- Айзада Амангелдіқызы, Ата Заңымыз мемлекеттің басты құқықтық құжаты екенін білеміз. Сіз үшін Конституцияның құны қандай?

- Бұл басты заңымыз бүкіл мемлекетіміз бен қоғамымыздың дамуының берік іргетасы ғой. Баршамыздың тең құқылы екенімізді меңзейтін құжат. Құқықтарымыз бен бостандықтарымызға кепіл болады. Яғни, еліміздің барлық азаматтарының, мемлекеттің саяси әрі өзара жауапкершілік қағидаттарына кепілдік беретін маңызды саяси және құқықтық құрал деп білемін. Бұл Заңымыз елімізді әлемге тәуелсіз мемлекет ретінде әйгілеп тұр. Жарқын істеріміздің қайнар бастауы десе болады. Ата Заңымыз қабылданған сәттен бастап Тәуелсіздіктің туы желбіреп, дербес, егеменді елдер қатарына қосылдық, алға қарай дамуымыздың жаңа сатысына көтерілдік. Конституциямыз еліміздің бірлігінің, тұтастығының белгісі іспеттес. Елбасымыз айтқандай, Ата заң мемлекеттік биліктің қайнар көзі – халықтың өзі екенін айқындады, жаңа Конституция қабылдау арқылы Қазақстан жаңа дәуірге қадам басты. Осындай бақытқа кенелтіп отырған басты құжатымыз құнды болмауы мүмкін бе?!

- Заманның өзгеруіне қарай заңнамалық құжаттарға түрлі өзгерістердің енгізіліп тұруы заңды екенін көпшілік біледі. Осы ретте, халықтың құқықтары қорғалып, міндеттерінің орындалуына бағытталған қандай заң жобаларының әзірленуінде қалдырған қолтаңбаңыз бар? Жалпы, көпке көріне бермейтін жұмысыңыз жайлы айта кетсеңіз?

- Мәжіліс қабырғасында 21 заңға толықтырулар мен өзгерістер енгізуге атсалыстым. Соның ішінде «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік функцияларды бәсекелес ортаға беру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік қызметтер көрсету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының (Бастамашы заң) жетекшісі болдым. Мемлекеттік қызметтер көрсету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заңға 777 ұсыныс келіп түсті. Аптасына 3-4 рет жұмыс тобының отырысы өтеді. Сонда осы келіп түскен ұсыныстардың әрқайсысын жеке-жеке талқылап, ойымызды ортаға саламыз. Осы заң аясында дөңгелек үстелдер, көшпелі отырыстар және тағы да басқа іс-шаралар өткізіп, ұсыныс-тілектердің қаншалықты қисынды яки қисынсыз екенін пісіріп аламыз. Жалпы, кез келген заңнамалық өзгерістерді қолға алмас бұрын оның конституциялық талаптарға қаншалықты сай келетіні ескеріледі. Бұл дегеніңіз әр қадамымызда басты заңды басшылыққа аламыз.

Конституциялық новеллаларды өмірге енгізу үшін үш бағытта жұмыс жүргізіледі. Біріншіден, заңдар және басқа құқықтық актілер қабылданады, яғни жаңартылған Конституцияға қолданыстағы заңнаманы сәйкестендіруге күш салынады. Екіншіден, жаңа құқық қолдану практикасын қалыптастыруға мән беріледі. Үшіншіден, қоғамдық сананы, соның ішінде азаматтар мен мемлекеттік қызметшілердің құқықтық мәдениетін жаңғырту қолға алынады.

- Сіздің ойыңызша, Конституцияның әр бабында жазылған талаптар орындалып жатыр ма?

- Қоғамның өркендеуіне қарқын қосып, Қазақстан халқының бірлігіне жол бастаған Ата Заңда бекітілген республикамыздың тұғырлы қағидаттары бүгінде өзінің өміршеңдігін дәлелдеп келеді деп ойлаймын. Қазақстан халықаралық қоғамдастықта лайықты орын алғанына да куәміз. Әрбір қазақстандық болашаққа бағдар алған мемлекетіміздің тұрақты дамуының кепілі Конституцияның мемлекет пен қоғам үшін ғана емес, өзінің жеке басы мен отбасы үшін де маңыздылығын терең сезінеді. Әлбетте, талаптар орындалуда. Орындалуы жан-жақты қадағаланатынын да көпшілік біледі.

- Айзада Амангелдіқызы, атаулы күнге орай айтарыңыз болса, мархабат...

- Еліміздің тыныштығын тілеймін! Жалпы, адамзат қоғам, әлеумет болып басы құралған тұста бір заңға, ортақ ережелерге бағынуы – заңдылық. Ежелде қазақ халқы да өз заманының заңына мойынсынды. Ұлт болып ұйысу үшін, ел болып құрылу үшін заң шеңберінде тірлік етпесе болмайтынын түсінді. Сондықтан, бар байлғымыздың қорғаны Ата заңымыздың қадір-қасиетін терең түсінуіміз керек. Ұрпағымыз осыны ұғынуы керек. Бастысы, Тәуелсіздігіміз нығайып, бірлігіміз бекемдей түссін. Ел іргесі бүтін болсын.

- Сұхбатыңызға рақмет!

 

Сұхбаттасқан – Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.

saryarka-samaly.kz