7 ай бойы Ертіс-Баян өңірінің барлық елді мекенін аралап, өшкенді жаңғыртып, ұмыт болған салт-дәстүрлерімізді ел ішіне қайта оралтқан «Ұлы даланың өнерпаздар керуені» жобасы Аққулы ауданының Мерғалым ауылынан бастау алып, Железин ауданында аяқталған болатын. Облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы мен «Шаңырақ» облыстық халық шығармашылығы және мәдени-сауық қызметі орталығы ұйымдастырған тың бастаманың қорытынды гала-концертінде үздік шыққандар өнер көрсетті. Сондай-ақ «Ұлы дала өнерінің үздік шеберлері» және «Ұлы даланың ұлттық тағамдары» көрмесі ұйымдастырылды.

Жобаның мақсаты - ата-бабадан келе жатқан ұлы мұраны кеңінен насихаттап, халық ауыз әдебиетінің айтыс, дәстүрлі ән, терме, күй, ұлттық ойындар, жаңылтпаш, жұмбақтар фольклорын шалғайда жатқан елді мекендегі халыққа дәріптеу.

Облыстық «Шаңырақ» орталығының басшысы Риза Аяпбергенованың айтуынша, аталмыш жоба бойынша орталық қызметкерлері, әдебиет және өнер қайраткерлері, шығармашылық зиялы қауым өкілдері аймақтың барлық өңірін қамтуға тырысқан.

- Мұндағы мақсатымыз - келер ұрпаққа салт-дәстүрімізді дәріптеп, ата-бабамыздан бері сақталып келе жатқан терме-жырларымызды ел арасында кеңінен наисхаттап, оны әрмен қарай жетілдіру.

Кеш барысында облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқар-масының басшысы Ернұр Дәуенов Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы мен «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы аясында Павлодар облысында 200-ден астам жоба жүзеге асырылатынын атап өтті.

- Елдің мәдениетін дамыту жолында бірқатар істер қолға алынуда. Солардың ішінде бірегейі, ерекшесі «Ұлы даланың өнерпаздар керуені» жобасы болды. Оның басты ерекшелігі, мұнда өңіріміздің барлық ауылдарының қатысуы болды. Бұл жобаның басты мақсаты ұлттық құндылықтарымызды насихаттау болып табылады. Сол себепті осы жоба күнделікті әдетке, дәстүрге айналса екен деген ойымыз бар, - деді Е.Дәуенов.

Жоба қорытындысы бойынша бас жүлде Май ауданына бұйырды. Жеңімпаздарға музыкалық аппарат табыс етілді. Ал жүлделі бірінші орынды Баянауыл ауданы еншілесе, екінші орын - Ертіс ауданына, жүлделі үшінші орын Аққулы ауданына бұйырды. Жүлдегерлерге дыбыс күшейткіш, микшерлік микрофон және микшерлік пульті сыйға берілді. Сонымен қатар, аталмыш жобаны іске асыруда белсенділік танытқан әріптестеріміз бен «Шаңырақ» орталығының мамандары да арнайы марапатталды.

 

Қарлығаш ХАШЫМҚЫЗЫ

saryarka-samaly.kz