Александр Эскиджян отбасылық жағдайға байланысты орта мектепті аяқтай алмапты. 8-сыныпты тәмамдаған соң еңбекке ерте араласуына тура келіп, түрлі салада қызмет атқарды. Кейін үйленіп, шаңырақ көтерді. Отбасының жағдайын жасау үшін Павлодар қаласындағы базарлардың бірінде аяқ киім сатты. Ал әйелі үйде түрлі мерекелік шараға тапсырыспен торттар пісірді. Тұрғындар тарапынан сұраныстың жоғары екенін байқаған отбасы дәл осы бағытта кәсіп бастауға бел буды. Сөйтіп, облыс орталығындағы дүкендердің бірінде орналасқан шағын цехты жалға алып, тәттінің түр-түрін пісіріп, сата бастады. Кейін шағын цех тарлық етіп, кәсіпті кеңейтуді ойлас-тырды. «Өндіріс» бағдарламасы арқылы 9 млн. теңгеге жеңілдетілген несие алып, бұл сомаға құрал-жабдықтарды жаңартып, кең цехқа көшті. Нәтижесінде кондитерлік орынның қуаттылығы да, нарық ауқымы да артты. Бұған дейін тек павлодарлық дүкендерді қамтып келген «Эскиджян» жеке кәсіпкерлігінің өнімдеріне Нұр-Сұлтан, Өскемен, Семей қалаларының фирмалары тарапынан да қызығушылық пайда болып, сол өңірлерге түрлі тәттіні жөнелте бастады. 2018 жылы «Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасы бойынша несие ресімдеп, жеке ғимарат пен италиялық заманауи пештер, қант қосылған печенье пісіретін арнайы тізбек сатып алды. Бүгінде күніне шамамен 700 келі кондитерлік өнім шығарады. Оның жартысына жуығы Шығыс Қазақстан облысы мен Ресейдің Бийск, Славгород өңірлеріне сатылады. Атап айтқанда, айына 2-2,5 мың тонна павлодарлық өнім басқа аймақтардың дүкен сөрелерінен орын алады. Ал оларды небары 9 кондитер пісіреді.

- Қазіргі кезде 65 түрлі кондитерлік өнімді дайындаймыз. Жуық арада бірнеше жаңа құрал сатып алып, өнім түрлерін көбейткіміз келеді. Оған қоса, біздің цехтың қасындағы ғимаратты сатып алып, жеке дүкен ашуды қалаймыз. Сол кезде маман тапшылығы болуы әбден мүмкін. Себебі бұл мәселе өңірде өзекті тұр. Павлодар қаласындағы колледж- дер биыл кондитерлік өнімдер техно-логиясы мамандығы бойынша студенттерді қабылдамағанға ұқсайды. Тек мейрамхана, қонақ үй, қоғамдық тамақтану ісі сынды салалар мамандарын оқытуда. Білімді, білікті технологтардың болмауы кәсіпті кеңейтуді қалайтын бизнес өкілдеріне кедергі келтірмей қоймайды, - дейді А.Эскиджян.

Бұл ретте кәсіпкер өзінің орта мектепті де тәмамдамағанын айтып қалды.

- Менің аттестатым да, дипломым да жоқ. Соған қарамастан, мемлекет қолдау білдіріп, бағдарламаларға қатысып, бүгінде игілігін көріп отырмын. «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының қолдауымен биыл Нұр-Сұлтан қаласындағы Назарбаев университетінде «Іскерлік байла-ныстар» жобасына қатысып, кейін С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде бизнес-курстан өттім. Соның нәтижесінде кәсіпті жүргізудің қыр-сырын үйрендім. Енді кезінде үзіліп қалған орта білімімді қайта жалғастырып, 9-11-сыныптың оқу бағдарламасын меңгермек ойым бар. Себебі бизнесті дамытып, нарықты зерттеп, әріптестермен байланыс орнату үшін міндетті түрде білім керек, - дейді ол.

Айта кетелік, бүгінгі күні аталмыш кондитерлік цех өз өнімдеріне сауда белгісін алу үшін патенттеу бюросына өтініш берді. Бұл бюроның мамандары тиісті талдама жұмыстарын жүргізіп, отандық және әлемдік нарықты саралайды. Егер Александр Эскиджян қалаған атау бос болса, көпшілік «Эскиджян» жеке кәсіпкерлігінің өнімдері деп білетін тәттілер нақты атауға ие болмақ.

 

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА

saryarka-samaly.kz