Бұған дейін аудан орталығындағы Елгин, Байтұрсынов және Аймауытов көшелеріндегі жол ойқы-шойқы болып, халықты әбігерге салып келген еді. Жарық орнатылмағандықтан ата-аналар балалары үшін алаңдайтын. «Ауыл – ел бесігі» жобасы жұртшылықтың талайдан бері армандап келген тілегін орындады десек қателеспейміз. Қазіргі уақытта аталмыш көше жолдары заманауи кейіпке еніп, жарықтандырылған.

Тереңкөл ауылының тұрғыны, еңбек ардагері Лидия Ивченко көпшіліктің тілегі орындалғанына ризашылығын білдірді.

- Байтұрсынов көшесіндегі жолдың тозығы жеткен болатын. Әсіресе, жаңбырдан кейінгі батпақ жолаушыларды әбігерге салушы еді. Көліктер батып қалатын. Қазір жаңа асфальт төселді. Жаяу жүргіншілерге арналған тротуар да бар. Ауыл халқының жағдайын жақсартып отырған билікке алғысымды айтамын, - дейді зейнеткер.

Бүгінде бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын тауып, игі іс Тәліпов, Тәуелсіздік көшелері бойында атқарылуда. Ауыл көшелеріндегі орташа жөндеу жұмыстарымен «Гордорстрой» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі айналысуда. Тәуелсіздік, Сұрағанов және Тәліпов көшелері бойларына жарық орнату үшін қомақты қаржы бөлінген.

«Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында жылдар бойы жөндеу күтіп, бос тұрған ғимараттарға да көңіл бөлінуде. Мәселен, жергілікті жастар және жасөспірімдерге арналған спорт мектебінің алаңы күрделі жөндеуден өтіп, жаңа кейіпке енді. Бұл ретте футбол алаңына жап-жасыл жасанды газон төселген. Көрермендерге арналған жайлы пластикалық орындықтар мен жауын-шашыннан қорғайтын жабық төбе орнатылған. Алдағы уақытта жаңа кейіпке енген алаңда аудан, облыс көлемінде түрлі жарыстар ұйымдастарылып, тұрғындар спортпен шұғылданатын болады. Бұдан бөлек, Тәуелсіздік көшесінде бос тұрған ғимарат қайта жаңданып, мектеп оқушыларына арналған интернат салынатын болады. Бұл жұмыстарды «Промжилстрой комплекс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі атқаруда. Қазіргі уақытта құрылысшылар ғимараттың ішкі жұмыстарымен айналысуда. Ескі ғимараттың төбесі, есіктері, әйнектері толығымен ауыстырылып, жылы едендер төселуде. Сондай-ақ әлеуметтік нысанның ауласы да жаңартылатын болады. Құрылыс алаңында тереңкөлдік бес азамат уақытша еңбек етуде. Сонымен қатар, Тереңкөл ауылындағы №2 орта мектебінің жылу жүйесі күрделі жөндеуден өткізілуде. Мұндай жауапты іспен «Пирамида құрылыс фирмасы» айналысуда. Жалпы ұзындығы 758 метрді құрайтын жылу жүйесінің құбырлары ауыстырылуда.

Осылайша, ауыл жұртшылығы бағдарлама аясында әлі талай мәселе өз шешімін табатынына сенімді.


Зәру БАЛТАШЕВА, ауыл тұрғыны:

- Соңғы уақытта аудан орталығында ауқымды жұмыстар қолға алынуда. Игі істерге халық риза. Өзім Гагарин көшесінде тұрамын. Мектепте мұғалім болып жұмыс істеймін. Кешкілік, күн батқанда сабақтан қайту қиындық тудыратын. Енді Торайғыров көшесінен үйіме дейінгі аралық жап-жарық. Балалар үшін де алаңдамайтын болдық.

 

А.АСҚАРҚЫЗЫ.

saryarka-samaly.kz