Павлодар қаласында 23 қыркүйектен бастап жылу беру маусымы ресми түрде басталды. Дегенмен, облыс орталығындағы кейбір орындарда әзірлік шаралары әлі де аяқтала қоймаған. Әр жерде орлар қазылып, жылу желілері жөнделіп, тозғандары жаңасына ауыстырылуда. Жазда басталған қазу жұмыстары әлі де жалғасуда. Мәселен, Ломов пен 1 Май көшелерінің қиылысында қазу жұмыстары жүргізіліп, кәріз құбырлары тазартылуда. Мұндағы жұмыстар аяқталуға жақын. Жөндеу Геринг көшесінде де жүргізілуде. Тізе берсек мысал да көп. Толстой көшесінің Иса Байзақов көшесімен қиылысқан тұсында ескірген су құбыры мен кәріз жүйесі толықтай жаңартылуда.

Облыс орталығында жүргізіліп жатқан жөндеу шаралары тұрғындарды да толғандыруда. Жұртшылық көкейіндегі басты мәселе жұмыстардың қашан аяқталатындығы болып отыр. Жұмабай Қасымов - Толстой көшесіндегі 105-үйдің тұрғыны. Ол бірнеше жыл қатарынан үйге жылудың кеш берілгенін, биыл да күн райы күрт суытқанда «қазу жұмыстарының кесірінен бүрсеңдейміз бе?» деп алаңдайтынын айтады.

- Жаз бойы үйімізде ыстық су болмады. Жоспарлы жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан шығар деп бұған түсіністікпен қарадық. Күз келіп, күн де салқындады. Ыстық су әлі берілген жоқ. Мектепке баратын немерелерім үшін қиындық тудыруда. Оның үстіне Толстой көшесі мен Иса Байзақов көшелерінің бойында құбырлар жөнделіп, әлі де қазу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Соған қарағанда жылуға да кеш қосыламыз ба деп күмәнданамыз, - дейді тұрғын.

Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы Тимур Қасқабаев тұрғындарға алаңдауға негіз жоқ екенін айтады. Өйткені, дәл қазір қала орталығында жүргізіліп жатқан жұмыстардың бәрі белгіленген кестеге сәйкес жүзеге асырылуда.

- Биыл да жылыту маусымына әзірлік ерте бастан жүргізілді. Жылу беру кезінде олқылықтар орын алмас үшін қажетті шаралар қолға алынды.

Жаз бойы тозығы жеткен құбырларға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жаңартылды. Қазіргі уақытта қала көшелерінде жүргізіліп жатқан жұмыстардың бәрі жоспарға сай атқарылуда. Мұндай жұмыстар 30 қыркүйекке дейін аяқталады. Жөндеу жұмыстарына сәйкес тұрғын үйлер де кезең-кезеңімен жылуға қосылады, - дейді Т.Қасқабаев.

Бас маманның айтуынша, алғашқы жылу беру күнінде 108 көпқабатты тұрғын үй жылуға қосылған. Сонымен қатар, қаладағы барлық мектеп пен балабақшалар, емдеу мекемелеріне жылу берілуде.


Жыл сайын қайталана беретін жылуға кеш қосылу мәселесі тұрғындарды мезі етуде. Күз келісімен жұртшылық та алаңдай бастайды. Дегенмен, биыл жергілікті билік жылудың уақытында берілетінін уәде етіп отыр. Биыл көпшілік жылудың «жырын» жырламайды, мердігерлер жұмыстарын уақытында аяқтайды деген үміттеміз...

 

Мереке АМАНТАЙ

saryarka-samaly.kz