Жаңа бағыттар ашылды

Қарағайлы орман. Тұмса табиғат. Жанға шипа болатын таза ауа. Шарбақты ауданында туризмді дамытудың алғышарты осы болмақ. Заманауи тілмен айтқанда, бірегей қарағайлы алқап облысымыздың тағы бір «брендіне» айналып отыр. Тек оны өз деңгейінде насихаттап, туристерге демалуға жайлы жағдай жасай алсақ игі.

Ауданның туристік әлеуетін арттыруда «Ертіс орманы» мемлекеттік орман табиғи резерваты ауқымды жұмыс атқарып отыр. Елімізде орманды отауға мораторий жарияланғалы бұл бағыттағы заңсыздықтар барынша тыйылған. Мекеме қызметкерлерінің жұмысы сәл де болсын жеңілдеді деуге келеді. Есесіне, резерват өкілдері күштері мен үнемделген қаражатын туризмді дамытуға бағыттауда.

Облыстық Бас редакторлар клубы бас болып, бірқатар жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері Шарбақты ауданына барып қайттық. Ондағы жаңадан ашылған «Бесқарағайдың алтын шеңбері» деп аталатын туристік бағытпен таныстық.

- Аудан қонақтары арасында киелі орындар зор танымалдылыққа ие. Өткенімізді қайта жаңғыртуда «Рухани жаңғыру» бағдарламасының мол септігі тиюде. Оның аясында өңірімізді мекен еткен белгілі тұлғалардың жерленген орындарын зерттедік. Картадан қарасақ, аталмыш орындар шеңбер түрінде орналасқан екен. Бірден бұл орынға «Бесқарағайдың алтын шеңбері» деп ат қойып, айдар тағып алдық, - дейді «Ертіс орманы» табиғи резерватының басшысы Қуандық Байболов.

Қазір мұнда туристер аялдайтын 11 орын бар. Оның 5-еуі сакралды орындар болып табылады. Туристік маршруттың жалпы ұзындығы 150 шақырымды құрап отыр. Ол Есілбай ауылынан басталады. Мұнда заманында туған өлкесінің көркеюіне, қазақ балаларының барынша білім алуына мол ықпал еткен Темірғалы Нұрекенов жерленген. Былтыр онда кесене тұрғызылды. Ол дін және қоғам қайраткері ретінде белгілі. Есілбай ауылына өз қаражатына мешіт, медресе салдырған екен. Бұл мешіттің имамы әрі ұстазы Ғабдұл-Уахит Хазірет болған. Т.Нұрекенов қазақ тілінен бөлек орыс, парсы, араб, татар сияқты бірнеше шет тілдерін жетік меңгерген. Алаш арыстары Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсыновтар негізін қалаған «Алаш» қозғалысының қайраткері, сонымен қатар, 1905 жылғы Қарқаралы петиция- сын ұйымдастырушылардың бірі болып табылады. Тағы бір тарихи деректерде Темірғалы қажының Мемлекеттік Думаның депутаты болғаны жазылған.

Биыл Есілбай ауылының жанынан, күре жолдың бойынан жергілікті кәсіпкер, аудандық мәслихат депутаты Қисамиден Машенов туристер үшін «Саялы мекен Есілбай» атты этноауылдың жобасын қолға алған. Мұнда киіз үйден дәмхана жабдықталыпты.

- Келесі жылы мұнда келушілерге арнап киіз үйлерден қонақ үй тұрғызуды жоспарлап отырмыз. Негізі, ауданның киелі орындарын қамтитын туристік маршрут осы Есілбай ауылынан басталады. Этноауылды осы жерге орналасты- руымыздың да себебі – осы, - дейді Қ.Машенов.

Бұдан кейін бірнеше қорымды біріктіретін «Бәйімбет алаңына» бет бұрдық. Бұл - Шарбақты және Аққулы аудандарының шекарасы. Мұнда Шоғман қожа мен атақты «Сары бәйбіше» зираты орналасқан. «Сары бәйбішенің» есімі ел арасына тек көріпкел, емшілік қасиетімен ғана тарап қойған жоқ. Ол кісі жауырыншы болған. Өз заманында ерлермен бірге ел басқарған, аталы сөзге тоқтай білетін ел анасы болған. Сондай-ақ, елін жоңғар шапқыншылығынан аман алып қалған батыр ана ретінде де мәлім. Бұдан бөлек, мұнда Шоғман қажы Алдамжарұлының кесенесі бой көтерген. Ол - көпке аты мәлім емші болған адам.

- Биыл «Ертіс орманы» табиғи резерватының қолдауымен «Сары бәйбішенің» зиратының жанынан келушілерге арналған үй, музей салынуда. Бәйімбет алаңына еліміздің әр өңірінен адамдар келіп, зиярат етеді. Ендігі кезекте жол мәселесі оң шешілсе деген ниетіміз бар, - дейді жергілікті тұрғын, «Сары бәйбішенің» ұрпағы Бауыржан Қапанұлы.

Шарбақтыда туристер көп келетін орындардың бірі - халық арасында Ислам дінінің өркендеуі жолына бар ғұмырын арнаған белгілі дін таратушы, ғұлама Ғабдұл-Уахит Тіленшіұлының кесенесі.

- Мұнда зиярат етушілер өз аты-жөндерін, келген уақыттарын жазатын кітапша бар. Оған сүйенсек, өткен жылы кесенеге 2 мыңнан астам адам келген. Бұл - ресми тіркелген көрсеткіш. Кітапшаға тіркелмегендері қаншама. Келушілер үшін қонақ үй, дәрет алатын орындар жабдықталған. Арнайы құрбан шалатын, ас әзірлейтін жерлер бар. Барлығы тегін. Атап өтерлігі, биыл Хазіреттің кесенесіне жарық тартылмақ, - дейді шырақшы Ермек Балтаұлы.

Резерватта экологиялық туризм дамуда. Шарбақты ауданына қарасты Садықащы ауылының жанында «Қарағайлы алаң» деп аталатын демалыс орны ашылды. Ол қысы-жазы жұмыс істейді. Демалушыларға арналған жатын орындар, асхана, спорт зал жабдықталған. Монша бой көтеруде. Бағасы да қолжетімді.

Орман қалпына келтірілуде

Павлодар облысының солтүстік-шығыс бөлігі орманды алқапқа ұласады. Оның қорғалуына «Ертіс орманы» мемлекеттік орман табиғи резерваты жауап береді. Мекеме иелігіндегі орман қорының жалпы аумағы 277 мың гектарды құрайды. Оның 153 мың гектар алқабын қарағайлы орман алып жатыр.

Биыл «Ертіс орманы» респуб-лика көлемінде табиғатты қорғау шаралары бойынша 2-орын алған. Облыс көлемінде туризмді дамыту бағытындағы нәтижелі жұмыстары оң бағаланып, 1-орынға ие болды.

Резерват өкілдері орман қорын сақтап қана қоймай, қалпына келтіру жұмыстарын нәтижелі жүргізуде. Бүгінде мекеме қара- мағында жалпы аумағы 37 гектар болатын екі тәлімбақ бар. Облысымызды толығымен жасыл желекпен қамтамасыз етіп отыр. Бұдан бөлек, еліміздің өзге де аймақтары көшеттерді осы резерваттан сатып алады. Биыл 3 миллионнан астам көшет сатқан.

- Қарағай көшеттерін өсіру оңай жұмыс емес. Тұқымның өсіп, жетілуі үшін кем дегенде 2 жыл уақыт қажет көрінеді. Содан кейін ғана оны сатуға болады. Оған дейін резерват қызметкерлері көшеттерді күтіп, баптап, бар күшін салады, - дейді «Ертіс орманы» табиғи резерватының басшысы Қ.Байболов.

Жалпы, резерватта 600-ден астам адам еңбек етеді. Оның 300-і жаз мезгілінде жұмысқа жұмылдырылады. Себебі, жаз шыға өрт қаупі де арта түседі. Мекемеде 32 өрт сөндіруге арналған автокөлік, 30-ға жуық трактор және басқа да техникалар бар.

Жоғарыда атап өткендей, соңғы жылдары орманды заңсыз отау тоқтатылған. Орман өрті де азайды. Бұл ретте, өрттің ошақтарын анықтауда авиациялық бөлімше қызметкерлерінің көмегі молынан тиюде.

- Павлодардың авиациялық бөлімшесі 1963 жылдан бері жұмыс істеуде. Құрамымызда 10 өрт сөндіруші қызметкеріміз бар. Олар әуеден өрт сөндіру жұмыстарына қатысады. Тілсіз жау анықталған жағдайда алғашқы болып ұшып барып, сөндіруге әрекет етеміз. Қазір орманның жағдайы тұрақты. Адами фактордан өрт шығу фактілері де азайды, – дейді авиациялық қызмет бөлімшесінің басшысы Валерий Марченко.

 

Данияр ЖҰМАДІЛ

Шарбақты ауданы.

saryarka-samaly.kz