- Руслан Қайратұлы, биыл жазда облыс әкімінің белсенді жастарға арналған «Ертіс дарыны» арнайы сыйлығын тағайындау жөнінде айтқаны есімізде. Қазір осы тапсырма аясында жұмысты бастап кеткен екенсіздер...

- Иә, бұл бастама 15 шілде күні Болат Жұмабекұлының өңір жастарымен өткен кездесуінде айтылған болатын. «Жастар жылына» орай қолға алынған игі бастаманың ізін суытпай облыстық жастар байқауы «Ертіс дарыны» премиясының тұжырымын жасадық. Қазіргі таңда ол қаралуда. Жоспар бойынша осы шараға 15 млн. теңге бөлінуі керек. Биыл байқау сәтті өтетін болса, «Ертіс дарынын» жыл сайын ұйымдастыруды дәстүрге айналдырмақпыз. Себебі өңірдегі талантты, шығармашыл, ғылым саласында биік белесті бағындырып жүрген, сондай-ақ қоғамдық істерде белсенді әрі спорт саласында мол жетістікке жеткен жастарды қолдау, оларды қанаттандыру - біздің басты мақсатымыз.

- Байқаудың негізгі шарттарымен таныстырып өтсеңіз...

- Ең әуелі байқауға қатысушылар ҚР азаматы, оның ішінде болуы керек Павлодар облысының тұрғыны және жасы 29-дан аспауы шарт. Аталмыш сыйлыққа үміткерлерді мемлекеттік органдар мен қоғамдық бірлестіктер тағайындайды. Байқауға жастар 10 аталым бойынша, яғни «Ғылым», «Журналистика», «Әлеуметтік қызмет», «Спорт», «Эстрада», «Үздік өндіріс қызметкері», «Кәсіпкерлік қызмет», «Ерлігі үшін», «Халыққа қызмет» және «Ауыл шаруашылығын дамытуға сіңірген еңбегі үшін» аталымдары бойынша қатыса алады.

Байқау 4 кезеңнен тұрады. Оның бірінші кезеңінде қатысушыларға ақпараттық бюллетеньдер жіберу, өтінімдерді қабылдау, екінші кезеңде түскен өтінімдердің арасынан үздіктерін іріктеу, үшінші кезең іріктеуден өткен жастарға интернет арқылы дауыс беру және төртінші кезеңде үздіктер анықталатын болады. Байқаудың нақты ережесі жақын күндері тұжырымдама бекітілгеннен кейін жарияланады.

- Байқау қай кезде басталып, қашан аяқталады?

- Байқау 1 қазан күні басталып, 10 қарашада мәресіне жетеді деп күтілуде. Ал марапаттау рәсімі 26-29 қараша күндері аралығында болады. Салтанатты шараға қазақ эстрадасының жұлдыздары қатысады деп жос- парлап отырмыз.

Өз саласы бойынша үздік шыққандар «Облыстық «Ертіс дарыны» премиясының лауреаты» атанып, дипломмен марапатталады және арнайы статуэткаға, ақшалай сыйлыққа ие болады. Сондықтан өңір жастарын байқауға белсене қатысуға шақырамын.

- Ақпаратыңызға рақмет!

 

Сұхбаттасқан - Қарлығаш ХАШЫМҚЫЗЫ.

saryarka-samaly.kz