Солардың бірі – Сарыарқа шағын ауданында «7-20-25» бағдарламасы аясында салынып жатқан №25 баспана. Жауапты мердігер – «Жәрдем» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Жалпы ауданы бес мың шаршы метрді құрайтын баспананың бүгінде жеті қабаты салынып біткен. Компания өкілдерінің айтуынша, құрылыс барысында пайдаланылған материалдардың 90 пайызы - павлодарлық өнім. Бүгінде олар құрылыс қарқынын үдете түскен. Нәтижесінде 72 пәтер- лік тоғыз қабатты тұрғын үй ағым-дағы жылдың қараша айында тұрғындар игілігіне берілмек.

Бұған дейін өңірдегі тұрғын үйлердің құрылыс барысымен танысқан облыс әкімі Болат Бақауов Сарыарқа ауданындағы үйлер осы жылдың 1 желтоқсанына дейін тапсырылуы тиіс деп талап қойған болатын. Бұл ретте мамандар белгіленген мерзімге дейін жұмыстарды аяқтауға уәде берді. Павлодар қалалық құрылыс бөлімі басшысының орынбасары Дәурен Усахановтың айтуынша, қазіргі уақытта облыс орталығындағы тұрғын үйлер құрылысы қарқынды. Салынып жатқан тоғыз үйдің бесеуі «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ-ның салымшылары үшін, үшеуі «7-20-25» бағдарламасы бойынша, біреуі жергілікті атқарушы органдардың кезек күтушілеріне арналған.

Жалпы, осы жылдың соңына дейін мемлекеттік бағдарламаларға сәйкес 10 үйді пайдалануға беру жоспарланған. Айта кетерлігі, олардың біреуінің құрылысы өткен жылы басталып, бүгінде ел игілігіне берілген. Құрылыс жұмыстарын бес мердігер компания жүргізуде. Жаңа үйлердегі пәтерлер кең, тұрғындарға қолайлы етіп жасалған. Негізінен екі және үш бөлмелі пәтерлер.

- Сарыарқа шағын ауданындағы құрылыс пен абаттандыру жұмыстары 2021 жылдың соңына дейін аяқталады деп жоспарлануда. Бүгінде мұнда бұрынғы Алюминстрой ауданынан қалған 49 сүрілмеген үй бар. Келесі жылы бұл үйлердің орнына тағы көпқабатты 10 үй салу көзделіп отыр. Тұрғын үйлердің бір шаршы метрінің құны 140-160 мың теңге шамасында болмақ, - деді Д.Усаханов.

Айта кетейік, құрылыс жұмыстарына кедергі келтірген мәселелер де бар. Мәселен, жоғарыдағы №25 үйдің жанында сүрілмеген екі қабатты ескі үй тұр. Бұл үйдің орнында №29 үйдің құрылысы жүргізілуі қажет еді. Алайда ол үйдің тұрғындары жергілікті билік ұсынған баспанаға көшпей, бас тартқан. Осының салдарынан жаңа үйдің құрылысы кешіктіріліп, жауапты мамандар оны басқа орынға көшіруге мәжбүр болған. Д.Усаханов соған қарамастан аталмыш үйдің құрылысы уақытында аяқталады деді.

Облыс орталығындағы Достық шағын ауданында құрылыстың бірінші кезеңі жүзеге асырыла бастаған. Бүгінде мұнда жылу желілері толығымен тартылған. Жыл соңына дейін орталықтандырылған су, жарық жүйелері іске қосылмақ. Биыл мұнда төрт үйдің құрылысы басталады деп жоспарлануда. Олардың екеуі «Nurly Ertis» бағдарламасы бойынша қоныстанушыларға арналған.

 

Мереке АМАНТАЙ

saryarka-samaly.kz