Қазіргі уақытта Павлодар облысында жалпы тәжірибе дәрігерінің 350 бөлім-шесі жұмыс істейді. Олар жалпы саны 600145 адамға қызмет көрсетеді. Яғни, бір бөлімшеде тіркеуде тұрған халықтың саны кем дегенде 1715 адамды құрайды. Бүгінде аймағымызда 241 жалпы тәжірибе дәрігері қызмет етеді. Бұл жеткіліксіз. Алайда, жыл соңына дейін 65 маман келеді деп күтілуде.

Павлодар облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Сәуле Арыстанованың айтуынша, маман тапшылығын азайту мақсатында жұмысқа жаңа тұрған қызметкерлерге мемлекет тарапынан қолдау көрсетіледі. Мәселен, «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы арқылы келген жастарға 70 айлық есептік көрсеткіш көлемінде көтермеақы төленеді. Яғни, жас мамандарға 76 755 теңге беріледі. Сонымен қатар, баспанамен қамтылуы үшін төмен пайызбен несие де беріледі. 2018 жылы 34 қызметкер пәтерге ие болуы үшін 1500 айлық есептік көрсеткіштен аспайтын қаражат көлемінде несие алды. Бұл ретте әрбір жас маман 3 млн. 607 мың теңгеге ие болды. Бұдан бөлек, 71 дәрігерге 70 АЕК көлемінде көтерме жәрдемақы берілді. Медициналық мекемелер 42 жас маманның жалға алған пәтер ақысын төлейді екен. Атап өтерлігі, аудан-қаланың жергілікті атқарушы билігі тарапынан жоғары медициналық білімді меңгерген 38 қызметкер баспанаға ие болды. Оның 28-і ауылда берілді.

- Қызметке енді ғана тұрған жастар үшін еңбекақы мен баспананың маңызы зор. Сондықтан денсаулық сақтау басқармасы қызметкерлердің әлеуметтік жағдайын ерекше назарға алады. Қазіргі уақытта Ақсу қаласында жас мамандар үшін 15 пәтер бар. Ал Екібастұз қаласында денсаулық сақтау саласының қызметкерлері үшін 86 пәтер дайын тұр. Бұдан бөлек, «7-20-25» бағдарламасы да өз деңгейінде жүзеге асырылуда. Жергілікті медициналық мекеме тарапынан жас мамандарға пәтердің алғашқы жарнасын төлеу үшін 1 млн. теңге көлемінде қаржы берілуде. Қазіргі уақытта 12 дәрігердің өтініші қабылданып, жаңа баспанаға ие болды, - дейді С.Арыстанова.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы жыл сайын медицина мамандарын даярлайтын жоғары оқу орындарына барып, бос орындар жәрмеңкесіне қатысады. Шара аясында жастарға көрсетілетін қолдауды түсіндіріп, жұмысқа шақырады. Бұл ретте, 100-ге жуық түлекпен келісімшарт жасалған. Өткен жылы аймағымыздың медицина мекемелеріне 120-ға жуық жас маман келген.

 

Айдана ҚУАНЫШЕВА

saryarka-samaly.kz