Бәкең – біздің жолбастаушымыз. Белгіленген күндері жиналып, тақырыптарды белгілеп, мақала жазуға тапсырма береді. Арамыздан шығарушы редактор сайлап (мені қоярда-қоймай «Жас қаламның» редакторы етіп таңдағандары есімде), жауапты салаларды бөлісетінбіз. Сөйткен, біраз қыз-жігіттер мақала жазудың қыр-сырын алғаш таныдық. Бәкең сол жымиған қалпы, көсіле сөйлеп, мәселенің түбін қаузауды тапсыратын. Сол кездегі талпынысымызды бағалады ма, Бақыт ағаның ұсынысымен, Мұқаңның қолдауымен соңғы курсқа көшкенде, штаттан тыс тілші ретінде алғаш рет тәжірибе жинақтадым. Бақыт ағаның берген көмегінің арқасында тырнақалды дүниелерім жарық көрді. Бірте-бірте өзіме, жазуыма деген сенімім қалыптасты. Әдебиетке құмар біздің бойымыздан көркемсөзге деген ынтызарлық байқалып тұратын. Сөйтсек, журналистиканың ерекшелігі – көпшілікке мәселені түсінікті тілмен, жайлап жеткізу. Қаламгер ағалар осыны талап ететін. Осылайша, бір жылдан соң мұғалім мамандығы бойынша оқу бітіргеніме қарамастан, басқа жаққа бұрылмай, тура редакцияға тарттым. Бәкеңдер қолдап, Мұқаңның бекітуімен, біржола жұмысқа қабылдандым. Бұл жылдар мен үшін қалыптасу кезеңі болды. Бастапқыда ауыр көрінген істерден мол сабақ алып, кейін сол сыбағам үшін алғыс айтатын болдым. Осындай жағдайда ысылып, бүгінгі күнге жеттік. Осы күнге дейін қалжың айтып, редакцияға бас сұғып, бізді бір құшақтамаса көңілі көншімейтін еді...

Бақыт ағаны облыс жұртшылығы да жақсы таниды. Оқырмандармен кездесуде алқалы топтың алдына шығып, ғибратты әңгімелердің тиегін ағытқанда, шулы топ сілтідей тынып, ауыздарынан суы құритын. Бәкеңнің жанында іні ретінде қандай қызмет еткенімізді білмеймін, бірақ аға ретінде одан ұлан-ғайыр дүние сіңірдік деп ойлаймын. Әсіресе, редакциялық сапарларда оның жанында жүрген адам небір халық ауыз әдебиетінің маржан үлгілерін тыңдап, құлақ құрышын қандыратын. Ұмытыла бастаған аңыз-әңгімелерді шертетін еді. Редакцияда қызмет еткен 40 жылдан астам уақытының соңғы 10 жылында Бақыт ағаның жанында жүргенімді өз басым бағым деп санаймын. Жас тілшіге ағалардың ақылы, мінезі, жүріс-тұрысы - бәрі үлгі. Бақыт аға өзінен бұрын редакцияда істеген ардагерлер туралы, өзінің тұстастары мен кейіннен ілескен інілері туралы әрдайым жақсы сөздер, өнегелі әңгімелер айтып, мақтап отыратын. Жарқылдаған мінезі, аңқылдаған жүрегімен бауырына тартатын. Қалжың әңгімелерінің өзі - бір төбе. Актерлік шеберлігін ешкім қайталай алмас. Көп алдына шыққанда арқаланып, түйдік-түйдек өнегелі сөздер төгетін еді.

Биылғы ақпан айында ғана «Сарыарқа самалы» газетінің 90 жылдығына орай өткен іс-шараларға қатысып, естеліктерін айтып, қазіргі редакциядағы жастарды мақтап еді. Тақпақтап сөйлеп, шақпақтап ой айтып кететін. Жамбасы енді жерге тиіп жатқан ағамыз туралы естелік жазу да оңай емес екен. Бір білетініміз, біз осы ағалардың батасын алғанымызға ризамыз. Шәкірті болып, аманатын арқалап, ақтай алсақ - парызымызды орындай білгеніміз. Бақыт аға да кешегі ағалардың жолын жалғады, кейін бізге табыс етті. Бізге бұл аманат қанат бітіріп, міндет жүктейді.

Бақұл болыңыз, Бақыт аға! Асқар таудай болып есіктен күліп кіріп келе жататын ағамыз енді редакция табалдырығын аттамайды дегенге сенгіміз келмейді-ақ. Амал нешік, Алланың ісі. Ұрпағыңызға ғұмыр берсін. Жаныңыз жұмақта шалқысын...

 

Нұрбол ЖАЙЫҚБАЕВ, «Сарыарқа самалы» газетінің бас редакторы.

saryarka-samaly.kz