Батырдың құрметіне орнатылған игі шараның ашылу салтанатына облыс әкімінің орынбасары Асхат Оралов, Май ауданының әкімі Марат Ақтаев, жерлесіміз, қоғам қайраткері Қуат Есімханов және басқа да зиялы қауым өкілдері, батырдың ұрпақтары, Май ауданының тұрғындары мен қонақтары қатысты.

- Тілеуқабыл батыр - елімізге ортақ тұлға. Біз айтулы ерлерімізді жарқыратып көрсетуіміз керек. Ол үшін өңірде ілкімді істер атқарылуда. Соңғы екі жарым жылда Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында аймағымызда бірқатар жұмыс жасалды. Мәселен, Павлодар облысындағы киелі жерлер географиялық картасы 43 жаңа орынмен толықты. Солардың жетеуі республикалық деңгейдегі киелі орындар картасына енгізілді. Бүгінде Май ауданындағы «Қалмаққырылған» тарихи орнына ерекше көңіл бөлудеміз. Осы жұмысқа облыс әкімінің қолдауымен 10 млн. теңге қаражат бөлінді. Бүгінде аталған тарихи орында ғалымдарымыз жұмыс жасауда. Жыл аяғында «Қалмақ қырылған» жері бойынша ауқымды конференция өткіземіз. Келесі жылы киелі жерлерді сақтау, халыққа насихаттау мақсатында тағы да арнайы қаржы бөлетін боламыз. Алдағы уақытта «Ауыл - ел бесігі» бағдарламасы бойынша Май ауданында бірқатар жұмыс атқарылады, - деді Асхат Оралов.

Салтанатты шара барысында ән әуелеп, күй күмбірледі. Жергілікті өнерпаздар тарихи өлкені әуезді әнге бөледі. Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, ақын, шараны ұйымдастырушылардың бірі Қанат Шайғазин арнау өлеңін айтып, Май өңірінің тарихын жырына арқау етті.

Қоғам қайраткері, Май ауданының Құрметті азаматы Қуат Есімханов ескерткіштің ашылуымен ауылдастарды құттықтап, Май өңірінің азаматтары атқарған шараға жоғары баға берді.

Тарихи деректерге сүйенсек, Абылай хан Тілеуқабыл батырға ерекше сенім артқан екен. Тіпті, ол келмейінше жорыққа шықпайтын болған. Жаңатілек ауылында туып-өскен батыр қазақ-қалмақ арасын- дағы соңғы ұрыстардың бірі болған «Шаңдыжорық» шайқасында Солтанмәмет сұлтанның Батыс Қазақстан жақтағы жорығына қатысты деген болжам айтылады.

Тілеуқабыл Дәулетбайұлы туралы деректер, белгілі тұлға, этнограф, философ Мәшһүр Жүсіптің еңбектерінде жиі кездеседі. «Иман десе иман екен; ат - арыстан, нұр - пейіштен хақ сөз». «Тілеуқабыл аты қалып, батыр атанып кеткен» деген ғұламаның бір ауыз сөзінің өзі Тілеуқабыл батырдың аруақты ер болғанын айқын көрсеткендей.

Хас батырдың мүсінін Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, жерлесіміз Тұрар Төлеев жасады. Ескерткішке шығындалған қаражатты батырдың тікелей ұрпағы - Сүлеймен Жүнісов көтерді. С.Жүнісов әйгілі балуан Жақсылық Үшкемпіровтің шәкірті екенін айта кеткен жөн.

Сондай-ақ ескерткіш пен монументтің бой көтеруіне бірқатар азаматтар демеушілік жасады. Атап айтсақ, Эрик Қабдықалықов, Мақсат Ешмұратов, Бейбіт Жүнісов, Серік Саттаров, Қанат Шайғазин, Ержан Сүлейменов, Сағындық Сүлейменов, Қожабек Нөкей, Ерлік Сүлейменов, Ардақ Ешмұратов, Дәулет Базылов, Социал Әйтенов, Төлеубек Әйтенов, Марат Саттаровтар үлес қосты. Ал Ерғанат Сымекенов, Ерлан Садвакасов, Руслан Бейсенов, Өмірзақ Балкенов құрылыс жұмыстарын жүргізуге қолынан келгенше көмектесті.

Шараның салтанатты ашылу рәсімінен соң Тілеуқабыл батырдың рухына құран бағышталып, ас берілді. Сондай-ақ, бұл күні спорттық ойындардан сайыстар өтті. Білекті жігіттер гір тасын көтеру, қол күрестен, арқан тарту ойындарынан сынға түсті. Сонымен қатар, қазақ күресінен 3 салмақ дәрежесі бойынша балуандар боз кілемге шықты. Белдес- кен жігітердің арасында Семей және Нұр-Сұлтан қаласының балуандары, сондай-ақ өңіріміздің барлық аудандары мен қалаларынан спортшылар бар. Білекті де жүректі жігіттер аударыспақтан бақ сынап, бағы мен бабы келіскендердің мерейі үстем болды. Батырдың құрметіне арналған аста бәйге ұйымдастырылып, аузымен құс тістеген жүйріктер қасиетті Май өңірін дүбірге бөледі. 10 шақырымдық құнан бәйгеге барлығы 27 жүйірік қатысты. Ал 16 шақырымдық аламан бәйгеде 30 сәйгүлік жарыс жолына шықты. Дүбірлі додада Шығыс Қазақстан облысы - Семей және Өскемен қалаларынан, Нұр-Сұлтан қаласынан, Қарағанды облысынан, сондай-ақ Павлодар өңірінің тұлпарлары топқа түсті.

Май – тарихқа бай өңір. Қол бастаған көсемдер мен сөз бастаған шешендердің талайы өмірге келген өлкеден ұлағатты ұрпақтың шығуы - заңдылық. Қиын-қыстау сәтте ормандай еліне қорған болған баһадүр бабамыздың рухын асқақтатып, руханиятымыздың дамуына айтарлықтай үлес қосқан Арғын, Бәсентиін, Иман ұрпақтарының, Май ауданы азаматтарының игілікті ісі - көпке үлгі.

 

Алпысбай ХОНЖ

Жаңатілек ауылы, Май ауданы.

saryarka-samaly.kz