Облыстық іріктеу кезінде жұлдызды тәлімгерлердің жүрек қылын дөп басқан Шыңғыс қазір Алматыдағы Республика сарайында өтетін балалар ән байқауына қызу дайындық үстінде. Әкесі Асығат Тұрғанбектің айтуынша, жас әнші жуық арада Алатаудың бөктеріне, Алматы қаласына жол жүреді.

- Шыңғыс қазір оқуын оқып, дайындығын пысықтап жүр. Финал уақыты жақындағанда өнер өлкесіне аттанады. Жұлдызды тәлімгері Арман Қоңыровпен бірлесіп байқауда орындайтын әндерін, сахналық киімдерін таңдайтын болады, - деді А.Тұрғанбек.

Байқаудың мақсаты – музыкалық және шығармашылық дарыны бар балаларды анықтап, оларға қолдау көрсетіп, болашақта жас таланттардың шығармашылығын дамытуға көмектесу.

Шыңғыстың жұлдызды тәлімгері, әнші Арман Қоңырбаев өзінің жас шәкіртінің республикалық байқауда да жеңіс туын желбірететініне сенімді.

- Шыңғыс «Бала дауысының» облыстық іріктеуіне үлкен дайын-дықпен келген болатын. Әр әнінің орындалуын мұқият қадағалайтын Шыңғыс үшін бұл - жауапты сәт. Біздің алдымызда үлкен міндет тұр. Ол - «Бала дауысы» Ұлттық балалар ән байқауының ІV маусымының жеңімпазы атану, - дейді А.Қоңырбаев.

Шыңғыстың биік белесті бағындыруына, құрметті оқырман, сіздер де атсалыса аласыздар. Ол үшін Ұлттық ән байқауының суперфиналында жерлесімізге SMS дауыс берулеріңіз керек. Байқау, 25-27 қазан күндері КТК арнасында тікелей эфирде өтеді.

Біз өз кезегімізде Шыңғысқа 2016 жылы «Бала дауысы» І Ұлттық ән байқауының бас жүлдесін жеңіп алған жерлестеріміз Мерхат Жылқыбаев пен Мария Затварницкаяның жеңісті жолын тілейміз!

 

Қарлығаш ХАШЫМҚЫЗЫ

saryarka-samaly.kz