Командалық-штабтық оқу-жаттығу кезінде Павлодар-Омбы бағыты бойынша жолға шыққан жолаушыларға көмек көрсетілді. Оқиға желісіне сүйенетін болсақ, автобус жол жиегінде тоқтап тұрған тракторға соғылады. Жол-көлік оқиғасының салдарынан 4 адам зардап шегеді. Көліктен шыға алған жолаушылар түрлі бағытқа бет алған. Павлодар ауылына қарай жаяу жүрген адамдар жолда адасып, елді мекенге жете алмаған. Мамандар жедел іздестіру шарасы нәтижесінде оларды оқиға орнынан 4 шақырым жерден тауып алды. Олар жылыту пунктіне жеткізіліп, медициналық көмек алды.

Павлодар қалалық төтенше жағдайлар басқармасы бастығының орынбасары, азаматтық қорғау полковнигі Қ.Бертібаев қыста қызмет көрсететін техника мен қызметкерлердің дайын-дығына баға берді. Оның сөзінше, командалық оқу-жаттығу барысында ішкі істер басқармасы, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары және денсаулық сақтау басқармасының мамандары өз міндеттерін мүлтіксіз орындады. Ауа райының суығына қарамастан, жедел әрекет етті. Бұл мамандардың қыс мезгіліне әзірлігін көрсетеді.

 

Айдана ҚУАНЫШЕВА

saryarka-samaly.kz