Анна Алматы Универсиа-
дасының алғашқы күнінен-ақ елдің назарында. Павлодардың даңқын аспандатып тұр шынашақтай ғана шаңғышы қыз. Бір өзі үш медаль тақты мойнына. Екеуі – қола, біреуі – алтын. Алғашқы екеуін жекелей сында иеленді. 
Соңғысының сыңғыры командалық спринтте естілді. Көкшетаулық Олжас Климинмен бірге шыққанды жарыс жолына. Екеуі де жерге қаратпады. Олар – 
Универсиада чемпионы! Екінші орынды Франция жұбы иеленді. Үздік үштікті Ресей түйіндеді.

23 жастағы Анна – Қазақ спортының жарық жұлдызы. Бұл – 
мамандар пікірі. Оның алар асуы 
әлі алды. Аяқ алысы жақсы. Құдайым тіл-көзден сақтасын.

Анна – көңілді қыз. Мінезі – ашық-жарқын.

...Төртінші әлде бесінші 
сынып. Аннаның шамамен 10 жасар кезі. Музыка пәні жүріп жатады. 
Әнмен тербеліп отырған оны сыныптас құрбысы шаңғы 
үйірмесіне қатысуға шақырады. Еш ойланбастан келіседі. Әлгі қызбен бірге жаттығады. Бірақ ол әу баста бұған хобби деп қана қарайды. Жазда шаңғыны 
мүлдем ұмытады. Тек, 14 жасында 
ғана шаңғы спортының жүрек қалауы екенін түсінеді. Осылайша, жыл бойы тынымсыз жаттығулар 
басталады. Төккен тер текке кеткен жоқ. Анна ұлттық құраманың белді мүшесіне айналды. Десе де, сәтсіздіктер де жоқ емес.

- 2016 жылғы маусымды 
жақсы бастадым және ерте аяқтадым. Аяғымды сындырып алдым. Бейнет шығар. Үш ай жаттығуға қатысқан жоқпын. 
Әлем Кубогында бақ сынауым керек еді. Бұйырмады. Мамыр айынан бастап жаттығуға кірістім. Өзімді аяған жоқпын. Туған 
жерімде өтетін Универсиадада 
жүлде алуым керек. Осындай 
мақсат қойдым. Мақсатыма 
жеттім. Әр сәтсіздіктің артында жақсылық бар. Өзіңе сену керек, - 
дейді шаңғышы А.Шевченко.

Аннадан әлі де жүлде күтеміз. Оның Алматы аламанынан 
тағы да медаль алатын мүмкін-
дігі бар. Жүрісінен жаңылмаса екен.

А.Шевченко кеше Универсиададағы төртінші медалін олжалады. Эстафета жарысында жерлесіміз Ирина Быковамен және ақмолалық Ольга Мандрикамен бірге өнер көрсетіп, күміс жүлдеге қол жеткізді. Осылайша, Анна Алматыдағы студенттер ойынында барлық медальдар жиынтығын иеленген алғашқы қазақстандық спортшы атанды. Енді жерлесімізде Универсиаданың алтыны мен күмісі және екі қола медалі бар. Cөз жоқ, Анна - алтын қыз.

Сондай-ақ, тағы бір павлодарлық шаңғышы И.Быкова да Универсиада жүлдесінің дәмін татты. Жүлде құтты болсын, жерлестер!

saryarka-samaly.kz