Ел бойынша ең үздік

Алдымен вице-премьер Бердібек Мәшбекұлы, ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Қамалжан Надыров және аймақ басшысы Болат Бақауов облыстық жедел медициналық көмек станциясының қызметімен танысып, дәрігерлермен жүздесті. Мекеменің бас дәрігері Қанадан Ахметжанов Үкімет мүшелеріне жедел жәрдем станциясында атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады. Үкімет мүшелері күні-түні жұмыс істейтін Call-орталығының жұмысымен танысты. Орталық мамандары көп арналы телефон арқылы тұрғындардың сауалына жауап беріп, шақыртуды қабылдайды. Бұдан бөлек, жедел жәрдем көліктерінің қызметі де онлайн режимде бақыланады. Кезекші оператор шақыру түскен уақыт пен медицина қызметкерлерінің жету жылдамдығын толығымен көріп отырады. Бұл ретте орталық күніне 700-800 шақыртуға баратынын атап өткен жөн. Станция паркінде 100-ден астам арнайы техника бар. Олардың барлығы GPS жүйесімен қамтылған. Жедел жәрдем көлігі шақырту түскен орынға 7 минуттың ішінде жетеді екен.

Бас дәрігердің айтуынша, станция базасында заманауи модельдеу орталығы құрылған. Мекеме ұжымы халықаралық талаптарға сай 100 пайыз медициналық көмек көрсету тәсілдерін меңгерген. 103 қызметінің реаниматолог дәрігерлері түрлі тренингтер өткізіп, жұртшылыққа алғашқы медициналық көмек көрсету тәсілдерін үйретуде.

Павлодар облысының жедел жәрдем қызметі «тұтқаны ұстап тұру» әдісі бойынша талай адамдарға өмір сыйлағанын да атап өткен жөн. Бердібек Сапарбаев атқарылып жатқан жұмыстарға оң бағасын беріп, қызметкерлерге табыс тіледі.

Оның айтуынша, медициналық сақтандыру реформасы халықтың денсаулығын жақсартуға бағыт-талған. Қазіргі уақытта еліміздегі халықтың 87 пайызы шартты түрде сақтандырылған. Павлодар облысында 381 мың 700 адамға жеңілдік қарастырылған. Аймағымызда 49 мың адам тұрғылықты мекенжайы бойынша емхана тіркеуіне алынбаған. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстарды жыл соңына дейін аяқтау қажет.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ардақ Күзековтің сөзінше, Павлодар облысындағы амбулаторлық-емханалық емдеу тарифі республикада ең төмен көрсеткішке ие.

Вице-премьер саладағы мәселелер алдағы уақытта шешілетінін атап өтті. Бұл ретте жауапты мамандарға тапсырма берілмек. Сонымен қатар, вице-премьер міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі бағытында үгіт-насихат жұмыстарын күшейтуді жүктеді.

Жаңашылдықты түсіндіру - ортақ міндет!

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев, ҚР Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринова бастаған меймандар облыс орталығындағы М.Катаев атындағы оқушылар сарайына барып, өнер-білім ордасының жұмысымен танысты.

Вице-премьер және білім беру саласының өкілдері аталмыш мекемедегі робототехника, 3D-модельдеу зертханасы, телестудия, стартап-академия, астрономиялық зертхана және IT-сыныбы бар балалар техносаябағын аралап, жасөспірімдердің еңбектерін тамашалады. Мекеме басшысы Алма Ерубаева «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында көп жұмыстар қолға алынып жатқанын атап өтті. Оқушылар сарайының тәрбиеленушілері қонақтарға Tach table аймағын таныстырды.

Бұдан соң елордалық меймандар павлодарлық педагогтар қауымымен және қамқоршылық кеңес мүшелерімен кездесті. Шара барысында ҚР Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринова жаңартылған білім беру бағдарламасының жүзеге асу барысы жайлы баяндама жасады.

- Өздеріңіз білесіздер, қазақ-стандық мектептерге жаңартылған білім беру бағдарламасы енгізілуде. Бүгінде елдегі педагогтардың 94 пайызы жаңартылған мазмұнда білім беру курстарынан өтті. Өкінішке қарай, отандық білім беру саласындағы жаңа өзгерістерге байланысты қоғамда түрлі пікірлер айтылуда. Әсіресе, ата-аналар қауымы өзгерістерді толық түсінбейтіндіктен, алаңдаушылық білдіруде. Көбі қазіргі оқушылардың білімін бағалау жүйесіне, яғни, бөлімдік жиынтық бағалау мен тоқсандық жиынтық бағалауға қатысты теріс пікірлерін айтуда. Сонымен қатар, оқушылардың жиынтық, тоқсандық бақылау жұмыстарын жиі жазатыны туралы мәселе де көтерілуде. Осыған орай министрлік тарапынан арнайы жұмыс тобы құрылды. Олар ата-аналар мен мұғалімдердің уәждерін тыңдап, ұсыныс-пікірлерімен санаса отырып, қорытынды шығарады. Демек, алдағы оқу жылында білім беру саласында тағы да өзгерістер болуы мүмкін, - деді Шолпан Каринова.

Вице-премьер Павлодар облысы өзге өңірлерге үлгі болуы тиістігін, бастауыш мектеп оқушыларына тегін тамақ беру бастамасын еліміздің барлық облысында жүзеге асыру керек екенін атап өтті.

- Павлодар облысы білім сапасы жағынан республика бойынша бірінші орында тұр. Бұл - ұстаздар еңбегінің жемісі және жергілікті биліктің қолдауының нәтижесі деп білемін. Білім жүйесіне өзгерістер енгізу - заман талабы. Ендігі мақсат – ата-аналар арасында саладағы жаңашылдықтарға байланысты көбірек түсіндіру жұмыстарын жүргізуіміз қажет. Дамыған 30 елдің қатарына енуіміз үшін білім беру жүйесіне қосымша өзгерістердің енгізілуі - заңдылық. Міне, осыны көпшілікке түсіндіре білу – ортақ міндетіміз. Осы бағытта жұмыс істейік, - деп түйіндеді Бердібек Сапарбаев.

«Мемлекетке масыл болмау керек»

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев бастаған делегация өңірдегі қоғам мүшелерімен кездесті. «Қоғамдық келісім» мекемесінде өткен ауқымды жиын барысында вице-премьер әлеуметтік салада атқарылатын жұмыстарды баяндап, тұрғындардың сауалына жауап берді.

Кездесуде Бердібек Мәшбекұлы халықтың тұрмыс жағдайы мен әл-ауқатын жақсарту мәселесі ерекше назарда екенін атап өтті. Оның сөзінше, әлеуметтік салада ауқымды жұмыс атқарылуда. Өткен он айдың ішінде қазақстандықтарға атаулы әлеуметтік көмекті төлеу үшін 206 млрд. теңге қаржы бөлінген. Мұндай қолдауға 2 миллион 200 адам ие болды.

- ҚР Президенті халық үніне құлақ асатын мемлекет құру жөнінде тапсырма берген болатын. Бұл ретте қоғамдық кеңестердің рөлін күшейтудің маңызы зор. Кез келген мемлекет үшін білім беру саласының маңызы зор. Қазіргі уақытта «Педагог мәртебесі» туралы заңның жобасы Парламент қарауында жатыр. Құжатқа сәйкес, мұғалімдердің беделін арттыру, құқығын қорғау, материалдық жағдайына мән беру қажет. Сонымен қатар, білім беру жүйесін дамытудың 2025 жылдарға арналған бағдарламасы әзірленуде. Бұл ретте талантты балаларға ерекше мән беріп, қолдауымыз қажет. Қазіргі уақытта Тұңғыш Президент қорымен бірге «Ел үміті» деген жобаны құрастырдық. Алғаш рет Ақтөбе облысында бастау алды. Алдағы уақытта Алматы қаласында жалғасатын болады. Жоба аясында дарынды 1000 баланы тауып, оларды елге таныту, жоғары оқу орындарына грант беру мақсат етілуде. Жастарды нарықтағы сұранысқа ие салалар бойынша оқытуымыз қажет. Оларға халықаралық стандартқа сай білім беріп, түлектеріміздің шет елдің ірі кәсіпорындарында жұмыс істеуіне жол ашуымыз керек. Сондықтан жоғары оқу орындары мен колледждерде оңтайландыру жұмыстары жүргізілетін болады, - дейді Б.Сапарбаев.

Вице-премьер денсаулық саласына да ерекше тоқталды. Оның сөзінше, халықты дәрі-дәрмекпен қамту мәселесіне ерекше назар аудару қажет. Еліміз бойынша дәрі-дәрмектің 7800 ассортименті бар. Оның 50 пайызының бағасы мемлекет тарапынан бақыланады. Жауапты сала мамандары бұл жағдайды назарда ұстауы керек. Бұдан бөлек, материалдық-техникалық базаны нығайту мәселесіне де көңіл бөлінуде. Бұл ретте Мемлекет басшысының бастамасымен алдағы 3 жылда еліміздің барлық елді мекендерін емдеу мекемелерімен қамту бойынша тапсырма берілді. Ал қалалардағы емханаларға жөндеу жұмыстары жүргізіледі.

Бердібек Мәшбекұлы алдағы жылы елімізде бірқатар мәдени іс-шара жүзеге асырылатынын атап өтті. Бұл ретте Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы, Әл-Фарабидің 1150 жылдығы, Ұлы Жеңістің 75 жылдығы, Алтын Орданың 750 жылдығын жоғары деңгейде өткізудің маңызы зор. Сонымен қатар, вице-премьер аймағымызда жүзеге асырылып жатқан «Nurly Ertis» бағдарламасына оң бағасын берді. Аталмыш жоба шеңберінде Павлодар облысына Нұр-Cұлтаннан 2 мың адам қоныс аударып, жұмыспен қамтылған. Бұл бағдарламаны өзге өңірлерге де енгізу мәселесі қарастырылуда. Бердібек Сапарбаев атаулы әлеуметтік көмек мұқтаж адамдарға берілуі керектігін атап өтті. Мұндай қолдау масылдыққа әкелмеуі тиіс.

Жиын соңында қатысушылар көкейдегі сұрақтарын жолдады. Бұл ретте тұрғындар жетімдерді баспанамен қамту, дәрігерлер тапшылығы, радиациондық қауіпсіздік мәселелері бойынша сауал қойып, тұшымды жауап алды.

Б.Сапарбаев бұған қоса кеше облыс ардагерлерімен және жастар активімен кездесу өткізді. Сондай-ақ Ақсу қаласына барып, бірқатар нысанда болды. Ол жайында толығырақ газетіміздің алдағы сейсенбілік нөмірінен оқыңыздар.

 

Нұржайна ШОДЫР, Айдана ҚУАНЫШЕВА.

saryarka-samaly.kz