Ұлағатты ұстаздарға Мемлекет басшысының марапатын облыс әкімі Болат Бақауов табыс етті. Мерейі үстем болғандардың қатарында - Тереңкөл ауданы Қатша Оспанова атындағы №3 қазақ орта мектебінің орыс тілі мұғалімі Құсна Исмаилова, №2 Ертіс жалпы орта білім беру мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Жанат Қамалова, Баянауыл ауданы Қ.Сәтбаев атындағы мектеп-балабақша оқу-тәрбие кешенінің тарих пәнінің мұғалімі Қайриден Мұзафаров, Екібастұз қаласы С.Торайғыров атындағы №22 мектеп-гимназиясының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Күлбаршын Сейітова, Павлодар ауданы Шақат жалпы орта мектебінің биология пәнінің мұғалімі Сағантай Смаилов бар.

Өмірін ұстаздықпен байланыстырған ардақты жандарға Болат Жұмабекұлы ақ тілегін жеткізді.

- Мұғалімдер қауымын кәсіби мерекемен құттықтаймын. Баршаңызға зор денсаулық, еңбекте жеміс тілеймін. Шалғай ауылдардың ұстаздары жоғары марапатқа ие болып отыр. Бұл - зор қуаныш. Сіздерге ұрпақ тәрбиесі жолын-дағы қажырлы еңбектеріңіз үшін алғыс айтамын, - деді Болат Бақауов.

С.Торайғыров атындағы №22 мектеп-гимназиясының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Күлбаршын Сейітова мұндай қолдау үшін өңір басшысына ризашылығын білдірді.

- Алаш ардақтысы Мағжан Жұмабаев: «Алты Алаштың басы қосылса, төрдегі орын - мұғалімдікі» деген. Болашақтың тізгіні жас ұрпақтың қолында. Жас ұрпақтың тағдыры ұстаздардың қолында. Біздер болашақ ұл-қыздардың тағдырымен ойнамаймыз. Оларды ертең ел билігін берік ұстайтын азамат етіп тәрбиелеу жолында аянбай еңбек етеміз, - деді Күлбаршын Арқалыққызы.

Салтанатты шара соңында ұлағатты ұстаздар облыс әкімімен естелік суретке түсті.


Жанат ҚАМАЛОВА, №2 Ертіс орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі:

- Еңбек өтілім - 34 жылдан астам. Бұған дейін көптеген Құрмет грамоталарына ие болған едім. Бірақ Мемлекет басшысының Алғыс хаты мен үшін ең жоғары марапат болмақ. Тәрбиелеп отырған шәкірттерімнің жетістігі өте көп. Олардың ішінде облыстық, республикалық білім додаларының жеңімпаз-дары бар. Алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын табатын болады.

 

Айдана ҚУАНЫШЕВА

saryarka-samaly.kz