Өзекті мәселе «Достық үйінде» өткен ауқымды жиында көтерілді. Отырысқа облыс әкімі Болат Бақауов, облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Тито Сыздықов пен кеңес мүшелері, басқарма басшылары мен аудан әкімдерінің орынбасарлары қатысты. Ағымдағы жылдың шілде-тамыз айлары аралығында кеңес мүшелері қалалар мен аудандардағы жастардың жағдайымен танысып қайтқан. Қоғамдық кеңестің әлеуметтік-мәдени даму мәселесі жөніндегі комиссия төрайымы Гүлбарам Науразбаеваның айтуынша, биыл өңірде 1791 жас тұрақты жұмысқа орналасқан. Оның ішінде 648 маман ауылдық жерде екі қолға бір күрек тапқан. Бұл ретте мамандар Ақсу қаласы, Успен, Баянауыл аудандарында жастарды жұмысқа тұрғызу көрсеткіші төмен екенін анықтаған. Бұл жауапты міндетті Екібастұз қаласы, Ақтоғай және Май аудандары 100 пайызға орындаған. Яғни жас мамандардың барлығы қызметке орналасқан.

- Қоғамдық кеңес мүшелері мамыр-тамыз айлары аралығында Павлодар, Шарбақты, Успен, Тереңкөл аудандарының жастарымен кездесу өткізді. Жас мамандардың арасында сауалнама жүргізіліп, пікірлерін тыңдадық. Қазіргі қыз-жігіттерді баспана мәселесі толғандырады. Осы орайда, сатып алу құқығынсыз қызметтік үйлерді салуды ұсынамыз. Бұдан бөлек, жастардың ауылда тұрақтамауына мәдени, бос уақытты қамту орындарының жоқтығы себеп болып отыр. Аудандардың өзінде кейбір кітапханалар интернет желісімен қамтылмаған, - деді Г.Науразбаева.

Аймақ басшысы Б.Бақауов қызметтік үйге қатысты өз ойын білдірді.

- Біз елді мекендердегі жеке меншік кәсіпорындардың мамандары үшін қазына қаражатына баспана сала алмаймыз. Есесіне, бұл бағыттағы жұмыстарға кәсіпкерлерді тартуға болады. Мысалы, «Галицкое» серіктестігінің басшысы Александр Касицинге өз ауылында 10 үй салуды ұсындым. Шартты түрде алар болсақ, аталған баспана құны 10 млн. теңге болса, онда 7 тұрғын үйдің құнын бюджет есебінен өтеуге болар еді. Ал қалған 3 үй кәсіпорынның қаражатына салынады. Бірақ бұл жаңа баспаналар оңтүстіктен және Нұр-Сұлтан қаласынан қоныс аударған азаматтарға беріледі, - деді Б.Бақауов.

Жұмыссыздық салдарынан теріс жолға түскен жастардың да саны көбейген. Мәселен, 18-20 жас аралығындағы 120 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Оның ішінде 8-і – колледж, 3-еуі – жоғары оқу орындарының студенттері. Құқықбұзушылыққа барғандардың 16-сының тұрақты жұмысы болса, 93-і жұмыссыздарды құрайды.

Тереңкөл, Май, Успен аудандарында 21-30 жас аралығындағы азаматтар арасындағы қылмыс белең алған. Тіркелген 643 фактінің 355-сі – ұрлық, 68-і – алаяқтық әрекетке тиесілі. Тіпті, 8 адам өлтіру фактісі орын алған. Бұл ретте қылмысқа барған 709 адамның 576-сы жұмыссыз екені анықталған.

Облыс әкімінің орынбасары Асхат Оралов өңірде жүзеге асып жатқан «Еңбек» бағдарламасы талай қыз-жігіттердің кәсіп ашуына жол ашқанын атап өтті. Аталмыш бағдарлама аясында жастарға 505 мың теңге көлемінде қайтарымсыз грант та беріледі. Бұдан бөлек, облыста «Жас шебер» өңірлік бағдарламасы да өз деңгейінде жүргізілуде. Мұндай қолдау арқылы 640 жас өз кәсібін ашқан.

Облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Ернұр Дәуенов аталмыш бағдарламалардың шартын халыққа дұрыс жеткізу қажеттігін атап өтті. Бұл ретте ақпараттандыру жұмыстарын күшейткен абзал. Жастарға арналған бағдарламаларды түсіндіру ісіне аудан, ауыл әкімдері де тартылуы керек.

Отырыс соңында кеңес мүшелері жастар бастамаларын қолдауға арналған жол картасын әзірлеп, жас мамандардың ауылда қалуына барлық жағдайды жасау керектігін білдірді.

 

Айдана ҚУАНЫШЕВА

saryarka-samaly.kz