Естай атындағы қалалық мәдениет сарайында өткен шараға облыс әкімі Болат Бақауов арнайы қатысып, ардагерлерді мерекемен құттықтады.

- Мен өңірдегі ақсақалдармен, ардагерлермен үнемі кездесіп отырамын. Белгілі бір мәселе бойынша ақылдасып, пікір алмасып, Ертіс-Баян өңірінің тарихын зерттеуді дағдыға айналдырдым. Өйткені, өңірдің дамуына өлшеусіз үлес қосқан абзал жандардың ақыл-кеңесін тыңдай отырып, өзіміздің бағыт-бағдарымызды айқындаймыз. Сонымен қатар, ата-әжелер жастарды тәрбиелеуде мықты институт ретінде қалыптасты. Біз сіздерге қарап бой түзейміз, - деді Болат Жұмабекұлы.

Мерекелік кеш барысында облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Рымтай Шөкеев бүгінде қариялардың үйде бос отырмай, қоғамдық істерге белсенді араласып жүргенін тілге тиек етті.

- Үнемі елдің амандығы мен жұрттың тыныштығын тілеп отыратын - осы абзал жандар. Қарттардың жай-күйіне үлкен мән беріліп, жан-жақты қамқорлықтар жасалуда. Еліміздің өсіп-өркендеуіне, халқымыздың тыныш өмір кешуіне өлшеусіз үлес қосқан да ардагерлер екенін айта кеткен жөн. Бүгінде облыста 117 мыңнан астам ардагер бар. Дей тұрғанмен, олардың ішінде жасы ұлғайғанына қарамастан, өңірдің дамуына өлшеусіз үлес қосып жүрген қарттарымыз да баршылық, - деді Р.Шөкеев.

Айтулы мереке аясында алғаш рет қалалық ардагерлер кеңесінің жанынан құрылған ардагерлер хорының тұсауы кесілді. Ақ жаулықты аналар мен аузы дуалы аталардан құрылған хор ұжымы мерекелік кеш барысында «Жаса, Қазақстаным», «Көзімнің қарасы» және «Не стареют душой ветераны» әндерін орындады. Бұдан бөлек, қазақ эстрадасының жұлдыздары Бақтияр Тайлақбаев пен Абай Бегей әннен шашу шашты.

 

Қарлығаш ХАШЫМҚЫЗЫ

saryarka-samaly.kz