Ақша айналымының болуы сол елдің әлеуметтік-экономикалық және саяси дамуының белгісі болып саналады. 1991 жылы Қазақстан тәуелсіздігін алған соң жасалған маңызды қадам төл теңгені шығару еді. Бұл сәт 1993 жылдың 15 қарашасымен тұспа-тұс келді.

Жалпы, ұлттық валюта шығару жұмыстары құпия түрде жүргізілді. Дизайндық топ шығармашылық іспен жасырын түрде айналысты. Өз ісінің шеберлері - Меңдібай Әлин, Тимур Сүлейменов, Ағымсалы Дүзелханов, Хайролла Ғабжәлелов банкноттар мен тиындар дизайнының төрт түрлі нұсқасын жасады. Ұзақ талқылаудан кейін тәуелсіз қазақ елінің қалыптасуына көп еңбегі сіңген, елімізге белгілі тарихи тұлғалардың бейнелері суреттелген нұсқаға тоқталды. Сөйтіп, төл валютамызда Сүйінбай Аронұлы, әл-Фараби, Абай Құнанбаев, Шоқан Уәлиханов сынды тұлғалардың бейнелері пайда болды.

Теңгенің алғашқы кескіндемелері Олжас Сүлейменовтің саяжайында қағазға түсті. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Қазақстан жолы» еңбегінде теңге операциясын былай еске алады: «Мен күн сайын кешке қарай біздің топ жұмыс істеп жатқан қала сыртындағы саяжайға келемін. Ақшаның қалай аталуы жөнінде бізде үлкен айтыс болды. Оларды «сом», «ақша» немесе «теңге» деп атау ұсынылды. Менің өзіме «алтын» атауы ұнады. Ақыр-аяғында, орта ғасырлық тарихтан, Қыпшақ даласының жерлерінде айналымда болған «тәңгә» деген құйма ақшадан шыққан «теңгеге» тоқтадық. Шынында да «деньги», «теңге» сөздерінің түп-төркіндері бір еді».

Теңге дайындау ісіне мықтап кіріскенмен, Қазақстанда оны шығаратын фабрика болған жоқ. Сондықтан бұл жауапты іс Ұлыбританиядағы «Харрисон және оның балалары» фабрикасына сеніп тапсырылды. Осы арқылы аталмыш компанияның да әлемдік беделі арта түсті. Оған дәлел - теңгені шығарған соң «Харрисон және оның балалары» фабрикасының Ұлыбритания патшайымының «Алтын белгісімен» марапатталып, біздің ұлттық валюта Британия корольдігінің ең үздік экспорттық өнімі аталды. Сөйтіп, теңге бір апта аралығында Лондон мен Алматы арасына 18 рет қатынаған төрт ИЛ-76 ұшағымен елге жеткізілді.

ҚР Президентінің «Қазақстан Респуб-ликасының ұлттық валютасын енгізу туралы» 1993 жылғы 12 қарашада шыққан Жарлығымен төл теңге бүкіл Қазақстанға тарады. Сол айдың 15-20 күндері аралығында тұрғындар сомды теңгеге ауыстырып, Қазақ халқы тұңғыш рет төл теңгені қолға алды. Деректерге сүйенсек, осы күндер аралығында ақша тапсыруға 362 мың тұрғын келіп, 19,6 миллиард ескі рубль тапсырған. Нәтижесінде 770 қапқа салынған 20 тонна рубль отқа жағылған.

Сол кезді Павлодар қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кенже Кеңесбаев былай еске алды:

- Мен кеңестік кезең тұсында бірқатар шет мемлекетте болдым. Олардың төл валютасын көріп, қызығып қарайтынмын. Ал 1993 жылдың қараша айында Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев теледидар арқылы өз теңгемізді көрсетіп, жалпақ жұртқа жария салды. Сол кезде бойымда қуаныш әрі мақтаныш сезімі кернегені есімде. Себебі, ұлттық валюта – тәуелсіздіктің нышаны әрі тірегі. Сол тұста мен мемлекеттік қызметте жұмыс істегендіктен, бірден банкке барып, рубльді теңгеге ауыстырар мүмкіндік болмады. Араға бірнеше күн салып қана уақыт тауып, қолыма алғаш рет Сүйінбай, Құрманғазы, Абай мен Шоқан бабаларымыз бейнеленген ақшаны алдым. Кейін заман талабына сәйкес банкноттардың бейнесі өзгеріп, кейбір қағаз түрі монетаға ауысты. Уақыт өте келе сапасы да жақсарып, қорғаныш қасиеттері күшейіп келеді. Алдағы уақытта да теңгеміз тұғырдан түспесе екен деймін.

Заман ағымына сай теңгенің дизайны өзгеріп, қорғаныштық қасиеті дами түсті. 2010 жылы Қазақстанның ЕҚЫҰ төрағалық етуіне арналған 1000 теңгелік, «Азиада 2011» Жетінші қысқы Азиада ойындарына арналған 2000 теңгелік, 2011 жылғы 25 мамырдан бастап Ислам Конференциясын Ұйымдастыруға Қазақстанның төрағалық етуіне арналған 1000 теңгелік, 2011 жылы ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай 10000 теңгелік және тағы басқа банкноттар айналымға енгізілді. Сонымен қатар, әр жылдары 5 және 10 мың теңгелік купюралар қорғаныштық деңгейі бойынша әлемдегі үздік банкнот деп танылды.

Қорыта айтқанда, теңге – Тәуел-сіздігіміздің нышаны. Ол біздің саяси әрі географиялық қана емес, валюталық тұрғыдан да ешкімге тәуелсіз екенімізді айғақтайды. 26 жыл аралығында теңге нығайып, әлемдік нарықтан өз орнын алды. Алдағы уақытта да солай боларына еш күмән жоқ.

 

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА

saryarka-samaly.kz