Жуырда Павлодар қаласының полиция басқармасына 46 жастағы әйел шағым түсірген. Айтуынша, әлдебіреулер оның есепшотындағы 75 мың теңге ақшаны жымқырған. Оқиға желісіне сүйенетін болсақ, азаматшаның ұялы телефонына өзін банк қызметкері деп таныстырған жігіт оған 1 миллион теңге көлеміндегі несие алуға болатынын айтады. Мұндай жаңалықты естіген әйел банкке өтініш бермегенін жеткізеді. Тұтқаның ар жағындағы қызметкер еш саспастан, жоғарыдағы сомадан бас тарту үшін телефонына жолданған 4 таңбалы санды айтып беруін өтінеді. Құпия сөз болып табылатын 4 санды жазып алған алаяқ азаматшаның жеке есепшотындағы 75 мың теңге ақшаны шешіп алған.

Соңғы уақытта жұртшылық арасында мұндай жағдайға тап болғандардың қарасы артып келеді. Бұған тұрғындар арасында әлеуметтік желі арқылы күн сайын жолданатын хабарламалар дәлел. Жәбірленушілердің арасында 500 мың, 900 мың теңгеге дейін қарызға батқандар да бар.

Аталмыш мәселе бойынша облыстық полиция департаменті криминалистикалық полиция басқармасының аға жедел уәкілі Әділбек Брыковпен сөйлескен болатынбыз. Маманның айтуынша, алаяқтар халықты тонаудың жаңа тәсілдерін ойлап табуда.

- Қазір интернет сауданың заманы жүріп тұр. Пайдақорлардың жымысқы әрекеті сол сәтте қыза түседі. Мысалы, әлдебіреу ұялы телефон, телевизор сынды кез келген тауарды сайт арқылы сатылымға шығарды делік. Алаяқ мол олжаға кенелу үшін өзін өзге қаланың адамы деп таныстырып, жоғарыдағы тауарды сатып алу үшін жарнама иесіне есепшот нөмірін, жеке мәліметтерін жолдауды сұрайды. Осыдан кейін алаяқтар ақша жолдағандарын, оны растау үшін ұялы телефонға 4 таңбалы құпия сөз жібергенін айтады. Жалпы, белгілі бір көлемде несие аларда ұялы телефонға құпия сөз келетінін білеміз. Тіпті, банк карточкаңыз жоғалған жағдайда да парольді ауыстыру үшін банк қызметкерлері 4 таңбалы сан енгізіп жатады. Міне, құпия сөзді ауыстырып алған алаяқтар әлгі адамның есепшотына жол тауып алады. Парольді ауыстырып алған соң, жеке мәліметтерді алу үшін өз ұялы телефон нөмірлерін тіркейді, - дейді Ә.Брыков.

Полиция қызметкері мұндай фактілер Павлодар қаласында жиі орын алып жатқанын айтты. Тіпті, пәтерді жалға алуда да адамдар үнемі алданады екен. Баспана иелері алдын ала алғашқы төлем сұрап, белгілі бір есепшот нөмірлерін жібереді екен. Сөйтіп, интернеттің ар жағында отырып күн сайын мол табысқа кенеледі. Алаяқтар жоғарыдағы код арқылы несие де рәсімдей алады.

- Тұрғындар осындай фактілерден сақ болса екен дейміз. Егер ұялы телефонға 4 таңбалы сан келіп, оны айтып беруді өтінсе, бас тарту қажет. Мұндай жағдайға тап болғандар дереу банк бөлімшесіне хабарласып, мәселенің анық-қанығын білуі керек. Тіпті, банкте отырып несие алған кезде сіздің телефоныңызға 4 таңбалы код келеді. СМС хабарламаның өзі де құпия сөзді банк қызметкерлеріне айтпаңыз деп ескертеді. Ал интернет арқылы тауар сатып алу үшін сайттың жұмысын тексеріп, жұртшылық жазып қалдырған пікірді ерінбей оқып шыққан жөн. Тауарды көрмей, қолға алмай ешкімге алдын ала төлем жібермеу керек. Тым болмаса, «WhatsApp» әлеуметтік желісі арқылы видеоқоңырау соғып, тауарды көрсетуді, жарнама иесінен жеке куәлігін суретке түсіріп жіберуін талап етіңіз, - дейді Ә.Брыков.

Мамандар қазіргі заманда банк қызметкерлеріне де сенбеу керектігін айтады. Өйткені облысымызда осыдан бір жарым ай бұрын тіркелген оқиға көптің жағасын ұстатқан болатын. Екібастұзда «Каспий банктің» бұрынғы қызметкері өз лауазымын асыра пайдаланған еді. Ол жергілікті тұрғындарға жылжымайтын мүлікті төмен бағамен сатып алуға көмек көрсетуге уәде беріп, қаражатты өзінің жеке шотына аударуға көндірген. Кейін жасырынып, жоғалып кеткен. Оның арбауына 28 адам түсті. Тәртіп сақшылары жедел іздестіру шаралары кезінде халықты алдаған адамды қолға түсірген болатын.

Шыны керек, қазіргі уақытта несие алу шарттары тым жеңілдеп кетті. «Каспий» банктің тұтынушылары белгілі бір көлемде қарыз алуы үшін бөлімшеге бармай-ақ, банкомат арқылы 1 минуттың ішінде несие рәсімдей алады. Қомақты қаржыны бермес бұрын банк клиенттің ұялы телефонына 4 таңбалы сан жолдайтынын білеміз. Тіпті, ұялы телефондағы қосымша арқылы үйде отырып, несие алуға болады. Жаныңызда отырған танысыңыз да байланыс құралыңыз арқылы қомақты қаржыға тапсырыс бере алады. Міне, мамандар несие алу талабының бұлай жеңілдеуі алаяқтардың арам ойына жол ашып отырғанын айтады. Сондықтан пайдақорлардың қақпанына түсіп, жиғаныңыздан бір күнде айырылып қалмас үшін өз әрекетіңізге барынша сақ болған дұрыс.

 

Айдана ҚУАНЫШЕВА

saryarka-samaly.kz