Форумға облыс әкімінің орынбасары Асхат Оралов қатысып, ауылды өркендету мемлекетті дамытудың негізгі шарттарының бірі екенін, бұл ретте облыс әкімдігі тарапынан ауылды жерлерде тұратын іскер әйелдерге тисті қолдаулар көрсетіліп жатқанын жеткізді.

- Қазіргі қоғамда әйел адамның рөлі ерекше маңызға ие. Олар ең алдымен - отбасының тірегі. Дегенмен, елімізде әйелдердің барлық салаға белсенді араласуына мол мүмкіндік беріліп келеді. Біздің өңірімізде де кәсібін дөңгелетем дегендерге қолдау - ерекше. Білім беру мен денсаулық сақтау салаларында ғана емес, сонымен қатар, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, тіпті, күш құрылымдарында да олардың ерен еңбегі бар. Облысымызда нәзік жандылар құрған және басқаратын кәсіпорындардың қатары да жыл сайын артып келеді. Облыстағы жергілікті атқарушы органдардың 37 пайызына нәзік жандылар жетек-шілік етеді. Олардың жартысынан көбі ауылдық жерлерде тұрады, - деді А.Оралов.

ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі, «Жасыл экономиканы» қолдау және G-Global-ды дамыту коалициясы» заңды тұлғалар бірлестігінің басқарма төрайымы Салтанат Рақымбекова елімізде болып жатқан жаңашылдықтарды ауылдық жерге жеткізу маңызды екенін, соның ішінде ауыл әйелдері үшін кәсіппен айналысуға мүмкіндік жасау керек-тігін айтты.

- 2012 жылдан бастап «Жасыл экономиканы» қолдау және G-Global-ды дамыту коалициясы» заңды тұлғалар бірлестігі мен «Әлеуметтік динамика» қоғамдық қоры ауыл әйелдеріне қолдау көрсетіп келеді. 2018 жылы Нұр-Сұлтан қаласында «Қазақстан әйелдерінің ауылдық аумақтарды тұрақты дамытуға қосқан үлесі» атты алғашқы республикалық ауыл әйелдерінің форумы өтті. Шара аясында ауылдың ахуалын жақсартып, оны дамытудың күрделі мәселелері кәсіби түрде талқылана бастады. Биылдан бастап еліміздің әр аймағында ауыл әйелдерінің форумын облыстық деңгейде өткізудеміз. Павлодар облысы – жетінші өңір. Мұндай шараларда ауылдың тұрақты дамуы және жұмыспен қамту, бизнес ашу, жасыл технология сияқты көптеген тақырыптар қамтылып, шешу жолдары қарастырылады. Жобаларды жүзеге асыру әдістері талқыланады, - деді ол.

С.Рақымбековтың айтуынша, 2015-2019 жылдары еліміздің сегіз аймағында Жасыл технологиялар орталығы құрылып, барлық орталық республикалық желіге біріктірілген. Бұдан бөлек, «Coca-Cola Белестері» жобасы қолға алынған. Бұл игі іс 2013 жылдан бастап жүзеге асырылып келеді. Бүгінге дейін 51 әйел жеңімпаз атанып, 4000 АҚШ долларын ұтып алған. Сонымен қатар, 120-ға жуық жаңа жұмыс орындарын ашқан.

- Кәсіп ашып, еңбегінің жемісін көргісі келетіндер үшін қолдау қашанда бар. Бұл грантты жеңіп алу үшін бастысы мақсат пен ниет қажет. Ал олардың ары қарай бизнесін дамытуға, жобаларын құрастыруға аудандық әкімдіктер мен кәсіпкерлер палатасы көмектесе алады. Алдымен байқаудың шарттарымен танысып, өз идеясын ұсынады. Жобаларды http://ccb.kz/ сайтында тіркейді. Байқаудың қорытындысы биыл 7-8 қарашада Нұр-Сұлтан қала-сында өтетін ауыл әйелдерінің екінші республикалық форумында шығарылады. Жыл сайын 10 жобаға 4000 АҚШ доллары ұсынылады, - деді С.Рақымбекова.

Шара аясында көрме ұйым-дастырылып, көпшілік назарына ұсынылды. Бұдан бөлек, жиналған әйелдер «Менің жетістігімнің тарихы» атты тақырыпта бүгінгі күнге дейін жеткен жетістіктері туралы баяндап, бастан кешкен қызықтары мен қиындықтарын айтты. Олардың қатарында Орловка ауылдық округінің әкімі Ирина Галлямова да бар. 15 жылдан бері қызметін мінсіз атқарып келе жатқан ол бар болғаны 26 жасында әкім болып тағайындалғанын ерекше толқыныспен еске алды.

- Анам Валентина Ветштейн осыған дейін біздің ауылдық окуругті 11 жыл басқарған адам. Ол өзінің халқының алдындағы адалдығы мен жауапкершілігі үшін ел ішінде құрметке бөленді. Анам үшін бірінші кезекте ауыл адамдарына деген адамгершілік пен қамқорлық тұратын. Оның осындай жарқын әрі жауапты қызметі маған үлгі болған еді. Осылайша әкімдік қызметке кірістім. Міндетімнің негізгі мақсатын үкіметтің шешімдерін орындау, олардың маңыздылығы мен қажеттілігін халыққа жеткізе білу екенін сезіндім, - дейді ол.

Орловка ауылындағы бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында елді мекендегі әлеуметтік салаға жыл сайын 100 миллион теңге көлемінде қаржы құйылады. Жыл сайын шағын және орта бизнес өкілдерінің қатары артып келеді. Жаңа нысандар жұмысын бастап, жаңа жұмыс орындары ашылуда. Бұл да өз кезегінде халықты жұмыспен қамтамасыз етуге мол мүмкіндік беруде.

Жетістікке жеткендердің қатарында көп балалы ана Сәуле Әбілдинова да бар. Оның кәсібі – тігін тігу. Бастапқыда хобби ретінде бастаған ісін бүгінгі күні кәсіби түрде жетіл-діріп келеді.

- 2013 жылы жеке кәсіп ашып, тігіншілікпен кәсіби түрде айналыса бастадым. Тігін өнерінде сирек кездесетін «Трикотажбен спорттық киім тігуді» меңгердім. Түрлі киімдер тіге бастадым. 2017 жылы «Бизнес бастау» жобасы жүзеге асырылып жатқанын естідім. Сол арқылы кәсібімді дамытқым келді. Нәтижесінде грантқа ие болдым. Бұл қаражатқа ісіме қажетті тігін машиналарын сатып алдым. Қазіргі уақытта еңбегімнің жемісін көрудемін десем болады. Жеке тапсырыс қабылдаймын. Ұлттық нақыштағы киімдерді де тігемін. Бұл киімдер халық арасында үлкен сұранысқа ие. Менің табысты бизнесімнің осындай шағын тарихы бар, - дейді ол.

Жиында ауылдың көркеюіне үлес қосқан бірқатар нәзік жанды облыс басшылығының марапатына ие болды.

Аталмыш шараның соңында ауыл әйелдеріне арналған семинар-тренинг ұйымдастырылды. Оған «Coca-Cola Белестері» - табыс аумағы» және «Ауыл әйелдері арасындағы ТМД көшбасшылары - 2030» тақырыптары арқау болды.

 

Мереке АМАНТАЙ

saryarka-samaly.kz