Соңғы уақытта Павлодар қаласында тұрғын үй құрылысы қарқын алып келе жатқаны қуантады. Сарыарқа, Достық және Әуежай қалашығы аталатын жаңа шағын аудандар салынып, облыс тұрғындары баспаналы болуда. Таяуда әуежай маңында да алғаш рет қоныс тойы тойланбақ. Бүгінгі күні мұндағы бірнеше типті баспаналардың басым бөлігінің құрылысы аяқталуға таяу.

Аталмыш ауданда жұмыс жүргізіп жатқан компаниялардың бірі – «Жәрдем» ЖШС. Серіктестік құрылысшылары өткен жылдың қазан айында екі пәтерлі 9 үйдің құрылысын бастады. 60-қа жуық адам жаңа баспаналардың жайлы болуы үшін бел жазбай еңбек етіп келеді. Мұнда электр, су, кәріз желілерін тарту, есік-терезелерді орнату, сыртқы әрлеу сынды жұмыстар аяқталды. Айта кетерлік жайт, бұл үйлерге орталықтандырылған жылу жүйесі тартылмаған. Сондықтан тұрғындар үйді от жағып жылытатын болады. Ол үшін арнайы орын жасалып, пеш орнатылыпты. Енді алдағы екі апта аралығында ішкі жұмыстарды толығымен атқару жоспарланып отыр.

- Екі қабатты үйлерде екі пәтер бар. Әр пәтердің жалпы аумағы – 120 шаршы метр. Бірінші қабатта қонақ бөлме, ас бөлме, санитарлық торап, екінші қабатта үш жатын бөлме болады. Бұл ретте құрылыс барысында пайдаланылған материалдардың 90 пайыздан астамы павлодарлық өнім екенін атап өткен жөн. Мәселен, кірпіштер Павлодар мен Екібастұзда, жылуұстағыш материалдар Ақсуда шығарылған. Тек есіктерді Ресейден сатып алдық, - дейді құрылыс учаскесінің басшысы Жәнібек Жомартов.

Бүгінде Әуежай қалашығында жалпы саны 73 пәтер болатын 55 жеке үйдің құрылысы жүргізілуде. Бұл мақсатқа 1,6 млрд. теңге көлемінде облигациялық қарыз алынды. Аталмыш баспананың барлығы биыл жер учаскесіне кезекте тұрған азаматтарға «7-20-25» мемлекеттік бағдарламасы мен «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ арқылы сатылымға шығарылады.

Облыстық құрылыс басқармасы басшы-сының орынбасары Ардақ Ажмұратовтың айтуынша, аймақтың 26 438 тұрғыны жеке үй салу үшін жер алу туралы өтініш берген.

- Қазіргі уақытта Павлодар, Екібастұз және Ақсу қалаларында жеке баспана салуға қажет коммуникацияларды тарту жұмыстары жүргізілуде. Облыс орталығында 2025 жылға қарай 10 мың отбасын баспанамен, жер учаскесімен қамту жоспарланып отыр, - деді А.Ажмұратов.

Жалпы, «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдар-ламасы өңірде жүзеге аса бастағалы көпқабатты 26 тұрғын үй салынды. Бұл дегеніңіз – 2459 пәтер немесе 198 мың шаршы метр баспана! Бағдарламаны биыл іске асыруға 14,5 млрд. теңге қаржы қарастырылды.

Айта кетелік, соңғы үш жыл аралығында облыс көлемінде 711 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға тапсырылды. Жыл сайын бұл көрсеткіш орташа есеппен алғанда 20 пайызға артып келеді. Биылғы меже – 300 мың шаршы метр.

Жыл басынан бері оның 161,5 мың шаршы метрі ел игілігіне берілді. Алдағы екі ай дересінде тағы жүздеген павлодарлық қоныс тойын тойлайды деп күтілуде. Олардың қатарында жоғарыда аталған Әуежай қалашығы ауданының тұрғындары да бар.

 

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА

saryarka-samaly.kz