Бұл туралы облыс әкімі Болат Бақауов Қамқоршылық кеңес өкілдерімен кездесу барысында мәлім етті.

Естеріңізде болса, ағымдағы жылдың қазан айының басында Павлодар ауылындағы мектепте 20-дан астам бала тамақтан уланып, ауруханаға түскен болатын. Тіркелген оқыс жағдай ата-аналарды уайымға салған еді. Осы орайда, аймақ басшысы мектептерде туындап жатқан тамақтануды сапалы түрде ұйымдастыру мәселесін Қамқоршылық кеңес өкілдерімен талқылады.

- Кездесуді өткізбес бұрын «Инстаграм» парақшасы арқылы жазушыларымнан мектептерге қатысты мәселелерді тізіп беруді сұраған едім. Бір тәуліктің ішінде 350-ден астам өтініш түсті. Барлық пікірді оқып, жағдайды ата-аналармен бірге талқылауды ұйғардым. Өйткені тұрғындардан мектептегі тамақ сапасына қатысты сұрақтар көп түсті. Қазіргі уақытта алдағы 3 жылдың бюджеті қарастырылуда. Маңызды құжатты бекіту кезінде тек қана білім беру басқармасының ұсынысымен шектелмей, ата-аналардың да пікіріне құлақ асқанды жөн көрдім.

Жуырда дарынды балаларға арналған Абай атындағы №10 лицей-мектебінде жүргізіліп жатқан қосалқы құрылыс жұмыстарымен танысқан едім. Асханаға кіріп, тамақтандым. Мемлекеттік тілде білім беретін мекеме ас ішу орнындағы хабарландыруды ресми тілде жазыпты. Бұл - дұрыс емес. Екіншіден, ас мәзірінде қант себілген бәліш пен пирожок 100 теңгеден сатылуда. Қамқоршылық кеңес мүшелері қайда қарап отыр? Тіпті, асхана сөресінде шоколад пен тәтті сусындар да бар. Мұндай өнімдерді сатуға болмайтынын айтқан едік. Егер ата-аналармен бірлесіп, тамақ сапасын бақыламасақ, нәтижеге қол жеткізе алмаймыз, - деді Б.Бақауов.

Аймақ басшысына алғашқы болып сауал қойған Усолка шағын ауданындағы №42 орта мектептің ата-аналары жаңа мектеп қажет екенін айтты. Бұл ауданда жыл сайын оқушылар саны 200 балаға артып, білім ошағы тарлық етуде. Аталмыш шағын ауданда салынып жатқан көп қабатты үйлер пайдалануға берілсе, оқушы саны тағы да көбейе түспек. Бұдан бөлек, кеңес мүшелері жолақы мәселесін сөз етті. Қазіргі уақытта 15 жасқа толмаған оқушылар қоғамдық көліктерде 50 пайыз жеңілдікпен қатынауда. Демек, 15 жасқа толған 9-сынып оқушылары жолақысын толық төлеуге міндетті. Ал 9-сыныптан кейін колледжге түскендер студент билетін көрсету арқылы жол ақысының 50 пайызын ғана төлейді екен.

- Усолкада оқушы саны көп екенін білеміз. Өкінішке қарай, онда мектеп салатын орын жоқ. Сондықтан жаңа білім ошағын Затон базары аумағында салмақпыз. Құрылыс жұмыстарына қаржы бөлінді. Ал жолақы мәселесіне келетін болсақ, колледж студенттері арасында бұл жағдайды талқылаған кезде жоғары сынып оқушыларын назардан тыс қалдырып алған сияқтымыз. Қоғамдық көлікте 50 пайыз жеңілдік қарастырылатын балалар жасын 15 жастан ұлғайту қажет. Мәселені бақылауға аламын, - деді Б.Бақауов.

Ата-аналардың көпшілігі балалардың қауіпсіздігі үшін алаңдауда. Мәселен, Ақсу қаласындағы №7 мектептің қоғамдық кеңес мүшесі Андрей Рахметов білім беру мекемесі абаттандыру жұмыстарын қажет ететінін алға тартса, Ленин кенті №32 мектептің қамқоршылық кеңес мүшесі Уәлихан Нығманов білім ошағындағы қоршау мәселесіне көмек көрсетуді сұрады.

Аймақ басшысы мектепті қоршағаннан гөрі, аумағын абаттандырып, бейне-бақылау құрылғысын орнатуды ұсынды. Павлодар қаласындағы №19 мектептің ата-аналары мектеп маңындағы көліктер қиындық тудырып отырғанын айтты. Бұл білім ошағы Павлов көшесі, 48-үй мекенжайындағы Халыққа қызмет көрсету орталығының жанында орналасқан. Онда келетін тұрғындар көліктерін мектеп жанына қойып кетеді. Салдарынан көлік кептелісі жиі орын алуда. Бұл келеңсіздік №29, №36 мектептің оқушыларына да қиындық тудырады. Сондықтан ата-аналар №19 мектептің ауласына жол белгісін орнатып, мәселені шешуді сұрады. Сондай-ақ, Малайсары көшесінің бойында орналасқан №41 мектептің ата-аналары бағдаршам орнатуды сұрады.

- Ертеңнен бастап көлік кептелісі туындап жатқан барлық мектептерде жол полициясы жұмыс істейтін болады. Бұл бастамадан қорытынды шығарамын. Өйткені, Ак.Шөкин, Толстой көшелері бойында орналасқан мектептердің ата-аналары да осындай мәселені көтерген болатын, - деді облыс басшысы.

Кеншілер шаһарындағы №13 мектептің ата-аналары білім ошағы аумағында автотұрақ қажет екенін айтып, жарықтандыру мәселесін шешуде көмек сұрады. Сонымен қатар, аталмыш білім ордасында 2 мектептің тіркелгенін айтты. Яғни, №13 мектеп ғимаратында №35 мектептің ұжымы бірге жұмыс істеуде. Салдарынан кабинет саны жеткіліксіз. Парталар тым ескірген. Денешынықтыру сабағында бір уақытта 2-3-сынып дайындалуға мәжбүр. Облыстық білім беру басқармасының басшы Дінислам Болатханұлы да мұндай мәселенің барын мойындап, шешуге тырысатынын айтты.

Павлодар қаласындағы №35 мектептің қамқоршылық кеңес мүшесі Майгүл Иманқұлова мектептегі тамақтану сапасына шағым білдірді. Асхананы жалға алушылар кассалық құрылғысыз жұмыс істейтінін алға тартты.

Екібастұз қаласы №36 мектеп оқушылардың киім ілуіне арналған шкафқа бюджеттен қаржы бөлуді сұрады. Мектеп құрылысының жобалық-сметалық құжатын дайындаған кезде гардероб мәселесі қарас- тырылмаған.

- Өткен жылы бұл мәселе көтерілген еді. Мектептерді шкафпен қамту мақсатында 100 млн. теңге бөлдік. Қазіргі уақытта байқау жарияланды. Аталмыш қаржыға өңірдегі 3 қаладағы мектептердің шкафқа қажеттілік мәселесін 20 пайызға шешпекпіз. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын табады, - деді Б.Бақауов.

Кеншілер шаһарындағы №25 қазақ қыздар гимназиясының ата-аналары көптен бері көтеріліп жатқан мектеп салу мәселесін көтерді.

- Екібастұздағы бұл мектеп бойынша жобалық-сметалық құжат дайын. Әзірше құрылыс жұмыстары жүргізілмейді. Өйткені Екібастұзда жаңа мектепті қажет ететіндей оқушы саны көп емес. Республикалық қаржылық бақылау өкілдерінің тексерісі кезінде ескерту алдық. Өйткені мектептің шаршы метрін оқушы санына бөлетін болсақ, шәкірттерге орын жеткілікті. Өңірде жүзеге асырылып жатқан «Nurly Еrtis» бағдарламасы аясында оқушы саны артатын болса, мәселені шешуге тырысамыз, - деді Б.Бақауов.

Жиында сөз алған көпбалалы ана С.Шарапиева ұл-қызының тамақты ақылы негізде ішіп жүргенін айтты. Ол мектеп жасындағы 3 баласының ыстық тамағына күніне 900 теңге төлеуде. Бұл қаражат отбасылық бюджетке айтарлықтай салмақ салып отыр. Аймақ басшысы бұл мәселені шешетінін айтты. Успен ауданындағы №2 мектептің ата-аналары асхана бағасына көңілдері толмайтынын айтты. Өйткені мұнда аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан балалар 350 теңгеге тамақтанса, ақылы негізде тамақ ішетіндер асқа 500 теңге төлеуге міндетті. Ал Аққулы ауданының қамқоршылық кеңес өкілдері аймағымызда білім беру саласында жүзеге асырылып жатқан жұмыстар үшін өңір басшысына алғысын білдірді. Ата-аналар 1-4-сынып оқушылары тегін тамақпен қамтылатынын айтып, жергілікті демеушілерге алғыс айтты. Мұндай игі бастама Шарбақты ауданында да бар екен. Тіпті, ондағы кейбір білім ошақтарында оқушыларға тамақ кәсіпкерлер есебінен арзан бағамен ұсынылады.

Ата-аналар тарапынан түскен барлық сауалды тыңдаған Болат Жұмабекұлы жиынды қорытындылап, бірқатар тапсырма берді.

- Мектептерді күрделі жөндеуден өткізу мәселесі 3 жылдық бюджетте қарастырылатын болады. Жеке терезені ғана ауыстырмай, кешенді жөндеу қажет деп білемін. Ал тамақ сапасына қатысты мәселені облыс, қала әкімдері шеше алмайды. Бұл істе Қамқоршылық кеңеспен бірлесуіміз керек. Өткен жылы облыста 7 мың бала 1-сыныпқа барса, биыл бұл көлем 14 мыңға артты. Біз үшін оқушылардың денсаулығы бірінші кезекте болуы керек. Облыс бойынша 1-4-сынып оқушыларын тегін тамақпен қамту үшін 2,2 млрд.теңге қажет екен. Алдағы уақытта бастауыш сыныпта оқитындар тегін тамақтанатын болады. Бұл жұмысқа демеуші, бизнес өкілдерін тартып, бюджеттен қаржы қарас- тырамыз. Тамақ сапасына Қамқоршылық кеңес жауапты! Бұдан бөлек, ағылшын тілі мен қазақ тілі пәндерінен білім беретін ұстаздарға да қатысты шағым түсуде. Ата-аналар аталмыш пәндерден қосымша репетитор жалдауда. Сондықтан осы екі пәннің ұстаздарын аттестациядан өткізуді тапсырамын. Барша қамқоршылық кеңес өкілдерін жұмысқа белсенді араласып, пікірлерін ашық білдіруін сұраймын, - деп жиынды түйіндеді Болат Бақауов.

 

Айдана ҚУАНЫШЕВА

saryarka-samaly.kz