Олардың қатарында 50 адамға 252 мың теңгеден берілсе, 1 көпбалалы ана 505 мың теңге көлемінде қайтарымсыз қаржы алды. Пограничник ауылының тұрғыны, күміс алқа иегері Шолпан Ахметова «Болашақ» жеке кәсіпкерлігін ашып, құс өсіруді қолға алды.

Шолпан Ринатқызы - Күміс алқа иегері, 6 баланың анасы. Тұңғышы - 22 жаста, ал кенжесі биыл мектеп табалдырығын алғаш аттамақ. Бұған дейін тұрғындардың тырнақтары мен шаштарын әрлеп, Ақсу қалалық мәдениет сарайында би үйірмесін жүргізген. Енді мемлекеттен 505 мың теңге қаржы алып, оған осы уақытқа дейін тірнектеп жинаған ақшасын қосып, 220-дан астам қаздың балапанын сатып алды.

- Ес білгелі ата-анам ауылда құс өсірумен айналысты. Біз оларды қалай күтіп-баптау керектігін көріп өстік. Сондықтан «Бастау» бойынша бір айлық курс оқып, кәсібімді бастауды жөн деп шештім. Бала арманымды жүзеге асыруға «Еңбек» бағдарламасы көмектесті. Бұл – өз ісін ашуға ниеттілер үшін мол мүмкіндік. Мемлекет тарапынан жасалып жатқан бағдарламаларды дұрыс пайдалансақ, елімізде жұмыссыз адамдар болмайды деген ойдамын, - дейді құс шаруашылығын қолға алған Шолпан Ахметова.

Қаздың балапандары өскен соң сатып, содан пайда көрмек. Балапандарды өсіруге балаларының да қолғабыс ететіні сөзсіз. Өйткені, балаларының болашағы жарқын болсын деген ниетпен жеке кәсібіне «Болашақ» деген атау берген екен.

Айта кетелік, «Еңбек» бағдарламасы аясында грант алғандардың қатарында шаштараз салонын, ағылшын тілі орталығын, пластикалық құбырларды орнату бойынша қызмет көрсету орнын, массаж кабинетін ашқан тұрғындар бар.

 

Ақмарал ЕРМАНАТ

Ақсу қаласы.

saryarka-samaly.kz