Ұрпаққа - өнеге

Мерейтойға ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Арман Қани, Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер мұражайының ғылыми қызметкері Ербол Қайыров, тарих ғылымдарының докторы, профессор, С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің Ермұхан Бекмаханов атындағы тарих және өлке этнографиясы ғылыми-практикалық орталы-ғының директоры Амантай Құдабаев, Майра Шамсутдинова атындағы ән-өнер шығармашылығы мұражайының басшысы Ерлан Рахимов, Құдайберген Әлсейітовтің ұрпақтары, аудан ақсақалдары және жастар қатысты.

Құдайберген Әлсейітов 1884 жылы туған. Суырыпсалма ақын, әнші-композиторды туа бітті дарыны ел алдында әйгілеген. Ол небары 11-12 жасынан «бала ақын» атанған. Павлодар, Көкшетау, Қызылжар, Ақмола қалаларымен қатар, Ресейдің Омбы өңіріне де арнайы барып, ән салған. Бертінде Қоянды, Қараөткел жәрмеңкелерінде ән шырқап, ат ойынын көрсеткен. Әлсейітовтің көптеген музыкалық шығармалары ел арасында «Құдайбергеннің әні», «Баласы Әлсейіттің Құдайберген», «Құдайбергеннің термесі», «Құдайбергеннің желдірмесі», «Құдайбергеннің Хадиша қызбен айтысы» деген атпен кең тараған.

Қ.Әлсейітовтің әндері - терме жанрына тән жеңіл ырғаққа құрылған туындылар. Ертіс өңірінің белгілі әншісі Иса Байзақовтың жеті түрлі желдірмесі бар. Осы әндердің ең үлкен желдірмесін И.Байзақов Қ.Әлсейітовтен алдым дейді. Ұстазының өнерін көрсеткенде: «Біресе жата қалып, домбырасын төсіне қойып, бірнеше рет домалап тұра келіп, мойнын бір жағына бұрып, пряжкенің атындай басын сүзіп, ілгері баса жүгіре айтып, әбден айызыңды қандырады», - дейді.

Ғылыми-практикалық конференцияда Железин ауданы әкімінің орынбасары Манат Келдібеков ақын мұрасы ұрпаққа аманат екенін айтып, шараның маңыздылығына тоқталды.

- Железин ауданында есімі ел жадында қалған көрнекті тұлғалар аз емес. Соның бірі ғажайып өнер иесі - Құдайберген Әлсейітов. Ол танымал қазақ әншісі, композитор Иса Байзақовтың ұстазы болды. Мерейтой қарсаңында жас ақындар арасында айтыс ұйымдастырып, ақын шығармашылығына арналған кітаптың тұсауын кесуді жөн санадық. Осындай шара арқылы өскелең ұрпаққа Құдайберген бабамыздың өмір жолын, еңбектерін насихаттамақпыз, - деді М.Келдібеков.

Шараның құрметті қонағы, елімізге танымал ақын Арман Қани айтыс, ән өнерінің көрнекті өкілі Құдайберген Әлсейітовті тану енді ғана басталғанын атап өтті.

- Кезінде Иса ақынның ұстазы – Құдайберген дегенді еститінбіз. Оның бойындағы дарындылық, талант шәкірті Иса Байзақовқа көшкен деп білеміз. Жас кезімізде «Құдайбергеннің Хадиша қызбен айтысы», «Құдайбергеннің Үкілі Ыбыраймен айтысын» оқып жүрдік. Ербол Қайыров бауырымыз Қ.Әлсейітов жайлы ғылыми мақалаларды, зерттеулерді жинақтап, кітап шығарды. Бұл ақынды танудағы алғашқы қадам деп білеміз. Қазақ өнерінің туын желбіреткен Құдайберген Әлсейітовтің мол мұрасы - ұрпақ үшін өнеге, - деді А.Қани.

Бұл күні қонақтардың назарына Құдайберген Әлсейітовтің бүктемелі домбырасы ұсынылып, жиналған қауым ақын шығармашылығына арналған шағын көрмені тамашалау мүмкіндігіне ие болды.

Тарих ғылымдарының докторы, профессор Амантай Құдабаев Құдайберген Әлсейітов жайлы ұстазынан білгенін айтады.

- Мұндай ауқымды шара қазақ үшін қажет деп айтар едім. Қазақ халқы маңдайына біткен асыл тұлғаларды қадірлеп, қастерлей біледі. Мол мұраны шашпай-төкпей өскелең ұрпаққа қалдырып келеді. Мен алғаш Құдайберген Әлсейітовтің есімін 1982 жылы қазақтың заңғар жазушысы Ғабит Мүсіреповтің аузынан естідім. Оқуға жаңа түскен кезім болатын. Ғабит ағамыз менен «Иса Байзақов деген ақынды білесің бе?» деп сұраған еді. «Білемін» деп жауап бердім. «Ал Исаның ар жағында кім тұрғанын білесің бе?» деп тағы сұрады. Мен шынымды айтып, «білмеймін» деп жауап қаттым. Исаның ар жағында Құдайберген деген тұлға тұрғанын айтқан еді. «Құдайбергеннің бойында ақындықтан бөлек, қазақтың қанына біткен өнердің бәрі бар. Бірақ біз соны көре алмаймыз. Барлығымыз Исаны танимыз, оның ұстазын білмейміз. Сондықтан сен ғылыми жұмысыңды жазған кезде бер жағын емес, арғысына үңіл» деген еді. Сол сөз әлі күнге дейін ойымда қалған. Ол өз заманында Қапан Батыров, Шахан Мусин, Қалибек Қуанышбаев сынды өнер саңлақтарымен бірге жүрді. Оның өнеріне әйгілі композитор Ахмет Жұбанов, қазақтың ұлы жазушысы Мұхтар Әуезов жоғары баға берген. Академик Әлкей Марғұланның да еңбектерінде Құдайберген Әлсейітовтің есімі кездеседі, - дейді ол.

Шынында да, Құдайберген Әлсейітовтің қазақ әдебиеті мен өнеріне қосқан үлесі зор. Қазақтың ақыны Сәбит Дөнентаев былай деп жазған: «Өкінішті бір кемшілік, әдебиеттану ғылымы едәуір марқайып қалса да, ақындардың көпшілігінің творчествосы мен өмірбаяндарын әлі толық айқындап, анықтай алмауында. Ақын Құдайберген Әлсейітов творчествосының өзі - бір төбе». Осыдан-ақ Сарыарқаның саңлағы, әнші-композитор Қ.Әлсейітов ұрпағына өлшеусіз мұра қалдырғанын көреміз.

«Сарыарқаның дүлдүлі»

Мерейтой қарсаңында «Сарыарқаның дүлдүлі» атты кітаптың тұсаукесері өтті. Железин ауданы әкімінің қолдауымен жарыққа шыққан еңбекті Ербол Қайыров құрастырған. Оның айтуынша, бұл кітапқа айтыс додасының ақтаңгері, төкпе ақын Құдайберген Әлсейітовтің өмірі мен шығармашылығы турасындағы зерттеу еңбектері, ақын жырлары мен айтыс-тары енгізілген. Атап өтерлігі, ақын туындылары алғаш рет жинақ болып, халқымен қауышып отыр.

- Құдайберген Әлсейітовтің өмір жолы мен шығармашылығына қатысты деректер тұңғыш рет жинақталды. Кітапта ақын өлеңдері, Үкілі Ыбыраймен айтысы, Қадиша қызбен айтысы толық берілген. Еңбекке Қ.Әлсейітовті тұңғыш зерттеп, халыққа жеткізген Құдайбергентанушы Қанапия Асқаров бабамыздың барлық мақалалары енгізілді. Сонымен қатар, бабамызды зерттеген Ілия Жақановтың шығармалары, Ахмет Жұбановтың жазған еңбегі, Иса Байзақовтың ұстазы Қ.Әлсейітов жайында айтқан Сапарғали Бегалиннің де зерттеулері енді. Құдайберген Әлсейітовтің қазақ әдебиеті мен өнері үшін жасаған еңбегін атап өтуіміз керек. Бүгінгі кітап арқылы ақынды толық зерттеп болдық деп айта алмаймыз. Әлі де зерттеуді қажет етеді. Алдағы уақытта қолымызда қалған қолжазбалары толық зерттеліп, халыққа ұсынылады деген ойдамыз. Бұл бағыттағы жұмыс тоқтатылмайды, - дейді Е.Қайыров.

Нағашы аталарының құрметіне ұйым-дастырылған кешке Дәметкен және Сәруар Құдайбергенқыздарының балалары да қатысты. Олар Ербол Қайыровқа бағалы еңбегі үшін зор алғыстарын білдірді.

- Атаның қанымен, ананың сүтімен берілетін өнер біздің әулетте сақталып келеді. Ол кісінің ұрпақтарының барлығы да - ән-жырға жақын жандар. Өзім де бірнеше аспапта ойнаймын. Балаларыма нағашы атам жайлы жиі айтамын. Олар да өнерді жақсы көреді. Осындай мерейтой қарсаңында ұйымдастырылған шара үшін аудан басшылығына алғыс айтамын. Нағашы атам жайлы алғашқы кітап қолымызға тиді. Осындай құнды деректер арқылы бабамыздың бай мұрасы ұрпаққа аманат болып қалмақ, - деді ақынның жиені Амангелді Уақбаев.

Шара барысында ол атасының желдір-месін орындап, арнауын айтты. Сонымен қатар, Иса Байзақов атындағы филармонияның әншісі Ербол Айтпаев ән шырқап, тыңдарманның құлақ құрышын қандырды. Ал аудандық мәдениет үйінің әншісі Ақжол Әбдіреев Исаның желдірмесін орындап, халықтың ыстық қошеметіне бөленді.

Жыр маржаны төгілді

Ауқымды шараның көрігін аламан айтыс қыздырды. Ақындарын алақанда аялап, бәйгеге қосатын жыр додасына аймағы-мыздың әр ауданынан 12 ақын қатысты. Олар 6 жұп болып өзара өлеңнен өрнек салды. Жыр сайысына ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Арман Қани бастаған ақындар айтысының жүлдегерлері қазылық етті. Жиналған қауым ақындарға қолдау білдіріп, шабыт беріп отырды. Жыр додасында бақ сынаған ақындар халықты сөз құдіретімен сусындата білді. Олар Құдайберген Әлсейітовтің өмірбаяны мен шығармашылығын, Железин ауданының тарихын жырлап, қоғамдағы әлеуметтік мәселелерді көтере білді.

Аламан айтыстың қорытындысы бойынша бас жүлде Павлодар ауданының атынан қатысқан Алтай Қадірбекке бұйырды. Негізі қазылар алқасының шешімі басқаша өрілген еді. Ұпай саны бойынша көш бастап тұрған павлодарлық ақын Айбек Оралхан ағалық танытып, өз жолын өнердегі бауырына берді. Ал өзі бірінші орынды еншіледі. Тереңкөл ауданының намысын қорғаған жас ақын Қуандық Башой екінші орынға ие болса, үшінші орынды павлодарлық Нұрбек Бәкір қанжығасына байлады. Бұдан бөлек, аудан әкімінің арнайы жүлдесіне баянауылдық Мәрес Байрон лайық деп танылды. Ал Павлодар ауданынан келген Гүлшекер Батай Құдайберген Әлсейітов атындағы жүлдені иеленді. Барлық жеңімпаздар ақшалай сыйлықпен марапатталды.

 

Айдана ҚУАНЫШЕВА

Железинка ауданы.

saryarka-samaly.kz