Ұлы Абайдың туғанына 175 жыл және облыстық «Saryarqa samaly» газетінің 90 жылдығына арналған «Айналайын» фестиваліне Аққулы ауданына қарасты бірқатар ауыл мектептерінің ұстаздары мен оқушылары қатысты. Шараға жиналған көпшілік назарына алдымен қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлының өмір деректері мен шығармашылық жолы жайлы бейнекөрсетілім ұсынылды. Бұдан соң, аудандық білім беру бөлімінің басшысы Ерсін Еркенов сөз алып, газет ұжымына алғысын айтты.

- Абай Құнанбайұлының 175 жылдығын ел болып ерекше атап өту – баршамызға ортақ міндет. Осынау үлкен мерейтоймен қатар аймағымыздың айнасы болған «Saryarqa samaly» газетінің торқалы тоқсан жылдығына орай ұйымдастырылып отырған «Айналайын» фестивалінің оқушылар үшін берері мол болмақ. Әрдайым ел ертеңі болар жас ұрпақтың санасына ұлы тұлғаның философияға толы қара сөздерін сіңіріп, мағынасы терең өлеңдерін насихаттауымыз қажет. Сонымен қатар, балалардың тәрбиелік мәні зор басылымдарды оқуға деген қызығушылығын арттырып, шығармашылық қабілеттерін шыңдауымыз керек. Осы мақсатта өз бағытынан айнымаған облыстық басылымның ұжымына аудан тұрғындарының атынан алғыс айтып, еңбектеріңізге табыс тілеймін, - деді Е.Еркенов.

Фестиваль қатысушыларын облыстық «Saryarqa samaly» газетінің бас редакторы Нұрбол Жайықбаев та құттықтап, жылы лебізін білдірді.

- Биыл газетіміздің 90 жылдық мерейтойына орай журналистер қауымы аудандарды аралап, оқырмандармен жүздесіп, түрлі іс-шаралар ұйымдастыруда. Соның бірі – мектеп оқушыларына арналған «Айналайын» фестивалі. Бүгінгі жас буынға саналы тәрбие беруде маңызы зор осындай шараға белсенділік танытып, құрмет көрсеткендеріңізге ризамыз. Жалпы, басылым қалың бұқараға арналғандықтан, біз үшін әр оқырманның орны бөлек, пікірі маңызды. Сол үшін де өздеріңізбен қауышқанымызға қуаныштымыз, - деді Нұрбол Қанатбекұлы.

Айтулы шара барысында бас редактор оқушылардың шығармашылығын ұйымдастырып, жасөспірімдерге бағыт-бағдар бергені үшін Лебяжі жалпы орта білім беру мектебінің директоры Руслан Қамбаровты Алғыс хатпен марапаттады. Сондай-ақ, «Айналайын» қосымшасына мазмұнды мақалалар мен өлең-жырларын жолдап, шығармашылықпен айналысып жүргені үшін Б.Уахатов атындағы орта мектептің 5-сынып оқушысы Елубай Тоғжан, Ямышев орта мектебінің 11-сынып оқушысы Қайса Қуандық, Шақа орта мектебінің 9-сынып оқушысы Қалқаман Ералы және С.Сатыбалдин атындағы орта мектептің 5-сынып оқушысы Нұрбек Бекарыс марапатқа ие болды.

Игі шараға жиналған қауымды аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Ерболат Шәкіров құттықтап, Аққулы өңіріндегі оқырмандардың ата басылымға деген құрметі бұрынғыдан да арта түсетініне сенім білдірді.

«Айналайын» фестивалі өңірдегі өнерлі ұстаздар мен талантты да талапты шәкірттердің қатысуымен ұйымдастырылған концерттік бағдарламаға ұласты. Фестиваль қатысушыларының назарына сондай-ақ, «Абай мұраларын ұлықтайық!» атты кітаптар көрмесі ұсынылды.

Ауданға арнайы атбасын бұрған газет журналистері 70 жылдан астам тарихы бар Лебяжі орта мектебінің музейін аралап, білім ордасынан шыққан белгілі азаматтар және олардың өмірбаяны мен жетістіктері жайлы құнды деректермен таныс болды.


Тоғжан ЕЛУБАЙ, Б.Уахатов атындағы орта мектептің 5-сынып оқушысы:

- «Айналайында» алғаш рет 9 жасымда тырнақалды өлеңдерім жарық көрді. Облыстық газеттен өз есімімді оқып, еңбегімді көргеннен кейін шығармашылыққа деген қызығушылығым артты. Мені осы жолға баулыған «Айналайын» қосымшасына айтар алғысым шексіз. Еңбектеріңіз жемісті болсын!


Жанаргүл ҚЫДЫРХАН, Лебяжі жалпы білім беру мектебінің бастауыш сынып мұғалімі:

- Мемлекеттік газеттер – халыққа дұрыс бағыт-бағдар беріп, болашаққа адаспай апаратын жолды көрсететін қуатты құрал деп білемін. Осы бағытта облыстық «Saryarqa samaly» газеті көп жұмыс атқаруда. Өзім бастауыш сыныптың мұғалімі болғандықтан балаларға арналған «Айналайын» қосымшасын үзбей оқып отырамын. Бұл қосымшада балалар үшін қызықты да мазмұнды дүниелер өте көп екенін атап өткім келеді.


 

Нұржайна ШОДЫР

Суреттерді түсірген - Қ.ХАШЫМҚЫЗЫ.

saryarka-samaly.kz