Басылым жүлдесі үшін өтетін жарысқа шәкірттерін жыл сайын бастап келетін жаттықтырушылардың да қатары артуда. Соның бірі - Ақсу қаласындағы №2 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің тоғызқұмалақтан жоғары санаттағы жаттықтырушысы Гүлжан Сапарова. Төл ойынның қыры мен сырын бір адамдай меңгеріп, жылдар бойы жинақтаған тәжірибесінің арқасында шәкірттері оң нәтижеге жетіп жүрген бапкердің басылым атындағы турнирге айтар алғысы шексіз.

- Мен 2004 жылы бапкерлік қызметімді бастадым. Жыл сайын шәкірттерімді облыстық, республикалық жарыстарға апаруға тырысамын. Жас тоғызқұмалақшылардың асыға күтетін додасының бірі – облыстық «Saryarqa samaly» газетінің жүлдесі үшін өтетін турнир. Бұл жарыс, әсіресе, тоғызқұмалақ ойнауды енді үйрене бастаған спортшылар үшін қажет. Олар көппен араласады, жаңа достар табады. Жарыстың тағы бір ерекшелігі - кіші топтағы балалар үшін жүлде 9-ыншы орынға дейін беріледі. Бұл да балаларға үлкен қуаныш сыйлайды. Бүлдіршіндердің жеңіске деген құштарлығы артып, төл ойынға қызығушылығы ояна түседі, - дейді Г.Сапарова.

Аталған жаттықтырушыдан тәлім алған Нұрсұлтан Сүлейменов Азия чемпионы атанды. Айдана Болатханова, Әника Тұрсынбайқызы, Аида Нұртасқызы ел чемпионатының жүлдегері болды. Сондай-ақ Жантас Бөжен, Тамерлан Сапар, Мәлика Нүкенова, Әмина Андосова, Аружан Азат, Мадияр Қадырбектер де республикалық турнирлерде олжа салып жүр. Осы спортшылардың барлығы - облыстық «Saryarqa samaly» газетінің дәстүрлі турниріне жыл сайын қатысып, шыңдалған тоғызқұмалақшылар.

Былтыр аталған турнирге 15 шәкіртін дайындап әкелген жаттықтырушы биыл кем дегенде 20 спортшыны топқа қосуды жоспарлап отыр.

Қадірменді оқырман! Сіз де Павлодар қаласындағы «Шахмат үйінде» 7-8 қараша күндері тоғызқұмалақтан өтетін дәстүрлі турнирден қалыс қалмаңыз!

 

Алпысбай ХОНЖ

saryarka-samaly.kz