Сенбі сайын өтетін дәстүрлі ауылшаруашылық жәрмеңкесінде ет пен ет өнімдері, сүт пен сүт өнімдері, көкөніс пен балдың түр-түрі сөрелерге қойылды. Облыс әкімі Болат Бақауов сауда барысын аралап көріп, әкімдік өкілдеріне бірқатар ескерту жасады. Атап айтқанда, сүттің небары екі орында сатылатынын, соның салдарынан тұтынушылар сағаттап кезекте тұратынын сынға алып, тиісті тапсырмалар берді.

Облыс әкімінің ауыл шаруашы-лығы жөніндегі орынбасары Алмас Батановтың айтуынша, жәрмеңкедегі өнімдер бағасы қаладағы өзге дүкен-дермен салыстырғанда 30 пайызға төмен.

- Жәрмеңкеде ауылшаруашылық өнімдері делдалдарсыз сатылады. Сондықтан баға да анағұрлым арзан. Бұл ретте тұрғындардың өтініш-тілектерін ескеріп, бүгіннен бастап етті де сатылымға шығардық. Қой етінің келісін 1200 теңгеден, сиыр етінің келісін 1400 теңгеден бастап сатып алуға болады, - дейді А.Батанов.

Павлодар қаласының тұрғыны Шолпан Ахметова ет бағасының қолжетімді екенін айтты.

- Мен сенбілік жәрмеңкені қалт жібермеуге тырысамын. Бүгін сөрелерде қой, сиыр, жылқы етінің қойылғанын көріп, қуанып қалдым. Әдетте базардан келісін кем дегенде 2 мың теңгеге алатын едім, бүгін 1400-1600 теңгеден сатып алдым. Бұл - тұрғындарға, әсіресе зейнеткерлерге әжептеуір жеңілдік, - дейді Ш.Ахметова.

Қараша айының үшінші жексенбісі - ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің күні. Осы мерекеге орай, 16 қарашада өтетін жәрмеңкеге барлық ауданның шаруалары қатысады. Сондықтан азық-түліктің мол көлемін арзан бағамен сатып алуға асығыңыздар!

 

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА

saryarka-samaly.kz