Күншығыс елінің өкілдерімен Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов жүздесті. Қос тарап аймағымызда инвестициялық жобаны жүзеге асырудың мүмкіндіктерін қарастырды. Болат Жұмабекұлы өңірімізде агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға ерекше мән беріліп отырғанын айтты. Сондықтан мұндай жобаларға тиісті деңгейде жан-жақты қолдау көрсетілетініне сендірді.

«NIHON NOHYAKU» компаниясы агрохимия саласында әлемдік деңгейдегі үздік компаниялардың бірі болып табылады. Бүгінде АҚШ, Еуропа елдерінде өкілдіктері бар. Үндістанда жеке, толыққанды зауыт ашқан. Енді Орталық Азияда ауқымды инвестициялық жобаны жүзеге асыруды жоспарлап отыр.

- Бұл ретте, бірінші кезекте Қазақ-станға көңіліміз ауып отыр. Елдеріңіздегі мүмкіндіктерді саралай келе, инвести-циялық жобамызды Павлодар облысында жүзеге асыру қолайлы болар деген ойға келдік. Себебі бұл аймақтың географиялық орналасқан орны тиімді. Мұнда электр энергиясы арзан. Ауа райы да қолайлы. Шикізат та жеткілікті, - дейді NICHINO компаниясының Үндістан-дағы өкілдігінің басқарушы директоры Хидежи Хосода.

Шикізат демекші, гербицидтер, соның ішінде селитра өндірісінде мұнай пайдаланылады екен. Инновациялық технологиялардың нәтижесінде гербицидтің бірнеше түрін өндіруге мүмкіндік алады. Облысымыз үшін бұл жобаның маңыздылығы зор. Себебі бұған дейін аймағымызға селитраның басым бөлігі шетелден тасымалданып келген.

Шетелдік меймандарға «Павлодар» арнайы экономикалық аймағының жұмысы және онда инвесторлар үшін қарастырылған жеңілдік шаралары таныстырылды. Тараптар аймағымызда селитра өндірісін ашуға қатысты толық маркетингтік зерттеу жасап, инвестициялық жобаны жүзеге асырудың барлық мүмкіндіктерін саралап алып, нақты келіссөздер жүргізуге уағдаласты.

 

Данияр ЖҰМАДІЛ

saryarka-samaly.kz