Әлеуметтік көмек өзгереді

Осы жылдың сәуір айында атаулы әлеуметтік көмек төлеудің жаңа форматы енгізілген соң кей тұрғындар түрлі қитұрқы әрекетке барып, төлемақыны негізсіз алып келгені жасырын емес. Олардың қатарында коттеджде тұратын, бірнеше көлігі бар қазақстандықтар да бар. Осындай заңсыздыққа жол бермеу әрі шын мәнінде көмекке мұқтаж жандарға қолдау көрсету мақсатында келесі жылдан бастап атаулы әлеуметтік көмектің жүйесі өзгереді. Бұл ретте көпбалалы отбасылардың назардан тыс қалмайтынын баса айтқан жөн.

ҚР Премьер-Министірінің орынбасары Бердібек Сапарбаев, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов және облыс әкімі Болат Бақауов Ақсу қаласындағы «Ортопрот» оңалту орталығының және Евгеньевка ауылындағы дәрігерлік амбулаторияның жұмыс барысымен танысты. «Ортопрот» орталығы тірек-қимыл қозғалысы аппараты бұзылған және жүйке жүйесінде ауытқулары бар балаларға жан-жақты көмек көрсетеді. Осы жылдың қаңтар айында іске кіріскен орталықтың ауыз толтырып айтарлықтай нәтижелері бар. «Ортопрот» ЖШС директоры Айгүл Хамиеваның айтуынша, бұған дейін өздігінен жүре алмаған 15 бала бүгінде аяққа тұрып келеді. Бердібек Мәшбекұлы бұл бағыттағы жұмысты әрі қарай да жүйелі жүргізудің маңыздылығын атап өтті.

Кейін Үкімет мүшелері Евгеньевка ауылының мәдениет үйінде жергілікті тұрғындармен жүздесіп, алдағы уақытта орын алатын өзгерістерді егжей-тегжейлі түсіндірді. Атап айтқанда, атаулы әлеуметтік көмек пен көпбалалы отбасыларға жасалатын жағдайды тізбектеп берді.

- Елімізде атаулы әлеуметтік көмек 2002 жылдан бері төленіп келеді. Биыл оның форматы өзгерген соң жәрдемақыны алушылар қатары күрт көбейді. Айталық, сәуір айында республика бойынша 440 мың отбасыға аталмыш төлемақы тағайындалды. Олардың қатарында павлодарлық 11 мың отбасы бар. Өкінішке қарай, еліміздегі 74 мың отбасының табысын жасырып, негізсіз ақы алып келгені анықталды. Тисті талдамалар жүргізіп, нәтижесінде атаулы әлеуметтік көмек алатындар қатары 310 мың отбасыға, Павлодарда 6700 отбасыға дейін қысқарды. Жаңа жылдан соң бұл көрсеткіштер өзгеруі мүмкін, - дейді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов.

Себебі келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап атаулы әлеуметтік көмек тағайындауда өзгерістер орын алмақ. Біріншіден, көмектің бұл түрі тоқсан сайын белгіленеді. Яғни, тұрғын әр үш ай сайын табысы туралы анықтаманы тиісті мекемелерге ұсынуы тиіс. Екіншіден, айлық табыс отбасының әр адамына шаққанда 20789 теңгеден төмен болса, қосымша ақы төленеді. Айталық, үйге келетін кіріс әр жанға бөлгенде 5 мың теңгені құраса, мемлекет тарапынан әрқай-сысына 15789 теңге төленеді. Сөйтіп, атаулы әлеуметтік көмек арқылы әр адамға бөлінетін табыс күнкөріс деңгейіне, яғни 20789 теңгеге теңестіріледі. Үшіншіден, еңбекке жарамды, бірақ жұмыссыз отбасы мүшесі мемлекет ұсынған қызмет орнынан бас тартса, атаулы әлеуметтік көмек отбасының барлық өкілінен алынып тасталады. Яғни, бәрі бірдей қаржыдан қағылады.

- Сараптап қарасақ, елімізде атаулы әлеуметтік көмек алатындардың 62 пайызы – көпбалалы отбасылар. Сондықтан оларға қаржылай қолдаудың бұл түрінен бөлек, балаларға кепілдендірілген әлеуметтік көмек көрсетіледі. Атап айтқанда, тамақ, жолақы, мектепке қажет киім-кешек пен оқу құралдары тегін болады. Бүгінгі күні отбасылар бұл мақсатқа шамамен 5-12 мың теңге жұмсайды. Жаңа жылдан бастап аталмыш шығындарды мемлекет өз мойнына алады. Бірақ, қаржылай емес, сертификат түрінде беріледі, - деді Б.Нұрымбетов.

Ал вице-премьер Бердібек Сапарбаев денсаулық, білім, мәдениет және спорт салалары қызметкерлеріне жасалатын жағдайларды атап өтті. Кездесу барысында жиналғандар Үкімет мүшелеріне тікелей сауалдарын қойды. Мәселен, Ақсу қалалық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Андрей Горохов «Педагог мәртебесі туралы» заң жобасында спорт мектептеріндегі оқытушы-жаттықтырушылардың ескерусіз қалғанын алға тартты. Бердібек Мәшбекұлы бұл мәселе алдағы уақытта назарға алынатынын айтты. Жиын соңында Үкімет мүшелері Павлодар өңіріндегі әлеуметтік салаға оң баға берді.

 

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА

Суретті түсірген – Вал.Бугаев.


Ынталы жасқа - елеулі қолдау

Қазақстанның вице-премьері Бердібек Сапарбаев павлодарлық жастармен кездесті. Жиын барысында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары биылғы Жастар жылына орай қолға алынған жобалардың барлығы келер жылы жалғасын табатынын айтты.

Жастар бастамаларын дамыту орталығына ат басын бұрған ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Марат Әзілханов және Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов өңірдегі белсенді және кәсіпкер жастармен кездесіп, олардың сұрақтарына жауап берді. Осы орайда вице-премьер бүгінгі күні жастардың бірінші кезекте бәсекеге қабілетті болуы керектігін, ол үшін біліммен қарулану қажет екендігін атап өтті.

- Сіздердің бірінші міндеттеріңіз – сапалы білім алып, өздеріңіздің мүмкіндіктеріңізді мүлт жібермеу. Үкіметтің міндеті – жастарға жағдай жасау. Олай болса, біз барынша қолдап, қолпаштап келеміз деп ойлаймын. Келер жылы біз Жастар жылына орай қолға алған жобалардың барлығын жалғастыратын боламыз. Сонымен бірге, жаңа жобалармен де жұмыс істейміз. Егер, сіздердің идеяларыңыз болса, оларды қарастыруға әзірміз. Өз ісін ашқысы келетін әрбір адамға барынша қолдау көрсетіледі. Жалпы, павлодарлық жастардың жеке кәсіп ашуда белсенділігі мені қуантып отыр. Мәселен, осы өңірде іске асырылып жатқан «Жас шебер» жобасы. Мұнда әр ауылдық округте өз жобасын іске асыруға дайын 15 жас азамат іріктеліп алынған екен. Осы жұмыстың нәтижесінде 2019 жылы Павлодарда 600-ге жуық жас өз кәсібін ашыпты. Бұл тамаша көрсеткіш емес пе? – деді Бердібек Сапарбаев.

Орталыққа жиналған жастар вице-премьерге көкейінде жүрген сауалдарын қоюға мүмкіндік алды. Мәселен, Ақсу ферроқорытпа зауы-тының қызметкері Александр Шутов жастар үшін жалдамалы тұрғын үйлердің тек Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында емес, Қазақстанның басқа да өңірлерінде де салынуын ұсынды.

- Ертіс-Баян өңірінде 65 мың еңбекші жас бар. Олардың көбінің пәтер сатып алуға мүмкіндігі жоқ. Бастапқы жарнасын салу үшін де ұзақ жылдар еңбек етуіне тура келеді. Өз таныстарымның арасында осындай достарым өте көп, - деді А.Шутов.

Еліміз үшін бас тақырыпқа айналған тұрғын үйге қатысты сауалға Б.Сапарбаев былайша жауап берді.

- Расымен де тұрғын үй қазіргі уақытта жастар үшін ең басты мәселеге айналып отыр. Бүгінгі таңда Үкімет жастардың пәтер сатып алуына жағдай тудыру жолдарын қарастыруда. Меніңше, жұмыс істейтін жастарға арналған тұрғын үйлер барлық облыс орталықтарында салыну керек. Болашақта Үкімет осы мәселеге орай тиісті шешім қабылдайды деп ойлаймын, - деді ол.

Бұдан бөлек, өңір жастары мемлекеттік бағдарламалар, білім беру реформалары және латын әліпбиіне қатысты сұрақтарын қойды. Сонымен қатар, белсенділер Қазақстанда ресми жастар болып саналатын 14-29 жастағы адамдар санатының жасын 14-44 жасқа дейін ұлғайтуды ұсынды.

Осы ретте ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Марат Әзілханов білім алып, өз кәсібін ашуға ниетті жастар үшін мемлекет жан-жақты қолдап отырғанын айтып, алдағы уақытта Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жаңа кәсіптердің атласын әзірлейтінін жеткізді.

- Жыл сайын бөлінетін мыңдаған грантты қазақстандық жастар жақсы жұмыс пен жайлы баспана алу үшін алады. Бізге тек бүгін ғана емес, ертең де жұмыс істеуге дайын адамдар қажет. Жастарды қолдауға арналған «Еңбек», «Жас кәсіпкер» бағдарламалары бар. Биыл 426 жас «Бастау» бағдарламасы бойынша грантқа ие болды. Менің ойымша, жұмыс істегісі келмейтін және оны іздемейтін адамдар үшін ғана жұмыс жоқ, - деді ол.

Сондай-ақ, елордалық меймандар павлодарлық жас кәсіпкерлердің бизнес жобаларымен танысып, оң бағасын берді.

 

Қарлығаш ХАШЫМҚЫЗЫ


Ем алады, демалады

Өңірімізге жұмыс сапарымен келген Үкімет мүшелері облыстық «Ардагерлер үйі» қарттар мен мүгедектерді оңалту орталығына барып, мекеменің жұмысымен танысты.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов Павлодар қаласындағы бірқатар нысандарды аралады. Соның бірі - 2012 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан облыстық «Ардагерлер үйі». Қарттар мен мүгедектерді оңалту орталығының директоры Мархаба Қаратаеваның айтуынша, мекеме қазіргі уақытта екі бөлім бойынша демалушыларға әлеуметтік қызметтің 7 түрін көрсетеді.

- Бірінші бөлім бойынша келетін адамдар, 12 күн бойы осында келіп демалып, арнаулы ем-шаралар қабылдайтын болса, екінші бөлімдегілер 1 және 2 топтағы мүгедек адамдар - күндізгі стационар бойынша ем алатындар. Қазір бірінші бөлімде 80 адам емделіп жатса, екінші бөлімде 40 адам тұрақты келіп тұрады. Қарттарымыз көбінесе магниттік емдер, лазер, парафин, дарзенваль, электрофорез, массаж, бассейн тәрізді заманауи ем-шара түріне жүгінеді, - дейді М.Қаратаева.

Мекемені аралап көріп, ем алушылармен жекелей тілдескен министр Біржан Нұрымбетов 2008 жылдан бастап қабылданған арнайы әлеуметтік қызмет жобасы аясында жасалып жатқан шаралардың легімен танысты. Министр, Қазақстан бойынша арнайы әлеуметтік көмек көрсететін 700-ден аса мекеме барын, олар 121 мыңнан астам адамға қызмет көрсететінін айта келе, үкіметтік емес ұйымдардың қатарында Павлодар облысының көш бастап тұрғанын тілге тиек етті.

- Қамқорлыққа мұқтаж жандарға арнайы-әлеуметтік қызметтің 8 түрі көрсетіледі. Бұл - біздің қарттарымызға, мүмкіндігі шектеулі жандарға, өмірлік қиын жағдайға тап болған адамдарға көмек беретін бірегей орталық. Осы шараға біз үкіметтік емес ұйымдарды да тартамыз. Қазақстан бойынша 177 үкіметтік емес ұйым бар. Павлодар облысы - ол жағынан үздікаймақтардың бірі. 20 үкіметтік емес ұйым Ертіс-Баян өңірінде жұмыс істейді. Ұйымдарға жыл сайын тек қана республикалық бюджеттен жалпы көлемі 1,5 миллиард теңгеге дейін мемлекеттік тапсырыс береміз. Жергілікті бюджетпен қоса есептегенде 50 миллиард теңгеге дейін қаржы бөлінеді. Сондықтан бұл жұмыс өте қажет, - деді министр.

 

Қ.МҮСӘЙІП.

saryarka-samaly.kz