Өңір тұрғындарына салауатты өмір салтын сыйлайтын жаңа спорттық нысандардың барлығы бір аумақта орналасқан. «Спорт-Сити» жобасы кәсіби және әуесқой спортшылардың спорттың бірнеше түрімен айналысуына мол мүмкіндік бермек. Бұл жердегі футбол манежінің құрылысына – 1,4 миллиард, жеңіл атлетика манежіне – 4,8 миллиард, олимпиадалық резерв дайындау орталығына – 3,2, мұз сарайына 1 миллиард теңге бөлінген. Жеңіл атлетика мен Олимпиадалық резерв дайындау орталығы алдағы жылы пайдалануға беріледі деп күтілуде. Ал Мұз сарайының құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын. Жабық футбол манежі осы жылдың бірінші желтоқсанына дейін ел игілігіне беріледі деп күтілуде.

Атап өтерлігі, жабық футбол алаңы барлық талаптарға сай салынуда. Футбол алаңының көлемі – 55,6х95,6 метр. Сонымен қатар аталған спорт қалашығында тағы бір ашық футбол алаңы салынуда. Павлодарда орташа есеппен алғанда бір алаңда 14 ұжым жаттығатынын ескерсек, өңірде футбол стадиондарының жетіспейтінін аңғаруға болады. Ал аталған футбол манежі бір мезетте жүзге жуық адамды қабылдай алады. Тіпті, қыс айларында «Ertis» футбол клубы да осы жерде жаттығуы мүмкін. Сондай-ақ өтініш білдірген кез келген ұжым манеждің қызметін пайдалана алады. Футбол манежінде 12 киім ауыстыру орны, асхана, касса, жаттықтырушылар кабинеті ашылады. Сондай-ақ 100 адамдық жанкүйерлер орны мен дәрігер кабинеті, мәжіліс залын салу да қарастырылған.

Облыстық туризм және спортты дамыту басқармасының басшысы Марат Айдашев өңірде бұқаралық спорт түрлерін дамыту үшін алдымен инфроқұрылымдардың жағдайын жақсарту керек екендігін айтады.

- Бүгінде көптеген өңірлер жақсы нәтижеге қол жеткізу үшін легионерлерге қомақты қаржы бөледі. Біз бұл үрдіске өзгерту енгізбекпіз. Отандық спортшыларды командаларға тартып, қаражат үнемдеп, оның есесіне аймақтағы спорт нысандарына көңіл бөлсек дейміз. Бұл тәжірибені жүзеге асыруды бастап та кеттік. Мәселен, біздің Жоғары лигада ойнайтын волейбол клубында тек отандық спортшылар өнер көрсетеді. Алдағы уақытта осы үрдісті футбол, хоккей клубтарына да енгізуді жоспарлаудамыз. Аталған бастаманы алдағы 3-4 жылда жүзеге асыру ойымызда бар. Бізде кәсіби мамандар мен бапкерлер жеткілікті. Тек инфрақұрылым жағынан кемшін тұстарымыз бар. Салынып жатқан жаңа нысандар арқылы олимпиадаға қатысатын спортшыларымыздың қатары артатынына сенімдімін. Сан бар жерде сапа да болады. Өңірден Олимпиада жүлдегері шығу үшін барлық жағдай жасалуы керек, - дейді М.Айдашев.

Басқарма басшысының сөзіне сүйенсек, аймағымызда соңғы 3 жылда барлық талаптарға сай 15 футбол алаңы салынған. Бүгінде облыс бойынша мамандандырылған түрде футболшыларды «Ertis» футбол орталығы, Павлодар қалалық спорт мектебі және Ақсу, Екібастұз қалалары мен аудандардағы барлық спорт мектебінің бөлімдері даярлайды. Ал «Спорт-Сити» қалашығы спортпен айналысуға ниетті кез келген өңір тұрғынының мүмкіндігін еселей түспек. Құлагер ипподромының жанында орналасқан жаңа спорт нысандарына тұрғындардың қиналмай жетуіне мүмкіндіктер барынша қарастырылған. Бұл тұрғыда қалалық жолаушылар тасымалы бөлімімен автобустық бағыттар енгізу туралы келісім жасалды. Сондай-ақ алдағы уақытта аталған қалашық маңында 200 адамға арналған жатақхана салу жоспары да қарастырылуда. Жаңа спорт қалашығы пайдалануға берілсе, 150-ге жуық адам жұмыспен қамтылатын болады.

 

Алпысбай ХОНЖ

saryarka-samaly.kz