғыш рет кездестіріп, танысқан едім. Ол кісі ҚазМУ-дің журфагының студенті ретінде газетте жұмыс тәжірибесінен өтіп жүр екен. Бәкең маған жиналыстың қай жерде өтетінін, оған қалай жетуге болатынын тәптіштеп түсіндіріп, жол сілтеді. Ауылдан келген мені баласынбай, керісінше, теңіндей дидарласқаны маған қатты әсер етті. Жасыратыны жоқ, аты дардай университеттің студенті маған үлкен ғұлама ғалымдай, атақты журналистей болып көрінді. Мен сонда ағаның бас-аяғына, үстіндегі киіміне дейін көз тастап, келешекте мен де сол кісідей болсам деген қиялға ерік беріп едім.

Кейін Бәкең облыстық газеттің белді тілшісіне айналып, республикаға есімдері мәшһүр майталман қаламгерлерімен иық тіресе жұмыс істеп жүрген күнде де сол қарапайым мінезінен бір ауытқыған емес, біреулер тәрізді кісімсіну, өркөкіректік көрсету оған жат болатын. Өзінен үлкен кісімен де, кіші мен де ойнап-күліп, қалжыңдасып жүре беретін, бір себептермен ашуланса да, зілсіз, тез ұмытуға тырысып, кек сақтамайтын. Кейін бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы, редактордың орынбасары болғанда да сол қалпынан бір өзгерген жоқ. Естуімше Бақыт ағаны талай жоғары лауазымдарға шақырған екен, ол бірақ газетті қиып, тастап кетпепті.

Мен редактор кезімде редакцияға алынған жас, болашақ журналистерді осы кісі тәрізді тәжірибелі аға буын қаламгерлер шеберханасынан өткізіп алуды дағдыға айналдырған едім. Бақыт ағаның ақылы, кеңесі, өмірден алған тәжірибесі ізденген, талпынған, үйренем деген талай жасқа азық болды. Ол кісінің өмірлік принципі «ақын болуың шарт емес, азамат болуың - борышың» еді.

Бақыт аға кең пейілді, ақылгөй, батагөй адам болатын. Ол кісінің берген батасы ерекше, құлаққа жұғымды, көңілге жайлы еді. Бір жылдары елге шығып, газет оқырмандарымен жиі кездесулер ұйымдастырып жүргенде «кезінде Бәкең Балқия жеңгей екеуі біздің үйлену тойымызды басқарып, өткізіп еді» деген отбасылардың жылы лебізіне талай куә болдық. Сонда мен айтатынмын, «облысымыздағы алғашқы асабалардың бірі осы Бақыт аға шығар» деп.

Бақыт ағаның еңбегі еленбей қалған жоқ. Кезінде «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен, Қазақстан Республикасының мерейтойлық медальдерімен, министрдің мақтау қағазымен, облыс әкімінің гранттарымен марапатталған болатын.

Жаратушы Алла, марқұмның жатқан жерін нұрландырып, қияметтегі амал дәптерін оңынан қылып, жаннатты нәсіп етсін!

 

Мұхит ОМАРОВ, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстанның Құрметті журналисі.

saryarka-samaly.kz