29-маусымның шымылдығын жапқан «Балалық шаққа саяхат» қойылымы өткен маусымның соңғы премьерасы еді. Екі күннің ішінде павлодарлық көрермендердің жоғары бағасына ие болған туындыны бұған дейін өңір басшысы Болат Бақауов көпшілікпен бірге тамашалаған болатын.

Жаңа маусымды жаңа серпінмен ашамыз деген театр басшысы Арман Темірбекұлы ұжым жазғы демалыстан кейін мерейтойлық кезеңде қарқынды жұмыс істейтінін айтты.

- Біздің алдымызға қойған мақсатымыз көп. Қазірдің өзінде актерлер мен шығармашылық топ бірқатар ауқымды істерге қызу дайындық үстінде. Атап айтар болсақ, осы айдың 20-25-і күндері аралығында Семей қаласына жол жүреміз. Онда қазақ киносының анасы Әмина Өмірзақованың туғанына 100 жыл толуына орай ұйымдастырылып жатқан республикалық фестивальде өнер көрсетеміз. «Балалық шаққа саяхат» спектаклімен баруды жөн көріп отырмыз, - деді А.Темірбекұлы.

Бұдан бөлек, театр қазан айының 10-14 аралығында Ақтау қаласында өтетін халықаралық фестивальде бақ сынамақ. Онда Әбіш Кекілбаевтың Уильям Шекспирден аудармасы «Король Лир» моноспектаклін сахналамақ. Сонымен қатар 1-4 қазанда Қарағанды қаласына дәстүрлі гастрольдік сапармен баруды жоспарлап отыр.

Жергілікті көрермендер үшін де театрдың әзірлеп жатқан тосынсыйы аз емес. Қазіргі таңда Алматы қаласындағы Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының қоюшы режиссері Данияр Базарқұлов Павлодарға келген. Ол ұжыммен бірге қазан айында өтетін жаңа қойылымның премьерасын дайындауда.

Жаңа маусымға құлшына кіріскен театр ұжымының маусымашары 11 қыркүйек күні, сағат 19.00-де болады. Театрға асығыңыз, ағайын!

 

Қарлығаш ХАШЫМҚЫЗЫ

saryarka-samaly.kz