Жуырда ғана 30-маусымын Бердібек Соқпақбаевтың «Балалық шаққа саяхат» драмасымен ашқан қазақ театры ерлеп тұр. Бас-аяғы 1 айдың ішінде республикалық және халықаралық деңгейде ұйымдастырылған 2 фестивальде топ жарды. Бұған дейін Семей қаласында өткен Қазақстанның Халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, көрнекті театр және кино актрисасы Әмина Өмірзақованың туғанына 100 жыл толуына орай Қазақстан драма театрларының ХХVII Республикалық фестивалінде «Үміт» аталымында жүлделі болған еді. Күні кеше қарт Каспийдің жағасында өткен «Әбіш әлемі» фестивалінде өнер көрсеткен жерлестеріміз тағы да биіктен көрінді.

Аталған фестивальде жергілікті театр Әбіш Кекілбаевтың Уйльям Шекспирден аударған «Король Лир» (трагедия) моноспек-таклімен қатысты. Театр басшысы Арман Темірбекұлының айтуынша, әлемнің 7 мем- лекетінен және Қазақстаннан қатысқан 3 театр да байқауға ерекше дайындалған.

- Біз ұсынған «Король Лир» қойылымын бұған дейін Ерсайын Тәпенов ағамыз толықтай сахналаған болатын. Ал осы шығарманы моноспектакль етіп қайта сахналаған - театрымыздың бас режиссері Әділет Ақанов. Тұтастай ұжымның сенімін арқалап, Ертіс-Баян өңірінің намысын қорғаған театрымыздың аға әртісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бейбіт Шәнімнің еңбегін ерекше атап өткен жөн. Ағамыз бір өзі ғана қойылымның мән-мағынасын ашып, көрерменді де, қазыларды да образына сендіре білді, - дейді А.Темірбекұлы.

Театр басшысының айтуынша, бұл додаға Армениядан Абельян атындағы Ванадзор мемлекеттік драма театры, Грузиядан Тбилисидің мемлекеттік кәсіби театры, Ираннан Билех Савар Барбод театры, Өзбекстаннан Хорезм театры, Тәжікстаннан К.Худжанди атындағы музыкалық комедия театры, Түркияның мемлекеттік театры, Түркіменстанның мемлекеттік музыка драма театры, Алматы қаласындағы М.Әуезов атындағы мемлекеттік академиялық драма театры, Ақтаудағы Н.Жантөрин атындағы драма театры және Ж.Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ музыка-драма театры қатысқан.

Төрт күнге жалғасқан өнер бәсекесіне белгілі актер және режиссер, Қазақстан театрлар ассоциациясының президенті Асанәлі Әшімов бастаған қазылар алқасы төрелік етті.

Айта кетейік, Қазақстанның Еңбек Ері, Халық жазушысы Әбіш Кекілбаевтың шығармаларын насихаттауға арналған алғашқы театр фестивалі 2016 жылы желтоқсан айында республикалық деңгейде өткен еді. Оған республикамыздың аймақтарынан алты өнер ұжымы және Ресейден Ноғай театры қатысқан болатын.

 

Қарлығаш ХАШЫМҚЫЗЫ

saryarka-samaly.kz