Ел тәуелсіздігін алған жылдардан бері қарайғы уақытта Май ауданы тұрғындарының қолы осындай жаңа-шылдыққа жеткен емес. Аудан тұрғын-дары ауылдардағы КБМ-нің (кешенді блок модулі) немесе қарапайым құдықтардың суын пайдаланып келді. Ұзақ уақыт бойы шешімі табылмай келген мәселенің түйіні биыл жыл соңына дейін тарқайтын болады. Келер жылдың басында ауданда тұратын 10 мың адам арбалап ауыз су тасымалдаудан құтылмақ. Ілгеріде аталған аудандағы 15 ауылға орталықтандырылған су жүйесін тарту мақсатында жалпы сомасы 3 266,8 млн. теңге көлемінде қаражат қарастырылған. Оның 2 747,9 млн. теңгесі республикалық, 518,9 млн. теңгесі облыстық бюджеттерден бөлінген.

Қазіргі уақытта барлық 15 жоба бойынша жұмыстар жүргізілуде. Аталған ауылдар тізімінде Көктөбе, Баскөл, Малайсары, Кеңтүбек, Белогор, Бозша, Ақсарай, Саты, Қызыл Октябрь, Қызылеңбек, Жұмыскер, Қаратерек, Майтүбек, Ақжар ауылдары бар.

Аудандағы құрылыс жұмыстарын жүргізуді 10 мердігер компания өз жауапкершілігіне алған. Атап айтсақ, «Кен Асар», «Қыстау Қарағай», «Алвис», «СК АВС», «Ақ Мереке», «Қараша Сервис», «ЛОГОТЕК KZ», «Жарма Құрылыс Газ», «Эксперт Строй Экспо», «Нұрай Құрылыс Жолы» жауап-кершілігі шектеулі серіктестіктері аудандағы ауызсу құбырларын тарту жұмысын қолға алды. Құбырлар ауыл көшелеріне дейін тартылатын болады. Су құбырын үйге енгізуге тұрғындар өздері жауапты болмақ.

Орталықтандырылған су жүйесімен қамтылатын 15 ауылда абоненттердің саны 2179-ды құрайды. Оның ішінде үйдің ауласына дейін (қоршауға дейін) 1535 абонент, үйдің іргетасына дейін 1528 отбасы тапсырыс берген. Бүгінде 1528 үйге ауызсу енгізілді. Аудан бойынша тартылған магистральдік желі-лердің жалпы ұзындығы - 115,7 шақы- рым. Бүгінге дейін аталған қашықтықтың 101,0 шақырымы (87,2%) тартылды.

Май ауданында осы бағыттағы атқарылып жатқан жұмыстар туралы кеңірек білу үшін облыстық жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасына хабарласқан едік.

- Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасы аясында облыста ауылдық елді мекен-дерді орталықтандырылған сумен қамтамасыз ету бойынша жұмыстар жүргізілуде. Мәселен, Бүгінгі күні Май ауданындағы 22 елді мекеннің 3-еуінде орталықтандырылған су жүйесі жұмыс істейді. Ақшиман, Үлкен Ақжар және Көктөбе ауылдары таза ауызсудың игілігін көруде. Ал 86 тұрғыны бар шағын ауыл – Белогор елді мекені суды тасымалдап ішеді. Аудандағы 8 елді мекенде КБМ су жүйесі жұмыс істеп тұр. 2018 жылдың сәуір айында Май ауданында халықты ауызсумен қамтамасыз ету мақсатында Май топтық су құбырын қайта құру жұмыстары басталды. Жобаның жалпы құны – 4,5 млрд.теңге, 2018 жылы 2,5 млрд. теңге бөлінді және игерілді. Жұмыстарды ағымдағы жылдың соңына дейін аяқтау жоспарлануда. Бұдан басқа, ағымдағы жылдың мамыр айында топтық магистральді желіге қосу үшін ауданның 15 елді мекенінде су құбырының тарату желілерін салу бойынша жұмыстар басталды. Қазіргі таңда аудандағы Жұмыскер, Көктөбе, Бозша ауылдарындағы құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын. Ал басқа 12 ауылдағы құрылыс жұмыстарын жылдың аяғына дейін аяқтау жоспарланып отыр. Аудандағы тұрғындар саны 100 адамнан аспайтын 7 елді мекенде КБМ су жүйесін орнату қарастырылуда, - дейді басқарма басшысының орынбасары Әйгерім Қабылтаева.

2017 жылы Май ауданы орталы-ғынан шалғайда орналасқан Ақшиман ауылында ауызсу мәселесі түбегейлі шешімін тапқан еді. Ауыл әкімі Қайырғалы Бақауовтың айтуынша, аталған елді мекендегі 58 үй мен мектеп және ауыл әкімдігі бүгінде таза ауызсудың игілігін көріп отыр. Тіршілік нәрінің сапасын бақылау мақсатында әр тоқсан сайын СЭС мамандары келіп, судан сынама алып тұрады.

- Ауыл тұрғындары 2017 жылдың күзінен бері орталықтандырылған су жүйесінің игілігін көріп отыр. Бұрын ішуге жарамды суды ауылдағы жалғыз құдықтан тасымалдайтын едік. Сан жылдар бойы аңсаған ауызсуға қол жеткізгелі тұрғындар арасында ауру-сырқау азайып, тұрмысымыз түзеле бастағандай. Бұл әсіресе, біз секілді жасы егделеген адамдарға мемлекеттің жасаған тамаша тартуы болды, - дейді Ақшиман ауылының тұрғыны, зейнеткер Пазыл Дүйсенбаев.

Бүгінде бұл аудандағы орталық-тандырылған су жүйесін тартуға қатысты жұмыстардың көбі жасалып, азы қалды. Жауапты мердігерлер уәдесінде тұрса, жыл соңында аудан тұрғындары арман болған ауызсуға қол жеткізетін болады.

 

Алпысбай ХОНЖ

Май ауданы.

saryarka-samaly.kz