Өте қуанышты оқиға! Тек осы уақытқа дейін бұл туындыны неге қоймады екен? - деген сұрақ мазалайды.

Енді қойылым туралы. Сол бір қайғысы көп Қызыл кеңестің тұсында, қара талқан, қара сумен күнін көрген, балауса қазақ балаларының психологиясының тазалығына, үміт үзбеген, асыл арманына таң қалғаннан басқа не айтарсың? Жалған өмірге бір-ақ рет келетін қазақтың тау тұлғалы жазушысы, балалар психологиясын бабымен баяндайтын қайран Бердібек аға! Басын кесіп, етін есіп жатса да, өз бетінен таймаған, тек қазағының қамын ойлаған асыл тұлға. Аяғынан шалған қатарлас қаламгерлерді де, үркітпек болған үкіметін де аттап өтіп, өзіне біткен өр мінезімен кейінгі ұрпағына өнеге боларлық қаншама дүние қалдырды артына.

Атағыңды айналып өтіп, марапатыңды менсінбеген қалпы таудай тарихтың иесі болып қалды. Тәуелсіз халқы тарлан жазушыға тәу етіп жатыр. Қуанып жатыр. Сол қуаныш Павлодар қаласына жетті-ау, әйтеуір.

Қойылымның режиссері - Жангелді Садықов. Жайланып қарасаң, жайдарлығы мен жайсаңдығы жарасқан томпиған әдемі балауса жігіт. Ал тағылымы мен танығыштығы, таланты сонау бір қазағының тұла болашағы мен баянды күндерін аңсаған атасы Бердібекпен үндесіп жатыр.

«Әр заманда повестен жасалған сценографияны сахналау - қиынның қиыны» деуші еді сыншы ағамыз Әшірбек Сығай. Жас та болса жасқанбай, осы бір шырғалаң шығармаға барған театр режиссерінің пәлсапалық тұжырымы айтуға тұрарлық. Қайта-қайта айналып келе беретін, айтар ойы әртүрлі эпизодтарды, мәні, құрылымы жағынан бір қатарға түзейді. Тұжырымы тереңдеген сайын, маңызы да күрделене бастайды. Әрине, режиссердің күші мен қуаты - әртісте. Ал енді бала Бердібекті (Беркенді) ойнаған жас актер Ақсұлтан Әнуарбекті ерекше айту, құрметтеу керек. Сахна ашылған сәттен, сегіз жасар бала рөліндегі актер жан-жағын еркін меңгеріп әріптестерін ширықтыра бастағанына куә боламыз. Келесі эпизодтарды сахнаны еркін меңгеріп, оқиғаны дамытып, драманы қоюландыра түседі.

Беркеннің басындағы психологиялық шырғалаңға беріле отырып, қабағымен жан берісіп, жан алысқан балғын актердің жан тебіренісі ғаламат деуге тұрарлық. Ар-ождан алдындағы күрделі жауапкершілікті бала жүрегімен сезінеді. Ақсұлтаннан ізгілік, адамгершілік, инабаттылық иісі аңқып тұр. Образдың ұзын-ырғасын түгелдей өз жүрегінен өткізбейінше, даярлықсыз, әзірліксіз, мақсат-мүддесіз сахнаға шықпайтыны көрініп тұрғандай сезілді.

Ақсұлтан осы қойылымды кейіпкерінің мекен-тұрағы, әдет-дағдысын, түп-тамыр тіршілігін жан-тәнімен жайлай отырып, өз әріптестеріне де жайбарақаттық жасауға жол қалдырмай алға сүйрейді, дирижерлік етеді.

Дей тұрғанмен, бұл - Аймауытов театры ұжымының берекелі еңбегі. Театрдың «ата-әжелері» болып қалған сонау жылғы «асау» әртістер: Б.Шәнім, Т.Атамбек, Ж.Доспаев, Б.Құрбанова, Г.Омарова, А.Таспаева, Г.Қайырбекова, Р.Нығманов, Б.Тоқатов, М.Садығазин, Қ.Қарымсақов, Н.Сарқамбаев, К.Мусановалар осы сахнаға қарлығаштың балапандарындай шуылдап жеткен ұл-қыздардың өнеріне тамсана қарап, қатар шауып, аялы алақандарымен сахна төрінен көрерменге қайта–қайта ұсынып жатқандары - үлкен ұлағат, алып қасиет. Қазақтың ұлы ақыны Ілияс Жансүгіров: «Өз ерін, өз өренін ескермесе, Ел тегі қайдан алсын кемеңгерді», - деді емес пе?! Осы қағиданы үлгі тұтқан театрдың «қара шалдары» мен «ақ кемпірлеріне» мың алғыс.

Театр әртістерінің әншілігі де - айтуға тұрарлық үлкен құбылыс. Осы қойылым бойына, төрт дауыста хормен орындаған әуеннен сол заманның тауқыметін естіп налысақ та, қазақ әндерінің терең құдіреті ашықтана жетіп жатты құлаққа. Декорация да осы қойылымға сәйкес ұстамдық тауыпты. Екі тырна мойын жарты қақпалар замана талабына сай жасалған. Ашса, дала болып, жапса, үйдің ішіне ұқсай қалады екен. Тіпті, ыңыранып дауыс шығарып, ашылып-жабылғаны да сол бір қиюы қашқан заманды еске сала ма, қайтеді? Қоюшы суретші - Ұ.Несіпбай.Қуанышпен қайталағым келетіні, сахнаға гүл сезіммен сән берген жас актрисалар тобын айтуға да, қайталауға да тұрарлық. Жұпыны киіммен жүрсе де, сахнада шұғыла шашып жарқырай көрінген хас сұлулар сол бір сүреңсіз заман суретінен көрінген қуанышты сәт болды. Ақ көбелектей қалықтай ұшып, майыса билеп, сахнаға жастықтың жалынын жарқырата ұсынған мәңгілік бала бейне. Рақмет сендерге, қарақтарым! Осы орайда биді қойған балетмейс- тер Талғат Хансүренді айту керек шығар.

Сахнадағы өмір - өзгеше әлем. Өмірден өнерге өтер адамның тағдыр талайы да - айрықша бақыт. Талант жолы мүлде ерекше, мейлінше қиын да күрделі екені ықылым заманнан белгілі. Оған көрермен куә. Өнерге бап керек, талантқа қамқорлық керек. Сондай қамқорлық пен әртістердің бабын табар театр басшысы Арман Темірбек пен көркемдік жетекшісі Ерлік Жуасбек деп таниық. Театрға келіңіз, мәртебелі көрермен!

 

Секербек ЖАБЫҚБАЕВ, ҚР Мәдениет қайраткері, театртанушы, ақын.

saryarka-samaly.kz